Home » Мақалалар » Зяткер жас ғалымның жеңісі

Зяткер жас ғалымның жеңісі

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің 10-сынып оқушысы Арсен
Алиев Батыс Алашорда үкіметінің
көрнекті қайраткері Б.Атшыбаевтың
тұлғасы туралы зерттеу жұмысымен
«Жас ғалым – 2020» VI халықаралық ғылыми байқауында бірінші орынды жеңіп алды.

 

Тэджон қаласында өтуі жоспарланған ғылыми сайыс пандемияға байланысты онлайн режимге ауыстырылған еді. Арсеннің ғылыми жұмысына арқау болған Беркінғали Атшыбаев – қазақтан шыққан алғашқы мұнай барлаушы-геолог, Батыс Алашорда үкіметінің көрнекті қайраткері. Оның есімі Алаш тарихына қатысты жарияланған еңбектерде үстіртін аталып өтіледі. Тақырыпты зерттеу барысында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінен, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты қорынан алынған материалдар, деректі құжаттар жинақтары, мерзімді баспасөз басылымдары, алаштанушы ғалымдармен сұхбат көрнекті тұлғаның  ұлттың дамуына қосқан үлесін дәлелдейді.
Бұл зерттеу нәтижесі қазақтың өскелең ұрпағына рухани қуат беріп, қазіргі заманғы Қазақстан тарихына үлес қосып, елдің болашақ  отансүйгіш  буынын дайындауға ықпал етері сөзсіз. Б.Атшыбаевтың Батыс Алашорда үкіметінде атқарған нақты істері және Алашорда таратылғаннан кейінгі өмір жолы, Мәскеуде оқыған жылдары, ұрпақтары туралы мәселе деректердің шектеулі болуына байланысты әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Бұл мәселені шешу – алдыңғы уақыттың еншісінде.
Айта кету керек, жыл сайынғы байқау Global Sapa Білім беру орталығының және WOSOSONG университетінің SolBridge Халықаралық бизнес мектебінің ұйымдастыруымен өткізіледі. Нәтижесінде Арсенге өз қалауынша осы оқу орнында ақылы оқуға жеңілдік берілді. Сонымен қатар жас ғалымның ғылыми жетекшілері – тарих пәнінің мұғалімі Лариса Бердінғалиева мен ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Айнаш Жасыбаеваға алғысы шексіз.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.