Home » Білім және өнер » Мұрагердің мұраты…

Мұрагердің мұраты…

Біздің заманымыздың асыл ойлы тұлғасы болған, ағылшынның данышпан-физигі Стивен Хокинг: «Білімнің басты жауы – надандық емес, білімділік  иллюзиясы» дейді. Өте дәл айтылған. Алып қосар ештеңе жоқ. Біздің мемлекетің қоғамында бұл дертті құбылыс етек жайған. Оны  жасанды статистиканың құрбандары жасайды.

Қазақстан адам дамуының индексі жағынан алдыңғы топта. Оған бірден-бір себеп халықтың жаппай сауаттылығы. Дегенмен хат тану мен жаратылыстану ғылымдарының дәмін тату бір басқа да, бірнеше тіл үйреніп, робототехниканың қыр-сырын  меңгеріп, білімнің рухани нәрін сіміру мен сіңіру мүлдем бөлек дүние. Қазіргі уақытта алыс ауылдар мен аудандардағы, тіпті кейбір қалалалық мектептер де бәсекеге қабілетті емес. Білім және ғылым министрлігінің осы олқылықтың орнын толтыру бағытында жасалып жатқан ізгі істері де баршылық. Жаңа әдістер мен тың тәсілдер қуаттандырған саналы бастамалар, ұрпақтың рухани азығы болып есептелетін білім мен тәрбиенің салмақты жүгін арқалай алатын,бірегей білім ошақтарында ғана іске асады. Қарағанды қаласының орталығына бағаналы білім ордасын тіккен «Мұрагер» облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты да осындай қайыспас қара нардың бірі.

Басшысы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, ағылшын тілінің педагог-маманы  Утебаев Нұрғазы Ғазизұлы болып табылатын оқу ордасы «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін шалғайдағы мекендердегі орта білім шаңырақтарына  тарату мен енгізудегі тірек мектеп болып табылады. Қабырғасы 1997 жылы қаланған іргелі мекеме шет тілдерін оқытумен қатар, негізі жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс жасайды.

Оқуға  бесінші сыныптан бастап сынақ емтихан арқылы қабылданатын шәкірттер бірден сан қырлы білім мен ғылым әлеміне сүңгіп, жаңа технологиялармен сусындайды. Әуелі қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетілдірсе, алтыншы сыныптан бастап әуезді француз тіліне ден қояды. Ал жетінші-тоғызыншы сыныптар аралығында биология, химия, физика, математика және информатика пәндерін ағылшын тілінде игереді.

Алымы мықты мектепте аттестацияның жаңа жүйесі бойынша ұстаздарының елу пайызы зерттеуші, модератор және эксперт категорияларын иемденген. Оларың ішінде Назарбаев университетінің түлегі Абдилрадов Мадияр Қанатұлы сынды жас педагог мамандар да бар. Бір жылдық тәжірбиесі ғана болса да, жас ұстаз облыстық форумдар мен семинарларда биология пәнін ағылшын тілінде оқытудың озық  үлгісін көрсетіп, гидропоника курсын жүргізудің оңтайлы тәсілдерін ұтымды ұсынып, әріптестерінің арасынан ойып тұрып орнын ала білді.

Қарымы жоғары мамандардан білім нәрін сіңірген оқушылардың ҰБТ-да басқалармен салыстырғанда шабыты мен шалымы  жоғары. Оған мысал: Өткен 2017-2018 оқу жылының өзінде сексен бес түлегі еліміздің беделді жоғарғы оқу орындарының гранттарын қанжығасына байласа, олардың ішінде оны алтын белгі алып, алтауы үздік аттестат иегері атанған. Биылғы жылдың қаңтар айында өткен жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде отыз бес оқушы жүлдегер атанса, 11 сынып оқушыларынан құралған топ «Сөз-зерде» интеллектуалдық телебағдарлама ойынынның облыстық жеңімпазы болды.

Мұның бәрі оқу-тәрбие ісінің ілгерілігін көрсетіп, мектеп қабырғасында «Робототехника», «Дебат клубы», «Гидропоника», «Music club», «Dance club», «Media club», «Cooking club», «Анимация», «Домбыра өнері», «Шахмат» сынды курстары мен үйірмелерінің және IT-сынып, «Интеллектум», «STEM-centre» кабинеттерінің жұмыстарын жүйелі жолға қоя білген ұстаздар еңбегінің жемісі екеніне шынайы сендіреді.

 

Мектеп басшысының жетекшілігімен ашылған «Коворкинг орталығы» – мақсаты биік, өресі кең, өзекті нысан. Себебі оның алаңында дарынды бала дараланып,шәкірттің бәсекеге қабілеттілігі сараланып,оқушы мен ұстаздың сабаққа толыққанды дайындығы тағаланады. Орталықта жаңашыл ұстаз бен білім шырағын іздеген жас ұрпақ белгілі адамдармен кездесіп, кітап оқуды жанына серік етіп, PBL – жобаларын іске асырады.

 

Сәуір айының ортасында алты қанат ақшаңқан киіз үйлер тігіп, ән мен күйден шашу төгіп, сорт пен өнерден аламан ұйымдастырған «Мұрагер» мектебінің ұжымы өскелең ұрпақтың жадына бабалар        тағылымын сіңіріп, ата-аналар мен ұстаздар қауымын қазақтың қонақжай ақ дастарқанының басына тоғыстырып, сауапты да, салиқалы іс атқарды. Тігілген бәйгені теңдей бөліп, татулық пен берекені насихаттады. Спортта оза шапқан оқушы оғландарына марапат-сыйлық беріп, мақтау айтты. Балапан қыранын мәпелеп, жан жақты дамуын мақсат еткен алтын ұяның бір кездердегі балаң шәкірттерінің бір тобы бұл күнде «Болашақ» бағдарламасымен жаһанның әр түкпірінде білімін шыңдаса, бір парасы білікті маман атанып ұлтына қызмет етуде.

«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға  (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» – дейді Алаштың арыс-ақыны Мағжан Жұмабаев.

Осы ұстанымды ту еткен мектеп директоры Нұрғазы Утебаев пен оның үзеңгілес әріптестері ұлт сауаттылығының шын жанашырлары деп білемін. Ендеше бабаның аманаты мен ананың махаббатын арқалаған осы ұжымға шын жүректен шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілеймін.

 

Өтебай Құрманғазы
«Білім айнасы» газеті

 

 

 

   

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.