Home » Балабақша » Бала жанының бағбаны

Бала жанының бағбаны

«Білім айнасы» газетінің бас редакторы Қуантай Амантайұлымен  қыркүйек айының 18-інде Нұр-Сұлтан қаласындағы №39 «Меруерт» балабақшасында қонақта болдық. Сапар барысында балабақша жұмысымен танысып, ондағы  І санаттағы тәрбиеші Бекенова Маржан Кәкенқызымен сұхбаттасып қайттық.

Ақмола педагогикалық колледжінде «тәрбиеші» мамандығын тәмамдаған Бекенова Маржан Кәкенқызы, еңбек жолын 2002 жылы №40 мектептің даярлық сыныбында еңбек бастаған ұстаз, бүгінде білім саласында бел жазбай еңбек етіп келе жатқанына 17 жыл болды. «Меруерт» балабақшасында қызмет істеп жүргеніне бес жылға жуықтады.

— Тәрбиешілік жұмыстың қай тұсына қызықтыңыз және осы салаға келуіңізге не түрткі болды?

— Негізі үлкен жеңгем педагог болатын. Менің де осы жолды таңдауыма сол кісінің және орыс тілінен сабақ беретін Сәуле Сахановна апайымның ықпалы зор болды деп ойлаймын. Маған баламен жұмыс істеген ұнайды.

— Баламен жұмыс жасаған ауыр емес пе?

— Әлбетте, кез келген жұмыстың қызығушылығы мен қиындығы қатар жүретіні сияқты, баламен жүргізілетін жұмыстың өз ауыртпашылықтары жоқ емес. Алайда, осы салада істеймін деп бел буғаннан кейін қызметіңнің ыстығы мен суығына қатар төзе білу керек деп есептеймін.

— Баламен жұмыс істеу үшін ең алдымен тәрбиешінің бойында нендей қасиет  болу керек.

— Әуелі балаға жылы қабақ танытып, өзіңе үйіре алуың керек. Баланы алдай алмайсың.  Бала кішкентай, олар ештеңе түсінбейді деу жаңсақ пікір. Сәби болса да, олар кімнің жақсы кімнің жаман екенін ажырата алатын дәрежеде.

— Енбек өтіліңіз 17 жыл деп қалдыңыз, сол еңбек жолыңызды бастаған кезеңдегі бала мен бүгінгі күнгі баланың бойында айырмашылық байқала ма?

— Айырмашылық көп емес, бірақ баршылық. Әуелгі кездегі балалардың айтылған нәрсені қабылдауы тез, алғыр болатын еді, бірақ сәл жасқаншақтау, ал бүгінгі балалардың қабылдауы бір деңгейде емес. Яғни әр баламен жеке жұмыс жасау керек. Бір қуантарлығы бүгінгінің балалары ойын ашық жеткізе алады әрі, жасқанбайды.

— Шыныңызды айтыңызшы ара тұра мына балалар еркелігінен шаршаған кезде осы жолды неге таңдадым екен деген өкініш болмай ма?

— Ара-тұра ондай ойлар болады, жасырмаймын. Бірақ, қанша жылдан бері балалармен жұмыс жасап үйреніп қалғаннан ерекше бауыр басып қаламыз. Өзім екі бала тәрбиелеп отырған анамын. Осы жердегі бөбектерді де, өз баламнан кем көріп немесе бөле-жара қараған емеспін. Неге десеңіз, менің ойымша ана болудан қараған да, тәрбиеші болудың жауапкершілі ауыр деп есептеймін. Көп ата ананың бізге артқан сенімін ақтап, жұмысымызға асқан ыждаһаттылықпен қараймыз.

— Сөз соңында Антон Кольцовтың «Ішіңдегі сәби жүректі сақта» деген тәмсілі бар. Рас, біздің қым-қуыт қоғамда сәби жүректерін сақтаған бірден-бір маман иелері болса, ол осы балабақша тәрбиешілері деп айтуға болады. Сұхбат барысында баламен жұмыстың адамға әсер ететініне, маман иелерінің жұмсақ жүрек, аңғал көңілдеріне куә болып қайттық.

АРНАБЕК Нұрбол,

«Bilimainasy» газеті

Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.