Home » Балабақша » БАЛА АТА-АНАНЫҢ БАУЫР ЕТІ

БАЛА АТА-АНАНЫҢ БАУЫР ЕТІ

«Ақ бота» бөбекжайының тәрбиешісі Шериязданова Еркегуль Дархановна

СҚО, Петропавл қаласы

 

Керек емес бұл жерде қалалығың,

Керек емес ұлылық, даналығың.

Ғажайып бір күй кештім, табылғандай,

Ұмыт қалған кешегі балалығым.

 

Өтсе де талай ғасыр азаптаған,

Ал бүгін азат өмір, азат заман.

Ұрпағың үзілмесін Қазақ бабам,

Аман жүр айналайын Қазақ бала.

М.Сансызбайұлы

Сәби – әке-шешесінің перзенті, ұрпағы. Ұл, қыз, жас шамасына қарай: нәресте, сәби, бөбек, балдырған, жеткіншек, жасөсірім болып жіктеледі. Ұл қыздың жарық дүниеге келген сәтінен бастап, ата-ана оның тәрбиесіне аса көп көңіл бөледі. «Бала жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңдай қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» деп, баланың ой- өрісінің даму кезеңін ерекше бағалаған. Сонау тарихымыздың тереңіне үңіліп, ғасырлар қойнауында жатқан салт-дәстүрімізді парақтайтын болсақ, ата-бабамыз бала тәрбиесін өзгеше құрметтеп, адам құқығын қорғауды берік назарда ұстаған. Мысалы, «Қасымның қасқа жолы», «Есімнің ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы». Бала өзін әлпештеп өсірген ата-анасын дәл солай әлпештеп аялауға – міндетті, сәби шағында өзін қалай бағып-қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып мәпелеуге борышты. Ал біздер, ата-аналар үшін, дүниедегі мақсаттың да, міндеттің де ең үлкені — ол ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру. Ата-ана өмірінің гүлі, нұры, жалғасы – бала. Сол үшін де ата-ана жата-жалынып құдайдан перзент тілеген, перзент көргенде, жүрегі жарылардай қуанған, содан  кейін «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп, әлпештеп өсірген. Перзент ауырып, не басқа бір қатер төнгенде, «Өзімді алып, баламды аман қалдыр!» — деп құдайға жалбарынған, өз жандарын балалары үшін құрбан еткен. «Бала ата-ананың бауыр еті», «Балалы үй – базар, баласыз үй — қу мазар», — деген сияқты халқымыздың құдыретті сөздерінде ата-ананың балаға деген ұлы сүйіспеншілігі жатқан жоқ па?

Ата-анаға көз қуаныш,

Алдына алған еркесі.

Көңіліне көп жұбаныш,

Гүлденіп ой-өлкесі —

деп ұлы Абай баланың ата-ана қуанышы, гүлденген үміт-арман екенін  тебірене жырлайды. Әлемге әйгілі ғұламалар мен ақындардың ата-ана махаббаты, перзент парызы жайында тебірене айтпағаны, жазбағаны аз емес, жоқ деуге болады. Олардан қалған асыл сөздер қаншама!

Осындайда тағы да дана Абайдың сөзі ойға оралады: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені, көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін, ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» — деген. Баланың  ата-ана алдындағы ұлы парызы — мейіріммен, жақсылықпен өтелмек. Бала – ата-ананың көз нұры, көңіл қуанышы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.