Home » Жаңалықтар » Білімнің биігіне бағыт берген басқосу

Білімнің биігіне бағыт берген басқосу

Қазан айының 11-жұлдызында Нұр-Сұлтан қаласындағы №59 мектеп-лицейде «Білім берудегі инновациялар: ізденіс және шешімдер» VI халықаралықғылыми-практикалық конференциясы өтті. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Каринова Шолпан Танатқызы мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жылбаев Жанбол Октябрұлының құттықтау сөздерімен конференцияның пленарлық отырысының шымылдығын түрді. Ал, пленарлық отырыстың алғашқы баяндамасын оқу Беларусь Республикасы, Минск қаласынан келген Инклюзивті білім беру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, доцент Хитрюк Вера Валерьевнаға бұйырды. «Педагогтарды инклюзивті білім беруге дайындау мазмұнын дамыту» деген тақырыптағы баяндамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Келесі болып, «Оқу жетістіктерін бағалаудың инновациялық тәсілдері» деген тақырыпта Нұр-Сұлтан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті, тарих ғылымдарының кадитаты Мухамедханова Алмагүл Кенесхановна өз баяндамасын қорғады. Кейін Ресей Федерациясының Челябинск қаласынан келген, Оңтүстік-Урал мемлекеттік университеті қосымша білім беру институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Волошина Ирина Анатольевнаның «ОУМУ, Қосымша білім беру институтында үздіксіз білім беру жүйесі» атты баяндамасымен жалғасын тапты. Өзінің «15 жастағы оқушылардың көзқарасындағы мектептің инновациялық моделі» атты қызықты тақырыбымен қаламыздағы №22 мектеп-гимназияның биология пәні мұғалімі Сартаева Бибигуль Кенесовна қатысушылардың қызығушылығын оятты.
Білімнің сапалы болуын жоғарғы оқуы орындарынан бастау керек екенін сөз еткен, Марий Эл Республикасы, Йошкар-Ола қаласынан келген Пылин Владислав Владимирович те көрермен көзайымына айналды. Білім сапасын мониторингілеу ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты Владислав Владимирович «Бакалаврлардың оқу жетістіктері сапасын бағалау бойынша тәуелсіз халықаралық салыстырмалы зерттеу туралы» атты тақырыпта баяндама жасаған еді. Арқалық, Қарағанды, Көкшетау қалаларынан келген қатсушылар да жоғарғы деңгейде өз жобаларын таныстыра білді. Қалимжанова Роза Лаиковна есімді Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы «ЖОО оқытушысы – жаңартылған білім беру мазмұнын сәтті енгізудің кепілі» атты тақырыпта сөз сөйлесе, Баярхуу Мира Байкеновна атты Қарағанды гуманитарлық колледжінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі «WORLDSKILLS – кәсіби шеберлікті қалыптастырудың негізі» деген ерекше баяндамасын оқыса, Ақмола облысы білім басқармасының «Облыстық оқу-әдістемелік кабинеті» КММ директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Кушпаева Гульнар Бүркітбайқызы «Білім беру ұйымдарын бір білім беру моделінен екіншісіне инновациялық ауыстырудың пелагогикалық шарттары» тақырыбымен залда жиылған көрермендерді қызықтыра түсті. Елордалық ұстаздардың бірі, «Білім – Инновация» халықаралық қоғамдық қоры тәрбие бөлімінің маманы Смақов Самат Халықұлы «Құндылықтар негізінде білім беру» тақырыбында баяндама жасап, ой салса, Нұр-Сұлтан қаласы Bilim Foundation қоғамдық қоры ғылыми-әдістемелік департаментінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Алиева Лаура Алиевна «Болашақ мектебінің тәрбие негізі ретіндегі өмірлік дағдылар» атты қызықты тақырыпта сөз сөйлеп, тыңдаушы қауымды баурап алды. Танымдық ақпараттарға толы тәжірибелік отырыстың соңы түскі асқа ұласып, кейін конференция панельдік сессиялар мен резолюция қабылдау, сертификат тапсыру сияқты салтанатты шаралармен мәресіне жетті. Балаға берер тәрбиенің тиімді жағынан бастап, білімнің сапасын арттыруға дейін сөз болған халықаралық конференция өз еліміздің ғана емес, өзге елдің мамандарымен тәжірибе алмасудың нағыз ортасына айнала білді. Балаларға бақытты балалық щақ сыйлаудың түрлі тәсілін талқыға салған шара болашақта оң нәтижесін берері сөзсіз.

Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«BILIM AINASY» газеті,
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.