Home » Жаңалықтар » «ROBOLAND 2019»да алтын медаль

«ROBOLAND 2019»да алтын медаль

Робот техникасы, бағдарламалау және инновациялық технологиялар «ROBOLAND 2019» V Халықаралық фестивалінде Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 1-орын жеңіп алды.

Фестиваль 2019 жылдың 29-30 наурызында Қарағанды қаласында өтті, білім бәйгесіне биыл еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ, Ресейдің 4 облысы, Өзбекстан мен Италиядан келген 300 команда бақ сынасты. Бас-аяғы 600-ден аса қатысушы екі күн бойы өздері жасаған бағдарламалар мен роботтарының артықшылықтары мен жетістіктерін паш етті.

10 «В» сынып оқушылары Бекболат Азамат пен Елжан Еркебулан RoboCup ережесі бойынша роботтардың дербес футболы категориясына қатысып, 1 орынға ие болды. Жеңімпаздарға «RoboCup – Russia Open – 2019» чемпионатының Ресейлік ашық кезеңіне жолдама және бағалы сыйлықтар берілді.

Информатика пәні мұғалімі Қуаныш Магауинның айтуынша, ROBOLAND фестивалі — үлкен тәжірибе алаңы. Әр келген сайын балалардың робот техникасына деген құлшынысы арта түседі. НЗМ оқушылары 2016 жылдан бастап, үш жыл қатарынан ROBOLAND Халықаралық фестиваліне қатысып келеді. Бұған дейін үшінші орынды қанжығаласа, биылғы жылы алтын медальға қол жеткізген.

— Фестивальге түбегейлі дайындықпен барған едік, — дейді жеңімпаз Бекболат Азамат. — Бұл фестивальде жеңімпаз атану — биылғы жылдың басты мақсаттарының бірі болатын. Бірінші ойында Ресей бойынша «Роботтар лигасы» командасының үздік ойыншыларымен кездестік. Өткен жылы біз оларға 1:0 есебімен ұтылып қалған едік. Осы жылы біз олардан 7:1 есебімен оза түстік. Жалпы ұпай есебі 25:1 ұпайды құрады. Мен қақпашы, Еркебұлан шабуылшы әрі команда капитаны болды. Командалық жұмыстың арқасында жеңіске жеттік.

Жобаны құрастырушылардың бірі Елжан Еркебұлан барлық категориялардың ішінен ең күрделісі роботтар футболы болып саналатынын айтады. — Бұл сайыс физика, математика және информатика пәндері бойынша жан-жақты білімді қажет етеді, — дейді ол. — Мектеп бағдарламасына әлі енбейтін тақырыптарды тереңдете меңгереміз. Бұл ретте, біздің ұстазымыз, Қуаныш Магауинның еңбегі зор. Келесі мақсатымыз — Томскке барып, осы турнирді ұтып алу. Әрі қарай Венгрияда өтетін «WRO-2019» да жеңіс тұғырынан көрінгіміз келеді.

Божақанова Рымгүл Асылбекқызы,
Павлодар қаласы
химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.