Home » Балабақша » Мультипликациялық фильм негізінде денсаулықты сақтауға баулу

Мультипликациялық фильм негізінде денсаулықты сақтауға баулу

Әріптесім Жансая Құрманғалиқызы «Ойы мен ісі үйлескен тұлға» деп мақала арнаған Нұр-Сұлтан қаласындағы №46 «Самал» санаториялық балабақшасының меңгерушісі Балауса Төлеуғалиқызының басқалардан ерекшелігі неде?
Жоғары оқу орнын, магистратура мен аспирантураны  педагогика саласы бойынша бітірген нағыз педагогтың  ілімі мен білімін құрал етіп жетістікке жетуі санаға сыйымды.
Өз қалауымен таңдаған мамандықтан ләззат ала жұмыс жасау үлкен жетістіктерге жетелейді. Оған күмән жоқ…
Балабақшалар арасында өзіндік қолтаңтасы бар меңгерушінің 2011 жылдан бастап басқарған білім ордасын бүгінде  «Астана самалы» атауымен елге танытуы бір күннің жұмысы емес. 46 түп қарағайдан бастап отырғызылған орман алқабы  бүгінде жасыл шыршалар мен гүлзарлардың ошағына айналған.  Қала ортасындағы бақ ордасының ерекшелігі де осында. Артында өз қолымен еккен талдары қалып жатқан, әр саланың танымал тұлғалары отырғызып « атын берген»  әр ағаштың саясында қазақ ұрпағының тыныстауы бүгін мен ертеңді жалғай білгендік.
Иә. Білім ордасының 65 пайызы жасыл желекке көмкеріліп 100 пайыз саф таза ауаның болуы салауатты өмір салтының бастауы.
Демек 13 ақпанда  біз куә болған бала денсаулығын нығайтуда креативтік тәсілдерді дамыту туралы кластер шеңберіндегі серіктес балабақшалармен тәжірибе алмасу семинарын «Самал» балабақшасының өз деңгейінде нәтижелі өткізеріне әріптестері сенімді болды.
Алғаш рет Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің бас ғимаратында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» кафедрасының мамандары, серіктес балабақшалар мен бүгінгі студент  болашақ тәрбиешілердің басқосуы жаңа бастама, тың идея, жаңашыл ойдың дәлелі.
Әсем ғимараттың кіре беріс залына «Ауа дәрумендері» ЭКО тарихынан, «Спорт және денсаулық» креативті плакаттар байқауынан, «Таза ауа –денсаулық кепілі» қысқы спорттық ойындар сайысынан фотасуреттер балалар қолымен жасалған бұйымдардан көрмелер қойылған.
Семинар шымылдығы «Самал сазы» оркестрінің  орындауындағы Ұлы Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әнімен ашылды. Оркестрдегі әр бүлдіршіннің қазақтың төл туындысын кішкентай ғана жүректерімен түсіне орындауы қандай десеңізші….
«Психологиялық денсаулықты қалыптастыруда жаңа технологияларды пайдалану» тақырыбында баяндама жасаған балабақша меңгерушісі Қайырғалиева Балауса Төлеуғалиқызы:
 «Тау етегінде, орманда, су жағалауында теріс иондар – аэроиондар өте көп, оларды біз «ауа дәрумендері» деп атаймыз. Денсаулықты нығайту үшін олармен тыныстай білуге үйрету. Психологиялық денсаулық бөлмесін ұйымдастыру қажет, өйткені ол адамның психологиялық және физиологиялық жағдайына ықпал ететін ерекше орын. Қазіргі танда әр адамның соматикалық және психикалық денсаулығына негативті ықпалдар әсер етіп, оны дағдарыстық жағдаятқа түсіруде, ал психологиялық денсаулық бөлмесі эмоциялық қалыпты реттеп, психологиялық үйлесімділіктің дамуына жағдай туғызады» дегенді айта келіп таза ауа мен сұлу табиғаттың бала денсаулығына пайдасын айта кетті.
