Home » Жаңалықтар » Қазақстанда Өзбекстан жылы өтуде

Қазақстанда Өзбекстан жылы өтуде

Соңғы жылдары аймақтық интеграция, ғаламдастыру процесімен қатар, мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарда үстемдік сипаттағы тенденцияға айналды. Орталық Азияда аймақтандыру процесін дамыту үшін қолайлы алғышарттар бар. Бұл, ең алдымен, аймақты мекендейтін халықтардың тарихи, географиялық, мәдени және тілдік бірлігі. Сондықтан Орталық Азия, соның ішінде Өзбекстан сияқты мемлекеттермен ынтымақтастықты ұлғайту Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі міндеттері болып қалады. Өзбекстан мемлекетімен өзара татулық, тұрақты қарым-қатынас – біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторы.
Қазақстанда Өзбекстан жылы деп 2018 жыл жарияланды. Тиісті мәлімдемені өткен жылдың 16-шы қыркүйегінде Өзбекстанға ресми сапармен барған Нұрсұлтан Назарбаев әріптесі Шавкат Мирзиёевпен кездесуінде айтқан еді. Өзбек диаспорасы Қазақ елінде саны жағынан үшінші орында тұр. Ресми деректерге сүйенсек олардың саны 550 мыңнан астам. Оңтүстіктегі көршімізбен бізді 2354 шақырым шекара біріктіріп жатыр. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл – 25 жыл. Осы уақыт ішінде жүздеген құжаттар бекіп, мемлекеттер арасында бауырлас ынтымақ орнады.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Дипломатиялық қарым-қатынастары 1992 жылдың 23 қарашасынан бастап бекітілді. ҚР-ның елшілігі ӨР-да 1993 жылдың қарашасынан, ал ӨР-дің Елшілігі ҚР-да 1993 жылдың шілдесінен бастап жұмыс істейді. Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынаста негізге алынатын принциптер Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек көрсету туралы шартта белгіленген. Құжатқа 1992 жылдың 24 маусымында қол қойылды. Шартта екі жақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Осы мақсаттарда тараптар сауда-саттықта бір-біріне анағұрлым қолайлы режим беруге, сондай-ақ барлық деңгейлерде өзара тиімді экономикалық және сауда қатынастарын дамытуды көтермелеуге, тікелей инвестицияларға арналған жағдайды жақсартуға, бірлескен кәспорындар құруға міндеттеді.
Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тұрақтылықты нығайту үшін достық маңыздың зор екенін атап өтпеуге болмайды. Ал экономикалық қатынаста, екі жақтың күш-жігерілілігі негіз болып келеді. Қазақстанның Өзбекстанмен осындай екі жақты қатынастары жемісті түрде дамып келеді, өйткені олардың негізіне тәуелсіздік, шекараларының бұзылмауы, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, тең құқылық және өзара тиімділік сияқты әмбебап принциптер алынған.
Өзбекстанмен ынтымақтастық – Қазақстанның Орталық Азиядағы саясатында басымдық берілетін бағыты. Бұл Өзбекстанның экономикалық әлуеті мен саяси салмағына байланысты. Ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге жетерлік қол жеткізген, ірі мемлекет болып табылатын Өзбекстан, болашақта Қазақстан дипломатиясында маңызды орын алатын болады. Біздің елімізбен тату көршілік пен ынтымақтастықты нығайту қажеттігін Ташкенттің де осыны қабылдайтыны маңызды.
Тағы бір маңызды жайт, Қазақстан мен Өзбекстанда тәуелсіздік алған сәттен бастап ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға айрықша мән беріліп келеді. Екі мемлекетте де тарихи һәм мәдени құндылықтар қайта жаңғыртылып келеді, қос елде де ұлттардың төл мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтап, дамытуға тиісті жағдайлар жасалған. Қазақ халқының тарихи тұлғалары Төле би мен Әйтеке бидің этномемориалдық кешендерінің Өзбекстан аумағында тұрғандығының да тарихи мәнін айтып өтуіміз керек. 2012 жылдың сәуірінде Қазақстаның Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің және жергілікті атқару билігінің қолдауымен Науаи облысында «Әйтеке би» этномемориалдық кешенінің ашылу салтанаты өткізіліп, оған екі елдің зиялы қауым өкілдері, ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Ал 2013 жылы Ташкентте Абай ескерткіші ашылды.
Мәдени салада да екі ел ынтымақтастығы жарасым тауып отыр. Бұған мысал ретінде ұлттық театрлар мен шығармашылық ұйымдардың өзара гастрольдік сапарлар алмасуын айтуға болады. Мәселен, жыл сайын өзбек театр ұжымдары Алматы қаласында өткізілетін Орталық Азия халықтары театрларының фестиваліне қатысады. Сондай-ақ «Достық тамырлары», «Мәңгілік достық» және өзге де деректі фильмдер бірлесіп түсірілді. Қазақстанның мәдениет және өнер өкілдері Өзбекстанда өтетін «Шарқ тароналари» музыкалық фестиваліне үзбей қатысып келеді.
Қазақ-өзбек қарым-қатынастары, сонау тарихтан, дәстүрлі түсінушілік, достық пен тату арқылы тұрақты және тез өсуде. Қазақстанның Өзбекстанмен қарым-қатынасы осы Орталық Азияның саясатындағы ең басты қызметкерлестік болып табылады. Қазақстан мен Өзбекстанның бір-біріне сенімді қарым-қатынасы Орталық Азияның тұрақтылығын, басқа мемлекеттермен саясатындағы стратегиялық дамуының, Орталық Азияда басты мемлекеттерге айналуына түрткі болып отыр. Олардың құқықтық базасы, яғни 100-ге жуық келісімдері, онымен қоса іс жүзінде ынтымақтастықтың барлық салаларын қамтиды.
Қазақстанның Өзбекстанмен қатынасының жақсарғаны 1998 жылғы “Орталық Азия Экономикалық Қауымдастықтың”, 2002 жылғы “Орталық Азия Ынтымақтастық Ұйымы” құрылғанын көреміз. Сонымен қатар бірыңғай экономикалық кеңістік құру, капитал мен жұмысшы күшінің еркін қозғалысы мәселелері шешіліп жатыр. Осындай жағдайда сабырлық пен төзімділік сақтау, оған қоса қажымас қайрат пен стратегиялық болжау арқылы тұрақты шешімдерді бір келісімге келіп қабылдау, Қазақстанның дамуындағы ең елеулі маңызды фактордың бірі болып табылады. Мұндай қарым-қатынас екі мемлекетке пайдалы ғана емес, сонымен бірге қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кепілі ретінде қызмет етеді.

Дюсебаев Е.Қ.,
Шымкент жоғары медицина колледжінің
әлеуметтікэкономикалық пәндер бірлестігінің оқытушысы,
ОҚО, Шымкент қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.