Home » Жаңалықтар » «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының аймақтық іріктеу байқауының жабылу салтанаты өтті

«WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының аймақтық іріктеу байқауының жабылу салтанаты өтті

Қызылордада облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «WorldSkills Kazakhstan» аймақтық іріктеу байқауының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы және жабылу салтанаты ағымдағы жылдың 22 сәуірі күні «Абылай хан» атындағы колледжі базасында өтті.

Бұған дейін  «WorldSkills  Kazakhstan»  Ұлттық  чемпионатына аймақтық іріктеу байқауы 29-наурыз күні өткен болатын. Байқауда студенттер «Дәнекерлеу технологиясы», «Сантехника және жылыту», «Кірпіш қалау», «Аспазшы ісі», «Киімдер  дизайны  және модельдеу», «Желілік және жүйелік басқару», «Слесарлық — іс», «Электромонтаж», «Жүк автокөліктеріне қызмет көрсету», «Шаштараз өнері»,  «Веб-дизайн» мамандықтары бойынша кәсіби сынға түсті.

Ағымдағы жылы 11 кәсіп бойынша аймақтық іріктеу байқауына  жоғары оқу орындарының, жас мамандар мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарынан 75 білім алушы қатысып, жеңімпаздар 8 кәсіп бойынша республикалық кезеңге жолдама алды.

Байқауға қатысушылардың жұмысына сарапшылық жасауға оқу орындарының әлеуметтік серіктестік мекемелерінен, кәсіпорындарынан сарапшылар іріктелініп, әділ қазылық жасады.

Байқауға қатысушылар мен жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары, «WorldSkills Kazakstan» аймақтық іріктеу байқауын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Руслан Рүстемұлы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерсұлтанов Әділбек Бөрібайұлы, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ілиясов Қожахмет Әбдіқайырұлы, «ИНТЕГРОСТРОЙ» ЖШС-ің өндірістік техникалық бөлім инженері Жанәбіл Нұрдаулет Қайрошұлы, Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Сайлыбаев Бақытжан Әбдіқалықұлы, Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Меңілбаев Еркебұлан Қайырбекұлы құттықтап, алдағы республикалық байқауға қатысатын студенттерге сәттілік тіледі.    

Биылғы жылғы байқау жеңімпаздары үстіміздегі жылғы 2-5 мамыр аралығында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға қатысатын болады.

«WorldSkills  Kazakhstan»  Ұлттық  чемпионаты 2014 жылдың 10-шілдесінен бастап «WorldSkills  International»  халықаралық  қозғалысының қатысушысы болып бекітілген болатын, бұған әлемнің  76-дан астам мемлекеті қатысып келеді.

«WorldSkills  International» халықаралық  қозғалысының негізгі мақсаты — жұмысшы мамандығының құзіреттілігін көтеру, техникалық оның ішінде жұмысшы кәсіптеріне жастардың қызығушылығын арттыру болып табылады.

Осыған орай, «WorldSkills Kazakstan» ұлттық чемпионатына аймақтық іріктеу өткізу, халықаралық тәжірибені пайдалану және 18-22 жастағы жастар арасынан кәсіптер үздіктерін анықтау болып отыр.

Қызылорда өңірінде аталған байқау үшінші рет ұйымдастырылып  өткізіліп отыр.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.