Home » Сценарийлер » НАУРЫЗ – ДУМАН МЕРЕКЕ («Ертөстік» ортаңғы тобы)

НАУРЫЗ – ДУМАН МЕРЕКЕ («Ертөстік» ортаңғы тобы)

Сценарий мақсаты: Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру; Балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу;

Имандылық, инабаттылық, ізеттілік қасиеттерін бала бойына қалыптастыру.

Сценарий көрнекілігі: газеттер, нақыл сөздер, киіз үй керегесі, ұлттық бұйымдар, слайд.

Сценарий барысы:

Балалар топқа көңілді ән-күймен, ұлдар кіреді содан кейін қыздар кіреді.

 Жүргізуші: Әні мен сәні жарасқан «Наурыз — думан мерекек» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер! Көктем — табиғаттың жаршысы секілді. Ол — бәрімізге көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын тамаша мезгіл.

Күн мен айға әлемнің,

Берем ыстық сәлемін.

Қонақтарға сүйсініп,

Сәлем берем иіліп!

Наурыз тойы – мерекесі ұлтымның,
Берекесі ырысы мен құтымның.
Тәуелсіздік думанымен бір келген,
Ұлы күні, ұлыс күні жұртымның, — дей отырып, сіздерді 22 наурыз «Ұлыстың   ұлы    күнімен» құттықтаймыз!

Қымбатты, балалар, қонақтар, құрметті менің әріптестерім, көптен күткен Наурыз жаңа жылымызды алып ортамызға қайта оралды.

Наурыз – мұсылман қауымның ұлттық мейрамы.

Наурыз – жыл басы. Наурыз ұлыстың ұлы күні.

Бұл күні ата-аналарымыз бен әжелеріміз үй-үйді аралап, наурыз көжеден дәм татады, баталарын береді.

Тойдың көркі ән дейді халқымыз

Сіздерге деген балаларымыздың жылы лебіздерін қабыл алыңыздар!

Ән: «Наурыз» әні

Келесі кезекті балалардың тақпақтарына береміз:

Жанжігіт:

Уа, ағайын халайық,

Мұнда назар салайық!

Мерекесі халықтың

Наурыз тойын бастайық!

Наурыз тойы – елдің тойы.

Көктем тойы – төлдің тойы.

Әжеме еріп наурызда,

Араладым туыстарды.

Муслима:

Жасасын деп ұлыстың ұлы Наурызы!

Құтты болсын айтты атамыз.

Барлық үйге кіріп шығып,

Барлық үйден дәм татамыз!

 Мансұр:

Наурыз келді тойға ұласқан!

Наурыз тойы құтты болсын!

Ырыс тасып берекелі

Өмір сүрсін бақытты елім!

Альфия:

Қош келдің, тауық жылы

Еліме бақыт жылы, құт жылы

Бейбіт жылы болып кір, төрге шық

Бүгінгі ән-думан өзіңе арналады.

Ардақ:

Наурыз келдi елiме,

Наурыз келдi жерiме.

Байлық, бақыт тiлеймiн,

Бүкiл қазақ елiне.

Салтымен ата –бабамның

Жаңғырды қайта заманым

Жаңа-жыл басы – бұл Наурыз

Қайырлы болсын қадамың!

Перизат:

Наурыз келді құт болып,

Мына бізге сүт болып.

Аққа аузымыз толады,

Бар жақсылық болады.

Топқа бір бала атқа мініп шауып келеді «Сүйінші, сүйінші» Сара апамның ауылында «Тұсаукесу» рәсім тойы басталды. Келіңіздер! Көріңіздер! Қуанышқа ортақ болыңыздар – деп жар салады.

Тәрбиеші: Міне ботам, сүйеншініңді алағой деп оған ырымын беремін. Ал балалар, ендеше Сара апамның ауылына тойға барайық.

Сара апамның ауылына келдік:

Алима әже: Сәлеметсіздер ме, ботақандарым! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Міне, наурыз мейрамымен  менің немеремнің  тұсау кесу тойы да бірге келіп қалды!

Кіріңдер, төрлетіңіздер, жоғары шығыңыздар.

 Жүргізуші: Әже, біздің балалар наурыз мейрамына тақпақтар дайындап жаттап келген.

