Home » Мақалалар » Жаңа айдан жақсылық

Жаңа айдан жақсылық

Сең жүредi көктемде астан-кестен,
Ақ атанның бауырын арқан кескен!- дегендей, күн жылып, Наурыз келді ағайын!
Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінде ерекше бір гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны жұмақтан шыққан қойлар бірінші болып сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды дейді. Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі.
Наурыз — Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Парсыша наурыз — бірінші айдың бірінші күні деген мағынаны білдіреді.
Бұл мерекеге  кеңес заманында тойлауға талай тыйым салынған. Арада бірнеше жылдар өткен соң, 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды.
Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, адамның аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғары мен аязынан  құтылып, жылы шыраймен Наурыз мерекесін күтетін болған. Халықтың ойында  Наурыз — жаңа өмір мен жаңа тыныс әкеледі деген сенім болған.  Береке мен ырыс несібеге толы наурыз мерекесін жұрт болып күткен.  Сондықтан да, наурыз — Тәуелсіз елімізде салтанатты түрде тойланатын болды. 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды.
Наурыз мейрамы аясында  барлық жерде  іс — шаралар аталып өтеді. Дәстүрге сай  наурыз көже дайындалып,  апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Еттің  сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны кемінде жеті, тоғыз болуы тиіс. Қазақта жеті, тоғыз сандары киелі. Сол себепті наурыз көже аса қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол — тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы іспетті. Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан, оны қазақтар «Самарқанның көк тасы еріген күн» — деп те атайды. Бұл күні бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді.
Сондай-ақ бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласып, қарыздар кешірліріп, ұрысқан адамдар бір — бірінен кешірім сұрап, бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады.
» Бұлақ көрсең көзін аш» деген мақал бекер айтылмаған. Бұл кездері жолы бітелген арықтардың жолын тазартады, үйінің алдын, жан-жағын тазартады. Тазалық — денсаулық кепілі! — деп, тазалықты әркім өзінен бастайды.  Наурызды жыл басы деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Наурызда жер иесі — Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген наным бар.
Бұл мейрамда ауыл — аймақ, елдің түкпір-түкпіріндң аламан бәйге  бәйге беріліп, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі секілді ұлттық ойындар, түрлі сайыстар ұйымдастырылады.
Осыған  орай, еліміздің түкпір-түкпірінде Наурыз мейрамын атап өту үшін,  мерекелік іс — шаралардың алды  басталып та кетті.
Атап өтетін болсақ, Орал қаласы №22 «Колобок» бөбекжайында Наурыз мерекесіне байланысты ауқымды іс-шара өтті.  Іс шара барысында жоғарыда аталған дәстүрге сай жөн жоралғылар жасалды. Бөбекжайдың барлық қызметкерлері етене ат салысып, өздерінің өнерлерін көрсетті. Бала үшін барын салатын ұстаздар қауымына алғыс білдіремін.
Есіктен кірген әз Наурыз төріміздің сәнін келтіріп, елімізге жақсылығын әкелсін.
Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Орал қаласы, №22 «Колобок» бөбекжайы
Бөбекжай меңгерушісі:
Қазима Қайбалиева

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.