Home » Жаңалықтар » Ұстаздар тәжірибесі насихатталды

Ұстаздар тәжірибесі насихатталды

2019 жылдың 26 маусымы  күні  «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» базасында «Білім беру процесін психологиялық-педагогикалық  қолдау» кафедрасының аға оқытушысы  Қылышбекова Нұрсәуле Ұқанбайқызы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда «Сатылай кешенді талдау» технологиясын пайдалану жолдары» тақырыбында Талғар, Сарқан, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай аудандары мен Талдықорған, Есік қалаларындағы орта мектеп, гимназиялардан 30-дан аса мұғалім қатысқан облыстық педагогикалық шеберлік сыныбын  өткізді.

Облыстық шеберлік сыныбының  мақсаты  –  «Сатылай кешенді талдау» технологиясы бойынша педагогтердің педагогикалық шеберлігін шыңдау. Шеберлік сыныбының міндеттері:

  • Сатылай кешенді талдау жүргізу шеберлігі бойынша озық тәжірибені көрсету;
  • педагогикалық тәжірибеде жаңа формалар мен әдістерді қолдану бойынша мұғалімдердің тәжірибе алмасуын ұйымдастыру.

Іс-шараны «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы АОПҚБАИ  «Оқу жұмысы және мониторинг қызметі»  бөлімінің басшысы А.Сариев ашып, заманауи білім беру – жаңашыл тұлға қалыптастырудың негізі екендігіне, педагог-ғалым Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясы адамның тұлғалық дамуының көптеген сипаттарын айқындайтын, оның кәсіби  тұрғыда бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуметтік ұтқырлығының қалыптасу деңгейін     көрсететіндігіне тоқталып өтті.Аға оқытушы Н.Қылышбекова іс-шараның мақсат-міндеттерімен таныстыра келе, Алматы облысының әр түкпірінен келген мұғалімдердің шығармашылық қызметтеріне сәттілік тіледі.

Шеберлік сыныбы жұмысы аясында қатысушы мұғалімдер іс-шараның бағдарламасына сәйкес өз тәжірибелерін көрсетіп, тақырып бойынша дайындаған жұмыстарының презентациясымен таныстырды, талдау үлгілерін көрсетіп, тәжірибе алмасты.

Облыстық іс-шараны   қорытындылай келе,  Н.Қылышбекова іс-шараға қатысып, белсенділік танытқан мұғалімдерге құрмет грамоталарын   табыс етті.

 

 Бигазинова К.А.
«Өрлеу» БАҰО АҚФ
Алматы облысы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.