Home » Білім және тұлға » Мейірімді Мейіз мұғалім

Мейірімді Мейіз мұғалім

Ұстаздықтың салиқалы да сара жолын таңдаған адам өз мамандығын сертіне берік жауынгердей атқаруы тиіс-ау деймін. Өйткені оның өмірінің тең жартысынан көбі ұйқысыз түндерге, шәкіртін тұлпардай баптап, аламан «бәйгелерге» қосып, үнемі үйретуге, үйренуге арналады.Нағыз ұстаз деуге лайық, шәкірттерінің екінші анасы болып кеткен жаны жайсаң, жүрегі мейірлі бір тәлімгер бар. Ол – Мейіз Зарықбекқызы Тұмарбаева.Оқушыдан бөлек жас мамандарды да қанатының астына алып, қамқорлық қылатын Мейіз мұғалім киындығы мен қызығы бірге жүретін бала тәрбиелеу үрдісінде ештеңеден қаймықпауға, еш нәрседен жеңілмеуге, әр уақытта талмай, тынбай еңбек етуге үйретеді. Білмегенді біліп, білетінді одан әрі тереңдетуге тәрбиелейтін тәлімгер тек қызметте ғана емес, өмірде де сенімді ақылшы, бағыт-бағдар көрсететін кеңесші.
Жаны жайсаң, рухани әлемі таза жанды оқушылары да қатты жақсы көреді. Балапандай жыпырлап, жанында жүретін балалар ғана емес, ата-аналарының да Мейіз Зарықбекқызына деген ықыласы ерекше. Ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесі  осыдан-ақ байқалып тұрады. Оның байсалдылығы, жас буынға білімін бөлісудегі кең пейілділігіне ырза боласың.
Мейіз Зарықбекқызы қызмет қылатын Қарағанды қласындағы  №27 мектеп – негізінен соңғы үш жыл, міне, биыл төртінші жыл білім министрлігінің инклюзивті білім беру жобасы аясында экспериментті түрде жұмыс жасайтын мекеме. Мұнда денсаулығында мін жоқ балалармен бірге ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндер бірге, бір сыныпта оқытылады. Мектеп инклюзивті білім беру ортасын құру, оның тәжірибесін насихаттау, жетілдіру бойынша еліміздің өзге оқу орындарын үлгі болуда.  Басшылықтан бастап, қатардағы әрбір мұғалім осы сала бойынша жұмыс істеудің қыр-сырын жақсы меңгерген. «Әрбір бала денсаулығындағы кемістіктерге қарамастан, қоғамның толыққанды  азаматы болып табылады, сондықтан сапалы білім алуға құқылы» –  мектепте қызмет ететін ұстаздардың ұстанымы да ісі де осы қағидаға құрылған.
Мейіз Зарыкбекқызы Тұмарбаева  үнемі ізденеді, кәсіби шеберлігін шыңдап, жаңалыққа ұмтылуға барын салады. Үйренгенін жас мұғалімдерді жинап алып, бөлісуге де ерінбейді.  Еңбегінің жемісі оның оқушыларының жетістіктерінен-ақ көрініп тұрады. Бірқатар оқушылары – бастауыш сынып пәндері саласында  облыстық, республикалық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары. Қазіргі таңда Мейіз Зарыкбекқызы білім беру жүйесін жаңартылған мазмұнға көшіру бағдарламасы бойынша 2-сыныпқа сабақ береді. «Ерекше» балаларды ойын арқылы оқыту, жұптық және топтық оқыту, дамыта оқыту технологияларын еркін меңгерген. Күнделікті сабақта ақпараттық технологияларды қолдана отырып өткізген проблемалық-ізденушілік, зерттеушілік  сабақтары  қызметтестеріне, әсіресе, жас мамандарға үлгі боларлықтай. Оқушыларын болашаққа мақсат қоя білуге, туындаған қиыншылықтарды шеше білуге,  қапы кеткенінен қорытынды  жасай білуге үйрету оның басты ұстанымы.  Сабағының әр минутын зая кетірмейді.  Содан да болар әлі кішкентай болса да, оқушылары өзін-өзі дамытуға әлден бейімделген, өздігінен ізденуге, ешкімнің көмегінсіз дәрістерін орындауға дағдыланған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері  бар балаларды оқыту,  қоғамға бейімдеу инклюзивті білім беруді дамыту саласындағы тәжірибесімен ол үнемі республикалық, облыстық  басылым беттерінде бөліседі. 2015-2018 жылдары  «Бастауыш мектепте инклюзивті білім беруді ұйымдастыру» бағыты бойынша республикалық, облыстық  семинарларда ашық сабақтар, шеберлік сыныптар жүргізіп,  баяндамалар оқып, алғыс-марапаттарға бөленді. Одан да басқа аймақтық білім жетілдіру, тәжірибе бөлісу семинарларына жиі қатысып, «ерекше» балаларға білім мен тәрбиені қатар беру, сол арқылы үлкен өмірге бейімдеу, олардың бойындағы дарынды іздеу, жетілдіру,  дамыту жөнінде, баламен бірге ата-анасымен жұмыс жасаудың өзі қолданып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген әдіс-тәсілдерін ұсынып отырады. Еңбегінің арқасында  түрлі дәрежедегі  мадақтама және дипломдармен марапатталды.

Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.