Home » Мақалалар » Оқушы шығармашылығын дамыту — Жетістікке апаратын жол

Оқушы шығармашылығын дамыту — Жетістікке апаратын жол

«Әдебиет  — ардың ісі» деген тәмсіл бүгінде бәрімізге аян. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы өнерді беске бөліп, сөз өнерін бірінші орынға қоюы да бекер емес. Қазақ ежелден-ақ өнер десе, ішкен асын жерге қоятын халық.  Ендеше, жас ұрпақ тәрбиесінде ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу ісінде әдебиеттің орны ерекше екендігін айқындап жатудың өзі артық болар. Иә, дарынды, әдебиетті сүйетін, мектеп қабырғасында жүріп-ақ шағын әңгіме, өлең жазатын оқушыларымыз да баршылық. Ал, осындай жас дарындарға теориялық білім беру, олардың қаламын ұштау  — ұстаз міндеті. Кез келген жеңістің үлкен еңбекпен, тынымсыз дайындықпен келері хақ. Ал, шәкірт жетістікке жету үшін ұстаздың рөлі аса зор болмақ.

Мысалы, өлең жазуға бейімі бар жас дарынның әу дегеннен «бәйгеден келмесі» белгілі. Ол үшін ұстаз оған әдебиет теориясынан білім беруі тиіс. Хакім Абай айтқандай «айналасы теп-тегіс жұмыр келетін» өлең жазу үшін де үлкен ізденіс қажет. Ол үшін ең алдымен оқушыны өз жасына сай келетін көркем әдеби кітаптармен қамтамасыз еткен жөн. Сонымен қатар, сол кітаптар жайлы жиі пікірлесіп отыру да маңызды. Өйткені, қаламгер үшін ең басты керек дүние  — тіл байлығы. Оқушымен сөйлескен кезде оны бейнелі түрде сөйлеуге бағыттап отыру қажет. Сонан соң ғана теорияны оқушы санасына сіңірген жөн. Буын, бунақ, шумақ, ұйқас, оның түрлері, тағы да басқа көптеген теориялық әдіс-тәсілдер жас таланттың бағын аша түсері хақ.

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Абайдың осы бір шумақ өлеңінен-ақ поэзияға қойылатын сан түрлі талаптың бар екендігін анық бағамдауға болады.

Дегенмен де осы жерде ескере кететін бір нәрсе, осы теориялық білімді оқушы санасына сіңіру үшін де біраз уақыт қажет болатындығы, бірден көп ақпарат алу  — оқушының өлеңге деген қызығушылығын су сепкендей басуы бек мүмкін. Сонымен қатар оқушының жетістігін үнемі бағалап отыру да үлкен маңызға ие.

Көркемдік теориялық ұғымдар қазақ әдебиеті тіліндегі тәсілдердің барлығымен дерлік жасалып, ерекше көркемдік, бейнелік мәнге ие болғандығы белгілі. Көркемдік жасауда жоғары эстетикалық талғам, сонымен қатар көркем ой орамынан туған бейнелеуіш құралдардың алатын маңызы зор. Әдеби тіліміздің суреттеу тәсілдерін және көркемдегіш құралдарын, сөз байлығын, олардың қыр-сырын білу – сол әдеби тілде сауатты сөйлей де, жаза да білу  — қаламгерлер үшін басты қағида. Ал, осынау қағиданы жас талант санасына ұялату  — ұстаз парызы.

Дәуренбек БҰЛАНБАЕВ
Қарағанды қаласындағы
Ы.Алтынсарин атындағы
мектеп-лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.