Home » Біле жүріңіз » ШОШАҚ ТАМ

ШОШАҚ ТАМ

Сарышығанақ ауылынан теріскейге қарай бір шақырымдай жерде  жартылай бұзылған ескі мазар тұр. Оны осы елдің адамдары Шошақ там деп атайды. Шошақ тамның: «Бітеу там», «Қалмақ қызының мазары», «Қалмақ қызы мен қазақ батырының мазары» дейтін басқа да атаулары бар. Кесенемен бірге алаңқайдың атшаптырымдай аумағын сансыз көп төмпешіктер алып жатыр. «Адам аяғы баспасын, аруақтарға обал жасамасын» десе керек, ауыл азаматтары жуан темір сымды белдеулермен айналдыра қоршап тастапты. Шошақ там жер бетінен, шамамен бір метрге жуық биіктікте орналасқан. Оны биіктетіп тұрған бұзылған қабырғалардың үйіндісі болуы да мүмкін. Мазардың айналасында сирек өскен қурай мен бірер түп тораңғы көзге шалынады. Үйіндінің көлеміне қарағанда, кесененің биіктігі тым аласа болмағанға ұқсайды. Шошақ тамның оң жақ қапталының төмеңгі екі метрдей бөлігі жақсы сақталған. Мазарды жойылып кетуден сақтап тұрған да – осы қабырғасы сияқты. Оның сыртқы қабырғасының дәл орта тұсында үйіндімен шектескен кішігірім терезенің орны қылтияды. Кесене – алыстан қарағанда, үстелге төңкерілген үлкен сары тостаған немесе жапан түзде жалғыз қалған жұпыны киіз үйді көз алдыңа елестеткендей әсерде қалдырады. Біз бейіттің сырт жағынан келіппіз. Сым қоршаудан аттап өтіп, жоғары көтерілгенше, аздап еңбектенуге тура келді. Сөйтіп, өзімді қатты қызықтырған көне зираттың әр бұрышымен мұқият таныса бастадым. Кесене қабырғаларының жоғары жақ бөлігі ішіне қарай сәл еңкіштеу қаланған. Өкінішке орай, алдыңғы, артқы және сол жақ қабырғаларының ортадан төмен бөліктері ғана сақталған. Алдыңғы жағында адам бойы сиятындай есікке ұқсас үлкен ойық бар. Сол ойық арқылы ішке емін-еркін кіруге болады. Маған зират бір ғана мәйітке шақталғандай көрінді. Бірақ, неге екені белгісіз, ақсақалдар мұнда екі адамның жерленгенін айтып, аңызға бергісіз мына бір әңгімені алға тартты.

Осыдан жүздеген жылдар бұрын қазақ-жоңғар шайқасы кезінде қазақ батыры мен қалмақ баһадүрінің қызы бір-бірін ұнатып, мәңгі бірге болуға серттескен, — дейді. Бірақ, екеуі де соғыста мерт болғасын, денелерін осы зиратқа жерлеп, үстінен ұзатылған қызға кигізетін сәукелеге ұқсас кесене тұрғызған. Алайда, «кесенені кімдер орнатуы мүмкін?» деген сауалыма: «қазақтар мұндай кесене тұрғызбаған, мұны қалмақтар соққан» деп қария қысқа қайырды.

Асылы, бұл өңірде шым кірпіштен қаланған «төрт құлақты» деп аталатын көне қорымдар көптеп кездеседі, бірақ пошымы бөлек, тұрған орны да түсініксіз мына бір мазардың дәл осы жерде бой көтеруі – бір сәт ауыл ақсақалдарының әңгімесімен санасуға итермелегендей болды. Қалай дегенмен де, бұл жұмбақ бейіттің өңір тарихының беймәлім сырларын ішіне бүгіп жатқаны анық.

Егер ол шынымен де, қазақ-жоңғар шайқасынан кейінгі жәдігер екені рас болса, оның осыншама уақыт «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» хас батырдай, тізерлесе де, тапжылмай тұрған беріктігіне қайран қалмасқа амал жоқ.

Ызғары атан «түйені алып жығар» қара күздің орта шені болатын. Күннің райы бұзыла бастағасын, Қабдырахман ағаға құран оқытып, тамды әрі-бері айналып суретке түсірдік те кері қайттық.

Өзін үш жүзге аты әйгілі Қанай батырдың ұрпағымын деп таныстырған Төлеген есімді ақсақал бұрын там зираттың алдыңғы жағынан жапсарлай салынған тақтай күркесінің болғанын, бірақ, бертін келе бұзылып қалғанын айтты. Әңгімемізге арқау болған көне жәдігердің құпиясы мұнымен де шектелмеді…

Кеңес дәуірінің солақай саясаты қазақ жерінде қолдан жұт жасап, миллиондаған адамды жазықсыз құрбан еткені тарихтан белгілі. Сол жұтты Сарышығанақ ауылының тұрғындары да бастан кешіріпті. Бір түйір нан табу мұң болған заманда адамдар өмір үшін арпалысып жүріп, кез келген жерде: үйде, ауыл сыртында, жолда, көшеде, бұрыш-бұрышта, ауланың шарбағына асылған күйі де бақилық боп кеткен. Әр жерде шашылған сол мүрделерді жоғарғы жақтан «ауыл маңын тәртіпке келтіру» туралы нұсқау түскенде, колхоз басқармасы ат-арбаға тиетіп, ауыл сыртына жерлетіп отырған. Халықтың азып-аршығаны соншалық, тірілердің санатында жүргені болмаса, төрт-бес ер адам жабылып жүріп, бір мүрдені әрең көтерген. Жаңағы біз көрген төмпешіктер аштықтан қырылған сол бейкүнә жандардың қабірлері болып шықты. Осы қасіретті кезең Шошақ тамды да айналып өтпепті. Қабіршілер жер қазуға шамалары келмегенде мүрделерді жақын тұрған кесененің ішіне терезесінен түсіріп кетіп отырған. Кейін терезенің «көзі» толған кезде төбесін бұзып, өліктерді жоғарыдан төмен тастай берген.

Төлеген қария бір жылдары Қарағандыға бара жатып, Шідертіден шамамен төрт жүз шақырымдай асқанда биіктігі екі-үш метрдей, дәл осыған ұқсас сарғыш түсті, бітеу тамды көргенін айтады.

Бұл – кездейсоқ ұқсастық па, әлде бұлардың арасын байланыстырып тұрған жасырын сыр бар ма, о жағы әзірге, белгісіз …

 

 

Айгүл МОЛДАШ,

Павлодар

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.