Семинарға қатысып өзінің жылы лебізін білдірген Еуразия Ұлттық Университетінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Аралханов Мақсат Салықұлы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің студенттерімен кездесіп, тәжірибе алмасып, балабақшаның тыныс-тіршілігімен таныстырып болашақ әріптестердің кездесуін оқу ордасында ұйымдастырып отырған Балауса Төлеуғалиқызының қызметіне табыс тіледі. Ұжымның бір жұдырықтай жұмылған берекелі жұмысына оң бағасын берді.  Мақсат Салықұлына университеттің кітап қорына қосылар «Саябаққа саяхат», «Кірпінің орманға оралуы» мультипликациялық фильмдер кешені табыс етілді. Келесі кезекте балабақша әдіскері Алиева Гүлсая  Көшербаевна «Заманауи денсаулық сақтау технологияларын тиімді қолдану тәжірибесінен» тақырыбында балабақша қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Олардың ішіндегі ең жемістісі балабақша меңгерушісі Балауса Төлеуғалиқызының идеясымен шығармашылық топ Г.Алиева, А.Сейтжанова, тіл мамандары С.Рахимгалиева, М.Рахыметованың үш тілде жарық көрген әдістемелік кешен жайлы ақпарат берілді.
«Балабақшада заманауи денсаулық сақтау білім беру технологиялары — бұл   мектеп жасына  дейінгі балаларды денсаулық сақтау мәдениетіне тәрбиелеу технологиясы. «Дені сау бала — табысты бала» қағидатын негізге ала отырып,   сауықтыру жұмыстары мен балаларды денсаулық сақтау мәдениетіне тәрбиелеу  мақсатында авторлық жұмыстар негізінде әдістемелік кешен  дайындалды.
Педагог мамандарымыздың еңбегімен үш тілде жарық көрген «Саябаққа саяхат» және «Кірпінің орманға оралуы» атты ертегілердің негізінде жасалған мультипликациялық фильм  республикалық деңгейде таратуға ұсынылды.
Авторлық жұмыс барысында балабақшамызда мультимедиялық кабинет ашылды. Ертегі негізінде мультипликациялық фильмнің  декорациялық  жұмыстарын балабақша педагогтары құрастырып жасады»
Қазақтың мақал мәтелдері, сөздік қорларына жаңа сөздерді қосып үйренетін балалар тілінің жаттығуына, ойлауына, танымына әсері бар әдістемелік кешен шығармашылық еңбектің нәтижесі.
Балабақшаның спорт нұсқаушысы Ернар Жұмамұратовтың студенттермен бірге «Денсаулық және креатив» тақырыбында өзі ойлап тапқан көліктердің бағдаршамға қарап әр түрлі қимыл жасауы, көлік дыбысын шығарып тыныс алу жаттығуы  қызықты әрі пайдалы екенін барлық қатысушылар көрді.   Креативті педагог деген осындай болуы керек десті жұрт. Жаңашылдыққа бейім, өзіндік ойы бар Ернардай жас педагогтардың әр семинарда тың дүние көрсетуі ізденістің нәтижесі.
«Ойын түріндегі массаж –мектеп жасына дейінгі балаларды сауықтырудың бір түрі» тақырыбында түрлі жаттығуларды әріптестерімен бірге жасаған  Адгамова Светлана Александровнаның шеберлік сәті жоғары бағаға ие болды.
Музыка  жетекшісі, педагогика ғылымдарының магистрі Морозова Людмила Анатольевна «Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың эмоционалды көңіл-күйіне музыка сабағының әсері» тақырыбында музыка –терапиясын көрсетті.
Семинарға қатысушылар қолдарына музыка аспаптарын алып ырғаққа ілесе тамаша әуендерді ойнады. Сергітіп әрі шабыт сыйлаған педагогтың аудиториямен жұмыс жасау шеберлігіне айтар сөзіміз жоқ.
Балабақша, бала , ата-ана үшітігін қатар ұстайтын ұжымның жұмысы ата-ана атынан келген Насима Кабиеваның «Мектепке дейінгі балалардың психологиялық денсаулығының жанұялық факторлары» тақырыбында жасаған баяндамасында ашып айтылды.
Семинарды мектепке дейінгі ұйымдардың жанашыры Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» кафедрасының доценті, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы қорытындылады.  Бұл күнгі семинардың ұтымды тұсын студенттер былай жеткізді.
