Абай Құнанбаевтың туғанына — 175 жыл
Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904жж) — Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін салушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.
Ол 1845 жылдың 10 тамызы күні қазіргі Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келген. Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың төрт әйелінің бірі, екінші әйелі Ұлжаннан туған. Ақынның арғы тегі Орта жүздің ішінде Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды.
Ұлы Абай туралы алғаш қалам тартқан көпшілікке танымал, дарынды жазушы Мұхтар Әуезов еді. М.Әуезов ақын мен кейінгі ұрпақ арасын жалғастырған «алтын көпір» болды. Ол ақынның рухани мұраларын халыққа жеткізіп қана қоймай, оны өмірдегі басты бағыт-бағдар ретінде қарастыруға жөн сілтеді. Абай – барша қазақтың мақтанышына айналды. Оның өмірі мен шығармашылығы – ұлттық қордан ең таңдаулы әрі аса бағалы қазынасы ретінде өз орнын алды. Ақын туралы таңдай қақтырған талай естеліктер, құшақ-құшақ кітаптар, ауқымды, зерделі мақалалар, өң-бойыңды тебіренткен терең ойлы лирикалық өлең-жырлар мен кемеңгер бабаның еңбектерін жаһанға жария еткен ғылыми құнды зерттеулер, т.б. жарық көрді, бұйыртса бұл тізбек әлі де жалғаса беретіні анық. Адамгершілікпен қоса, бір өзі осыншама даналық, көрегенділік, білімділік тәрізді асыл қасиеттерге ие болған Абай атамызға өз атымнан мына бір өлең жолдарын арнағым келеді:
Абай — ақын, Абай дана, кемеңгер,
Абай десе, әрбір қазақ елеңдер.
Танымасаң, егер ұлы Абайды,
Мен — қазақпын, мен — ұлымын демеңдер.
Абай — ойшыл, Абай — Һакім, ғұлама,
Абай – ұлы, мейлі сына, сынама.
Абай жайлы білмейтінің көп болса,
Біле жүрші, білетіннен сұра да!
Абай деген ұлылардың ұлысы,
Алып тұлға және оның жыр іші.
Және адам болған ғой ол жан жақты,
Сондықтан да көп жазылған ұлы ісі.
Абай деген ойшыл және ақын да,
ИбраҺим деп қойған алғаш атын да.
Жақсыларды жағалағың кеп жүрсе,
Кемеңгердің жазғанына жақында.
Әбден біліп танығанда Абайды,
Түсінерсің, өмір жайлы талайды.
Мен Абайдың жазғанынан түйгенім,
Қазағымның дамығанын қалайды.
Қазақ десе, Абай еске түседі,
Атқарғаны өте алып іс еді.
Абай деген мөлдір бұлақ таусылмас,
Сондықтан да одан бәрі ішеді.
Көп білсем де, білмейтінім көп менде,
Тану керек ұлы Абайды көп пенде.
Болашаққа әр қадамды басқанда,
Бір үңіліп қарау керек өткенге.
Ашимова Дариға Жалбырқызы,
Павлодар қаласы
МҚҚК №10 cәбилер бақшасы
«ZAMANSTAR» дамыту орталығы.