Home » Мақалалар » Киелі жердің кереметі де мол

Киелі жердің кереметі де мол

Павлодар облысы – еліміздегі ең ірі индустриалдық аймақтардың бірі. Мұндағы туристік саланың дамуына аймақтың ғажайып табиғаты, соның ішінде аңдары мен құстарының, өсімдік түрлерінің сан алуандылығы, олардың емдік және дәрумендік қасиеттерінің молдығы, қолайлы геосаяси орны басты негіз болып келеді. Мәселен, Тереңкөл және Железин аудандары емдік шөптерімен ерекшеленсе, Ертіс өңірі – дәруменді жемістерімен, Аққулы ауданы аққу, құр, бөдене, т.б. құстарымен әйгілі. Бұдан басқа, мың дертке бір дауа болған Мойылды, Маралды, Қаратұз шипажайлары мен Баянауыл ауданындағы жергілікті халық «екінші Швецария» деп мақтанышпен атайтын Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы да бар.

БМҰТП-де жиырмадан астам археологиялық ескерткіштер, қола дәуірінен қалған қорғандар, тастағы жазулар мен таңбалар, құпия сырын бауырына бүккен тау сілемдері мен ірілі-ұсақты жартастар ұлттық мұра ретінде мемлекетпен қорғалады. Киелі өңір адамзат баласын ежелден таңғажайып табиғи сұлулығымен, әлемге аты мәшһүр біртуар тұлғаларымен және баға жетпес тарихи-мәдени құндылықтарымен қызықтыруда. Сол себепті, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы республикалық деңгейдегі ағартушылық, ғылыми-танымдық, туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалануға лайықты нысан ретінде қарастырылған. Табиғи саябақтың аумағы – 68452,8 га-ды құрайды. Ол – Баянауыл, Жасыбай, Далба орманшылықтары болып үшке бөлінеді. Соның ішінде қорық режимі – 9079 га, экологиялық тұрақтандыру аймақтары – 4695 га, туристік және рекреациялық бөлігі – 11615 га алып жатыр. Ал, 25304 га жер – шектеулі шаруашылық қызметтерге бағытталған.

Қазіргі кезде Баянауыл МҰТП-нің бас жоспарын жасауға 4500 мың теңге қаражат бөлініп, аталмыш саябақ аумағында бірнеше ауқымды  әлеуметтік жобалар қолға алынған. Соның ішінде Жасыбай демалыс аймағында сауда орындарымен қамтылған спорттық-сауықтыру орталығын ашу, Сабындыкөл маңында демалыс үйлерінің құрылысын бастау, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесін орнату туралы да жоспар бар.

Баянауылдың Мырзашоқы тауында бір сағатта 600 адамды көтере алатын ұзындығы 960 метр екі орындық 63 кабиналы арқан жолды тау-шаңғы базасы былтырдан бері туристерді таулы жердің табиғатымен таныстыруда. Қазіргі кезде Баянауыл бөлімшесінің 87-орамында тау-шаңғы базасының құрылысын жүргізу туралы техникалық-экономикалық негіздемеге өзгерістер енгізілуде. Ауданға кіре берісте орнатылған стелладан Жасыбайға дейінгі бес шақырымдық аумақта көше шамдары мен «Рухани жаңғыру» стендтері орнатылып, Баянауыл-Жасыбай аумағында ілінген үш тілде жазылған билбордтар еліміздің үш тұғырлы тілге қатысты қазіргі ұстанған жаңашыл бағытын жария етуде.

Туристік зона аумағында сенбіліктер ұйымдастырылып, жұмыскерлер бордюрларды әктеп, жағажайдағы киіну бөлмелері мен орындықтарды, серпантинге қарай жаяу серуендеуді ұнататындар үшін баспалдақтар мен киім ілетін бөлмелерді тәртіпке келтіреді. Сонымен қатар, киіз үй, этноауыл, «Балауса» сауықтыру аттракционы, ойын-сауық алаңдары және сауда-саттық орындарын орналастыруға, т.б. отыз жер телімі беріліп, бірлескен қызмет туралы келісім шарт жасалған. Ал, жаздың жаймашуақ күндерін БМҰТП-да өткізуді жоспарлаған жүздеген, мыңдаған саяхатшыларға отыз демалыс үйі сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетіп келеді.