Бүгінгі семинардан көп жаңа тың мәліметтер алдық, арнайы пәндерде алған теориялық білімдердің тәжірибеде қалай жүзеге асырылуы туралы көзімізбен көргеніміз өте жақсы болды. Мектепке дейінгі ұйымдардағы «Үлгілік оқу бағдарламасының»  «Денсаулық» білім беру саласы бойынша ауа дәрумендері, спорт денсаулық кепілі, денешынықтыру нұсқаушысымен бірлесе жасалған жаттығулар біз үшін ерекше әсерлі болды.
Әсіресе «Самал сазы» оркестрінің Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін оркестрмен орындағандары таңқалдырды және сол аспаптарды қолымызбен ұстап, көзімізбен көріп, музыка жетекшісімен бірге әнді ойнап бердік, бұл біз үшін үлкен тәрбие әрі тәжірибе болды. Сондай-ақ, заманауи технологиялармен танысып, Саябаққа саяхат, «Кірпінің орманға оралуы» атты мультипликациялық фильмдерді тәрбиешілер өз шеберліктерімен жасап, кейбір кейіпкерлерді баламен бірге жасағандары, авторлық әдістемелік кешенін дайындағаны бізге үлгі болды.
Мектеп жасына дейінгі балаларды сауықтырудың түрлері ретіндегі массаж, музыка терапия қатты ұнады. Осындай іс-шараларға ата-аналар қатысуының маңыздылығына тәнті болдық. Тәрбиеші педагогтар мен арнайы мамандардың бала бағбаны ретінде өз жұмыстарына жанашырлығы, қызығушылығы, өздерінде бар жақсы қасиеттерін балаларға  бергісі келіп тұратындықтары ұнады. Өзіміздің ұстазымыз Фатима Ниязбекқызының қорытынды сөзінен көп мәселені көңілге түйіп, болашақтағы диплом жұмысымыздың  тақырыбын осы бағытта ойластырсақ, оқу үдерісі барысында берілген тапсырмалармен ұштастыра білсек деген тамаша ой туындады. Бұл семинардан біз көп тағылымы мол тәжірибе жинақтадық және меңгерушілер мен әдіскерлермен жүздесуде үлкен өмірлік сабақ және  өнеге деп білеміз.
Астана қаласы әкімдігінің грантымен білім алып жатқан 50 болашақ балабақша мамандарын қанатының астына алған ұстаз Фатима Ниязбекқызы, жоғары оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс жасай білетін Балауса Төлеуғалиқызының бастамасы өз деңгейінде өткен шараға ұласты.
Жасыл желек аясында таза ауамен тыныстап, ертегі естіп, тамша әуенді сіңіріп өткен «Самалдың» балғындары болашақта осындай жоғары оқу орындарының білімді шәкірті атанып еліне қызмет ететін болады.
Сәтті өткен мәнді мағыналы шараға №7 «Аққу», №37 «Арман», №80 «Ботақан», №28 « Жұлдыз», №18 «Аяжан»  балабақшаларының меңгерушілері Айман Дахарқызы, Рәзия Елтаевна, Жанар Сейітқалиқызы, Кенжетай Сағындыққызы, Әсел Мұбаракқызы оң бағаларын берді. Семинарға қатысқан №93 «Айгөлек», №84 «Кәусәр», №16 «Шағала», №95 «Алматы» балабақшаларының педагогтары да алғыстарын білдіріп, көргендерін әріптестерімен бөлісетіндіктерін жеткізді.
Тәжірибелі мамандарға қарап бой түзеген жас мамандармен, болашақ тәрбиешілер басқосқан  семинарды балабақша түлегі жас әнші Нұрғали Аида  «Біз біргеміз» әнімен аяқтады.
Ойға алғанын жүзеге асыра білетін Балауса Төлеуғалиқызымен ұжымына тек шығармашылық табыс тілейміз. Көшбасында өзіндік ерекшелігімен келе жатқан «Астана самалы» бағында дені сау ұрпақ шаттанып, қанаттанып ұша берсін….

 

Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.