Нұрдәулет:

Шаттығымыз – жырымыз,

Жаңа наурыз – жылымыз.

Ақ тілеумен осындай,

Бақ боп үйге кіріңіз.

Қаракөз:

Осыншама жақсылық,

Алып келген наурызым.

Төрлет, бізге нұр беріп,

Шуақ шашып, ақ жүзің.

Раяна:

Наурыз айы – гүл айы,

Наурыз айы – нұр айы.

Наурыз айда халқымның,

Құлпыра түсер шырайы.

 Алихан:

Айналайын халқым-ай,

Құтты болсын салтың-ай.

Шықтық біздер жырлауға,

Қазағымның салтын-ай.

Айналайын халқым-ай,

Болсын жүзің жарқын-ай.

Ата салтын сақта деп,

Ұран етем жалықпай.

Іңкәр:

Көкке бояп өңірді,

Көктем келді көңілді.

Бау-бақшада, орманда,

Құстар әні төгілді.

Назым:

Наурыз келді, жайраң қақты таң күліп,

Жап-жасыл боп кетті дүние жаңғырып.

Жақсылыққа жаршы болған Наурызым,

Сен өмірдің көктемісің мәңгілік.

Әже: Әлинұр немеремнің тұсау кесердің алдында балалар қандай тілек айтар екен.

Балалар: Әйгерім: Азаматымыздың, Әлинұрдай ініміздің дені сау болып, ата-анасына қуаныш пен бақыт әкелсін. Өмірде сүрінбесін. Әрбір басқан қадамы оң болсын, Қыдыр ата қолдап жүрсін. Бақытты болсын!

Дархан: Тәй-тәй басқан кішкентайымыздың тұсауы кесіліп, болашағына жол ашылды. Құтты болсын! Өмір жолы ақ, түзу болсын! Ешқашан сүрінбесін, дұшпан көзіне ілінбесін! Өмірі нұрға, көңілі жырға бөленіп жүрсін!

Әбу: Еліңе ырыс-құт орнасын,

Жеріңе тыныштық орнасын!

Өсек аянның құрбаны болма,

Озбырлардың шұлғауы болма!

Жүзің нұрлы болсын,

Жүрегің сырлы болсын,

Тілің жырлы болсын –

Жігіттің сұлтаны атанып,

Өнерің сегіз қырлы болсын!

Әже: Рақмет қарлығаштарым, балапандарым!

Енді тұсау кесу рәсімімізді бастайық.

Не үшін ала жіппен тұсау кеседі — деп ойлап отырсыңдар?

Болашақта Әлинұр ешкімнің ала жібін аттамасын деген тілек қой!

Қаз қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз  болам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін.

Жүргізуші: Тұсау кесу дегеніміз —  1 жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей, жүріп кетуіне тілек білдіретін салт. Күлгенің де той сенің, Жүргенің де той сенің. Қызықтасын халайық, Тұсау кескен бұл күнің Есте қалсын, жарқыным. Тұсау кесер бала өміріндегі үлкен белестің бірі. Өзге ұлттың баласының тұсауын кеспесе де жүгіріп кетеді.ал қазақтың баласы тұсауы кесілмесе сүріншек болады екен. Әлбетте, баланың тұсауы ала жіппен, қойдың майлы шегімен немесе өрілген көк шөппен кесіледі: Ала жіп ақтық пен адалдыққа жол ашады, майлы шек — байлыққа, тоқтыққа жетелейді, көк шөп — көбеюге, өсуге, өнуге шақырады.

Жасы бірге толған, қазақша жасандырып киіндірген, үкі таққан бір немесе бірнеше баланы (ұл не қыз) қаумалаған елдің ортасына алып шығады. Жүргізуші тұсау кесу дәстүрінің мән-маңызын түсіндіріп, хабарлайды. Елге сыйлы ұл болса – ағаны, қыз болса – апаны ортаға шақырады. Баланың тұсауын кесіп беруге шақырады.

Әже біздің балалар Әлинұр немереңізге арнап  ән дайындап келді.

Ән: «Көктем»

Әже: Ой құлындарым, ботақандарым қандай жақсы ән айттыңдар, рақмет сендерге көп жасаңдар.