Ахметжанов Сүйіндік Бердешұлы, «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры:

  • Соңғы жылдары туризмге көп көңіл бөліне бастады. Бірақ, орманды – өрттен, аң мен құсты – қара ниетті браконьерлерден аман алып қалу – ұлттық саябақ қызметкерлері үшін басты мақсат, туризм – екінші орында. Менің аталмыш қызметте жүргеніме төрт жыл болды. Осы уақыт аралығында тақырыпқа қатысты талай игі істерге ұйытқы болып, барынша атсалысумен келемін. Нақты атап айтар болсам, Баянауыл МҰТП аудан, ауыл әкімшіліктерімен бірге бес жылға келісім шарт жасап, Жасыбайдағы орталық жағажайды көркейту жұмыстарының жоспары құрылды. Орталықта ерлер мен әйелдерге арналған заманауи үлгідегі сегіз дәретхана орнатылды. Ортадағы жол уақытша жабылып, «Кіші Арбат» деп аталатын айналма жол іске қосылды. Мұндағы мақсатымыз: демалушылардың бала-шағасымен еркін жүріп-тұруына жағдай жасау. Биыл облыс әкімі Болат Бакауовтың қолдауымен, тағы бір ірі жоба – Қоңыр әулие үңгіріне шығатын сатыларды жаңарту қолға алынып, облыс және аудан әкімшілігінің бірлескен жобасы аясында ағымдағы жылдың қыркүйек айында жүзеге асады деп күтілуде. Сондай-ақ, жоспарда автотұрақтар орнату да ескерілген. Ал, Қоңыр әулие үңгірінен Жасыбайға дейін салынатын жол құрылысына – 128 млн.теңге қаржы қарастырылды.

Бұрын Баянауыл жақтан келгенде үлкен автобустардың жолаушылары көліктен түсіп, серпантиннен жаяу өтетін. Осы мәселені облыстық жиында көтердік, нәтижесінде – Екібастұз, Омск, Павлодар, Астанадан келген демалушылар үшін Торайғыр-Жасыбай бағытындағы 12 шақырымдық жолға асфальт төселінді. Торайғыр ауылының тұрғындарын демалушылар мен туристерге қонақжайлық танытып, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық тағам түрлерін насихаттауға шақырдым. Екі жылдан бері бастаған берекелі ісіміз өз нәтижесін беруде.

Өткен жылы 1200 шақырымдық әуежай алаңы салынды.

БҰМТС-ын Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы – Юнескоға кіргізу мақсатында екі жылдай жұмыс жасадық. Өткен айда Юнескодан, атап айтсақ, Жапония, Қытай, Бельгия елдерінен өкілдер келіп, ұлттық саябақтың құндылықтарына таңдай қағып, тәнті болысты. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлының бастауымен, алматылық ғалымдар да қонақ болып, бастамамызға қолдау танытты. Негізі, Баянауылда саяхаттап келушілерге таныстыратын небір керемет орындар жеткілікті.  Бірақ, әзірге, бәрін қамту мүмкін болмай жатыр. Қазақтың ұлы ойшылы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің бірегейі Мәшһүр Жүсіп бабамыздың кесенесі осында Ескелді деген жерде тұр. Оған тек Егіндібұлақ арқылы айналыспен бару керек. Болашақта бұл мәселенің де түйткілін тарқатып, қасиетті Мәшһүр Жүсіп бабамыздың зиратына Жасыбай арқылы қатынайтын тура жол салсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір айтарым, мемлекет қорғауындағы: Қатонқарағай, Алматы, Іле Алатауы, Емел сияқты ұлттық табиғи саябақтардың бәрінде демалушылар мен туристерге арналған арнайы қонақ үйлері бар. Сондай бір қонақ үйді осы Баянауылда неге ашпасқа? Міне, енді осы сұрақпен Комитетке шығып жатырмын…

Бізде Майкөбе – Сарыкөл – Талдыкөл елдімекендеріне қатынайтын  теміржол бар. Туристерді көбірек тарту әрі өңірдегі туризмді белсенді түрде жандандыру мақсатында сәрсенбі, сенбі күндері пойыздың жүру кестесіне  Торайғырды да қосса, тіпті керемет болар еді! Бұл ұсынысымды қолдайтындар көп, бірақ қаражат мәселесі қолбайлау болып тұрған жайы бар,-дейді мекеме басшысы Сүйіндік Бердешұлы.

Туған жерінің талы мен тарағын қадір тұтқан ойы ұшқыр басшы ағайға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Еңбегіңіз жанып, армандарыңыз орындала берсін!

 

 

Айгүл МОЛДАШ,

Павлодар.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.