Home » Жаңалықтар » Қырғыз елінен жеткен қуанышты хабар

Қырғыз елінен жеткен қуанышты хабар

Қырғыз Республикасының «Өңірлік даму жылы» аясында ұйымдастырылған IV халықаралық «Jeti Oguz жұлдыздары» фестивалінде қазақстандық өнер иелері қос бірдей бас жүлдені жеңіп алды.

Аталмыш байқау биылғы жылы Қырғызстанның Халық әртісі Мукамбет Токтобаев пен Қырғыз Республикасы мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер, әнші Элмира Кайып қызының құрметіне арналыпты. Байқауға Түркия, Ресей, Үндістан, Моңғолия, Қырғызстан, Қазақстан, Саха (Якутия), Тува (Тыва) елдерінің өнерпаздары қатысып, өз бақтарын сынады.

Солардың арасында өз таланттарымен дараланған қазақстандық өнер иелері «Актерлік шеберлік» және «Би өнері» номинациялары бойынша үздік деп танылды. Атап айтқанда, көркем сөз оқу кезеңінде қазақ елінің намысын қорғап, жоғары өнер көрсеткен Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, аудармашы Эльмира Мақашева Гран при жүлдегері атанды. Ал би өнерінде алдарына жан салмаған Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының бишілері Сұлтан Даутов пен Камилла Халелова бас жүлдені иеленді. Халықаралық байқауда қазақ елінің намысын қорғаған батысқазақстандық таланттар өз шеберліктерімен көрерменді тәнті еткен.

Оралдағы Хадиша театрының белді актрисасы Эльмира Жұмажанқызы халық жазушысы  Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» романынан үзінді оқып, қырғыз ағайынның көзіне жас үйіріп, өзінің шеберлігін дәлелдепті.

– Бұл байқау – менің өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі. Себебі, әр елдің мақтаныштары мен мықтыларының арасында еліміздің абыройын асқақтату бізге оңайға соқпады, – деді өзінің қуанышымен бөліскен жерлесіміз Эльмира Жұмажанқызы.

Қырғыз еліндегі мәдени шара   бұған дейін  Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына, Әшіралі Айталиевтің 95 жылдығына, Калыйбек Жекшеновтің 65 жылдығына, Эмил Токтобековтің 55 жылдығына орай ұйымдастырылған екен. Өткен жылы осы фестивальге «Үздік дәстүрлі әнші » номинациясы бойынша қатысқан Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының «Орал сазы» оркестрінің әншісі Күләш Қуанышқалиева  бас жүлдені жеңіп алған. Оған биыл фестивальдің құрметті қонақтарының қатарында болу мәртебесі бұйырыпты.

 

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», Орал

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.