Home » Жаңалықтар » БҚО-да 157 мектептің оқушылары қашықтан оқиды

БҚО-да 157 мектептің оқушылары қашықтан оқиды

Жалпыреспубликалық бірыңғай педагогикалық кеңес Батыс Қазақстан облысындағы мектептерде де ұйымдастырылуда. Осындай жиын тамыздың 19-ы күні дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінде өтті.

Аталған педагогикалық кеңестерде кезекті оқу жылындағы оқу процесін ұйымдастыру, штаттық режимде оқитындар үшін сақталуы тиіс санитарлық нормалар, балаларды қашықтан оқыту үшін таңдалған платформа, бағалау жүйесіндегі өзгерістер секілді мәселелер талқылануда.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, алдағы оқу жылында аймақтағы 380 мектепте 110 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде. – Биыл 1-сыныпқа 12 мыңнан астам оқушы қабылданады. Биылғы оқу жылы облыс мектептерінде қашықтықтан және штаттық режимде басталады. Орал қаласы мен облыс аудандарындағы білім бөлімдері мәлімдегендей, саладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 16 мыңның үстінде оқушы білім алатын 123 мектепте оқу үдерісі штаттық деңгейде басталады деп жоспарлануда. Облыс және аудан орталықтарындағы бала саны көп 157 мектепте оқыту қашықтан ұйымдастырылады. Оқу кабинеттерінде оқушылар арасындағы әлеуметтік қашықтық сақталады. Бір сыныптағы шәкірт саны 15-тен аспайды. Әр сыныптың үзіліс уақыттары әр түрлі болады, – деді Зәуре Базарғалиқызы.
Облыстағы қашықтықтан оқытатын білім ошақтарында ата-аналардың өтініштері негізінде бастауыш сыныптар үшін кезекші сыныптар ашылады. Білім басқармасы мамандары 2400-ден астам сыныптардағы 30 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы кезекші сыныптарға тартылады деп болжап отыр. Елдегі карантиндік жағдайға байланысты штаттық жағдайдағы мектептерде және кезекші сыныптарда санитарлық нормалар қатаң сақталады. Бұл мектептерге дезинфекциялық құралдар сатып алу да – басты назарда. Қашықтан оқитын балаларды компьютерлік құрылғылармен, интернетпен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Айталық, өткен оқу жылында облыс бойынша үнемделген қаражатқа 1400-ден астам, ал қалалық және аудандық білім бөлімдерімен 1900-ден астам компьютер сатып алынған. Бұған қоса 15 мыңға жуық компьютер алуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұлар компьтерлік құрылғыларға зәру балаларға, бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы, осал топтар санатындағы отбасылардың ұл-қыздарына уақытша пайдалануға берілетін болады. Оларға компьютерлерді үлестіру жұмыстары мектептердегі ата-аналар комитетімен, қамқоршылық кеңес өкілдерімен, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы қызметкерлерімен бірге жүргізіледі.
Сонымен қатар басқарма басшысының орынбасары мектеп оқушылары оқулықпен тегін қамтылатынын мәлімдеді. Ал биыл жаңа оқулықпен оқытылатын 11-сынып оқушылары үшін кітаптар сатып алуға қаржы толықтай бөлінген. Облыс мектептеріндегі 14 мыңға жуық педагогикалық қызметкердің 13 мыңнан астамы қашықтықтан оқыту жағдайындағы оқу процесін ұйымдастыруға байланысты курстардан өткен. Мектептердегі қашықтықтан оқыту жағдайындағы білім беру платформаларын ұжым болып бірлесе таңдауда. Ата-аналармен және оқушылармен кері байланыс ұйымдастыру да назардан тыс қалмайды. Тағы бір айта кетерлігі, карантиндік режимге байланысты мектептерде ыстық тамақ ұйымдастырылмайды. Дегенмен, балаларға үйден жеңіл ас-ауқат әкелуге рұқсат беріледі.
Мінекей, биылғы оқу жылында осындай өзгерістер орын алады. Педагогикалық кеңес ұйымдастырылған дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің директоры Аягөз Хамзина білім ордасында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары басталып кеткенін жеткізді.
– Биыл мектеп-интернатымызға 679 бала оқуға қабылданады деп күтудеміз. Бүгінгі кеңесте мұғалімдердің оқу жылына дайындығы, қашықтықтан оқыту жағдайындағы сабақтың өткізілу және дайындалу алгоритмдері, бағалау ерекшеліктері, интернет платформаны пайдаланудың қыр-сыры сөз болды. Сәкен мектебі «Bilim Media Group» компаниясының «Онлайн мектеп» платформасын таңдап отыр. Осы бағытта мұғалімдермен санитарлық талаптарға сай дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді мектеп басшысы Аягөз Орынбайқызы.
Аталған мектеп-интернат кешенінде бастауыш 3-4-сыныптарда ата-аналардың өтінішімен кезекші сыныптар ашу жоспарланған. Оған талапқа сәйкес дайындық шаралары жүргізілуде. Кезекші үш сыныпта 36 бала оқыса, қалған оқушылар қашықтықтан оқытылатын болады.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.