Home » Жаңалықтар » Оралдықтар Мұхамеджан Тазабековпен кездесті

Оралдықтар Мұхамеджан Тазабековпен кездесті

Өткен аптада Орал қаласында тыңдаушының рухани жан-дүниесін байытып, рухын жаныған әсерлі кездесу өтті. Бұл кештің қонағы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры, ақын, теолог Мұхамеджан Тазабек еді.
Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен « Даму» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған кездесулер Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өтті.
Ақ Жайыққа арнайы шақыртумен келген Мұхамеджан Тазабек көпшілікке бастапқыда айтыскер ақын ретінде танылғаны белгілі. Бүгінде жауһар жырларынан бөлек тәрбие тұнған сөздерімен де тыңдарманын баураған ақынның әлеуметтік желідегі жазбалары мен бейнекөрсетілімдерін жастар көп тыңдайтынын білеміз. Бұл жолы «М.Тазабек Оралға келеді екен» деген хабарды естіген оралдықтар кездесу өтетін жерге асыққаны аян. Әңгімесін өзінің балалық кезі, туған жері, жастық шағы туралы естеліктермен бастаған кеш қонағы адам өмірінде отбасындағы тәрбие, алтын бесік – ауылдағы ұлттық құндылықтар маңызды орын алатынын айтты. Сонымен қатар ұл мен қыз тәрбиесі, бауырлардың бір-біріне қамқорлығы, жанұядағы ер мен әйелдің рөлі, әке мен баланың қарым-қатынасы, жастар мәселесі, имандылық, білім мен білік, жастарға қамқорлық жайында тұшымды әңгімелер айтылды.
«Адамның адам болуы – көп кітап оқығаннан емес, көрген-түйгенінің молдығынан» деген Мұхамеджан Оразбайұлы сөз арасында тәлім-тәрбие тұнған мысалдар да келтірді.
«Ақпарат ағыны» тақырыбында өткен кездесуде кеш қонағы бұл мәселені де айналып өтпеді. – Шын мәнінде, біз ақпарат адамзатқа билік жасаған кезеңде өмір сүрудеміз. Қазіргі уақытта ақпарат адамдарды билеп-төстеуде. Ол – тасымалданып жүретін дүние. Бұрын қазақ ақпаратты жеткізуге кірпияздықпен, бекзаттықпен қарайтын. Қазіргі кезде интернет деген дүние біздің өмірімізге дендеп кіргені сондай, біз сонымен оянып, сонымен ұйықтаймыз. Біздің айтып жүргеніміз – жүрегімізден шыққан сөз емес, біреуден естіп алып, миымызда толық қорытылмаған ақпараттар. Адамдар ақпараттың көптігінен шаршай бастады, қайсысына сенерін білмейді, – деп, бүгінгі заманның шындығына тоқталды.
Жүздесу барысында оралдық тыңдармандар тәрбиеге қатысты жақсы ойларға қанықты. Бес баланың әкесі М.Тазабеков ата-аналарға да қажетті кеңестерімен бөлісті. Балаға «жоқ» деп айтуды үйрену, шамадан тыс өбектемеу, әкенің мәртебесін көтеру сынды отбасында сақталуға тиісті қағидаларға назар аударды.
Өмірден түйгені мол ақын, теолог маманның ойынша, бүгінде адамдар мейірімге зәру. Сол себепті отбасында бір нәрсені бүлдіріп қойған баланың өзінен мейірімімізді аямауымыз керек. – Балаға қандай жағдайда да мейіріміңді төгіп, батаңды бер. Себебі, ұл-қызы қандай болса да, ең бірінші жанашыры – әке-шешесі. Біздің өміріміз бүгінде неге қиындап кетті? Оның бәрі әлеуметтік жағдайдың төмендігінен, биліктің әділетсіздігінен, дүниенің төңкеріліп кеткенінен деп ойлайсыз ба? Жоқ. Бұған дейін де талай қайғы-қасірет басымыздан өткен. Бірақ махаббат пен мейірім болса, бір-бірімізге деген бауырлық жанашырлық болса, аналарымызда – кеңдік, әжелерімізде – даналық болса, өмір гүл жайнап шыға келеді, – деді Мұхамеджан Оразбайұлы.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY»,
БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.