Жүргізуші: Балалар мен сіздермен қазақтың ұлттық ойындарын ойнағым келіп тұр. Ойын: «Арқан тарту», «Асық».

Ұлттық ойын: «Арқан тартыс»

 Шарты: Балалар 2 топқа бөлінеді. Сызық бойына  арқан тасталады. «Үш» деген кезде 2 топ ойыншылары өз жағына тартады. Қарсыласын сызықтан асырғанша тартқан топ жеңеді.

Тақпақтар:

Рахим:

Наурыз келді тамаша,

Ән айтамыз таласа.

Атам, әжем той тойлап,

Қуанып жүр балаша,

Би билейміз тамаша!

Ибраһим:

Наурыз тойы әдемі,

Әжем еске түсірді.

Біздерге арнап әдейі,

Наурыз көже пісірді.

Абдурахим:

Ашылды да кебеже,

Дәм әзірлеу басталды.

Әжем наурыз көжеге,

Жеті түрлі ас салды.

Ануар:

Бидай, күріш, тары бар,

Бар сүр ет пен шұжығы.

Ащы құрты тағы бар,

Көже елдің ырзығы.

Камила:

Көктем, көктем, көктемде,

Құстар келіп жеткенде.

Қуанып біз қаламыз,

Әнімен қарсы аламыз.

Салтымызды жаңғыртып,

Наурыз тойын тойлаймыз.

Муслима:

Қош келдің, Наурызым, ардақты,

Халқым саған бар үмітін арнапты.

Жылда осылай келе берсін жаңарып,

Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.

Жанель:

Наурыз, жыл он екі ай елдің жүгін,

Арқалап арамызға келдің бүгін.

Дамытып бейбіт елдің еркіндігін,

Жайлауын жарастырдың елдігімнің.

Ақерке:

Арпа, бидай бастаған,

Жеті дәмнен аспаған.

Наурыз көже ежелден,

Бұл тойдағы бас тағам!

Жүргізуші: Дұрыс айтасың Ақерке Наурыз көжені дайындау үшін жеті түрлі тағам салады. — Қане, қандай тағам түрлері? (күріш, тары, бидай, құрт, су, тұз, сүр ет, )

— Ал, қонақтар, балалар жыл бойы тоқшылық болсын, қазанымыз оттан түспесін, дастарханымыз кең жайылсын деген, ақ тілекпен наурыз көжеден дәм татыңыздар!

Жүргізуші: Наурыз – шаттық әніміз,

Салтанатты сәніміз.

Ән салып жас-кәріміз,

Би билейміз бәріміз, — деп, тобымыздың биші жігіттерін «Қара жорға» биімен ортаға шықырамыз.

Әлия:

Наурыз

Наурыз менің елімнің берекесі,

Жаңа жылы қазақтың мерекесі.

Шаңырағы биіктеп күнге жақын,

Ұлаңғайыр керілсін керегесі.

Қымбат білген адамға сөз өнері,

Бұрқ-сарқ етіп қайнасын көжелері.

Жаңа жылда елімнің көркі өсіп,

Гүлге толсын көгеріп көшелері.

Шат күлкіге шомылып замандары,

Бақыт кешсін ғайыптан адамдары.

Әрбір жанның арманы орындалып,

Сәтті болсын биылғы қадамдары.

 

Ел-жұртымның тілеуін тілесейік,

Жаңа жылда қалайық бір есейіп.

Жүргізуші: Әже балаларға ақ батаңызды беріңіз.

Әже: Ұлысың оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барса да жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын,

Көйлектерің көк болсын!

Қайғы уайым жоқ болсын,

Қуаныштарың көп болсын!

Әумин!!!

 Жүргізуші: Наурыз құтты болсын!

Дендеріміз сау, мықты болсын!

Наурыз тойы келе берсін!

Барлық халық бақытты болсын,

Қош, сау болыңыздар, халайық!

Көріскенші күн жарық болсын!

Барлықтарыңызды Наурыз дастарханына шақырамыз.

Көжеден дәм татыңыздар.

Құрметті балалар, қонақтар  мерекеміз осымен аяқталды. Келгендеріңізге көп-көп рақмет!

 Маңғыстау облысы,  Жаңаөзен қаласы
№16 «Ертегі» балабақшасының
тәрбиешісі Елубаева Әсемгүл

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.