Home » Жаңалықтар » Техникалық және кәсіптік білім саласын дамыту мәселелері талқыланды

Техникалық және кәсіптік білім саласын дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім жүйесін дамытуға арналған бағдарламаларды іске асыру мақсатында бизнес-қауымдастықпен әріптестік негізінде жұмыс берушілерді тарту, ТжКБ ұлттық жүйесінің беделін арттыру мақсатында Атырау қаласындағы «APEC Petrotechnic» колледжінің базасында «Білім берудегі әріптестік оқытудың сапасын арттыру факторы ретінде» панельдік сессиясы өтті. Сессия «Балалардың мүддесі үшін педагогикалық қоғамдастықты шоғырландыру» тақырыбында ұйымдастырылды.

Тақырыптық алаң кадрларды даярлаудың қазақстандық және шетелдік озық тәжірибесін трансляциялау және ТжКБ ұйымдарының қазіргі заманғы формациядағы өсу нүктелерін айқындау мүмкіндігін береді.

Панельдік сессияға Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шапкенов С.Ж., Қазақстандағы Конрад Аденауэр қорының Бас директоры Томас Хельм сонымен қатар колледж директорлары мен еліміздің барлық аймақтарынан келген жұмыс беруші компаниялардың өкілдері қатысты.

Сессияның негізгі мәселесі — білім беру мен бизнес-қоғамдастықпен өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау, жұмыс берушілерді кадрлар даярлау процесіне тарту.

Атап айтқанда, келесі мәселелер талқыланды:

  • халықаралық білім беру кеңістігін құру перспективалары;
  • өндіріс пен еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағытталған оқу үдерісін ұйымдастыру тәсілдері;
  • ҚР ТжКБ жүйесіндегі дуалды білім беруді одан әрі дамытудың перспективалары;
  • педагогикалық кадрларды іріктеу және олардың біліктілігін арттыру үшін инновациялық әдістерді қолдану;
  • коммерциялық жобаларды іске асыру арқылы білім беру мекемелерінің кәсіпкерлік әлеуетін дамыту.

Іс-шара аймақтағы кәсіпорындар мен колледждер арасында білікті мамандарды даярлау, «ЖасМаман» жобасын жүзеге асыруда өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ, WorldSkills аймақтық және салалық чемпионаттарының өткізілуіне және Ұлттық және халықаралық чемпионаттарға қатысуына барынша ықпал етеді.

Конференция барысында WorldSkillsKazakhstan құзырет орталықтарының құрылуына байланысты мәселелер талқыланды, олардың міндеті кадрларды дайындау оқу процесін ұйымдастырудағы жаңа құралдарды пайдалану мен WorldSkills стандарттарын ТжКБ білім беру бағдарламаларына енгізу болып табылады.

 

ҚР БҒМ Баспасөз қызметі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.