Home » Білім және өнер » Атыраулық оқушы өсімдіктерден бояу алудың жаңа тәсілін ойлап тапты

Атыраулық оқушы өсімдіктерден бояу алудың жаңа тәсілін ойлап тапты

  1. «Асыл — тастан, ақыл — жастан». Атыраулық оқушы өсімдіктерден бояу алудың жаңа тәсілін ойлап тапты. Жас ғалымның аты-жөні: Айнұр Мұратова. Махамбет ауданындағы Қосарал орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Ол  «Табиғи индикатор алу және қолдану» тақырыбында жоба қорғап, 1-орын алған. Бұл жайлы облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Айнұр «Дарын» республикалық-ғылыми практикалық орталығы ұйымдастырған Әл-Фараби атындағы республикалық ғылыми жобалар байқауында топ жарған. Онлайн режимде өткізілген конкурсқа барлық өңірден 8-11-ші сыныптарда оқитын 263 оқушы қатысыпты.

Жетекшісі Сандуғаш Қабазованың айтуынша, шәкіртіні тың тақырыптағы зерттеуі бірден қазылар алқасының көзіне түскен.  «Оқушым екеуміз көптен ойымызда жүрген, бұрын зерттелмеген тақырыпты алдық. Айнұр зерттеуінде табиғи шикізаттан қолмен алуға болатын индикаторларды, яғни, табиғи бояуларды тәжірибе жүзінде дәлелдеп көрсетті. Табиғи өсімдіктердердің құрамы қоршаған ортаның әсеріне байланысты түсін жиі өзгертетінін анықтады», — деді ұстаз.

Ал, Айнұр жасаған зерттеуін алдағы уақытта химия сабағында ғана емес, тұрмыста да қолдануға болатынын айтып отыр. Сондай-ақ, түрлі ыдыс жуғыштар мен иіс сабындардың бәрі осындай химиялық әрекеттесу арқылы жүзеге асатынына тоқталды.

«Тұрмыста кеңінен пайдаланылып жүрген жуғыш заттар, химия тілімен айтқанда, сілтілік және әлсіз сілтілік ортада жасалады. Сондықтан, табиғи өсімдіктерден бояу алу тақырыбын алдағы уақытта кеңірек зерттей түспекпін. Табиғи өсімдіктердің құрамын, олардан табиғи бояу алу зерттеулері мектеп бағдарламасының 5-6-сыныптың «Жаратылыстану», 7-сыныптың «Химия» оқулықтарына енгізілсе, көптеген жас ғалымдар шығар еді», — дейді ол.

Айта кеетйік, жоғарыдағы байқау ұлы ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында өткізілген. Конкурстың мақсаты — оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын арттыру.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.