Home » Жаңалықтар » Батыс Қазақстанда 12 мыңнан астам педагог қызмет етеді

Батыс Қазақстанда 12 мыңнан астам педагог қызмет етеді

Педагогтардың дәстүрлі Тамыз кеңесі жиыны БҚО-да осы аптада өз жұмысын бастады. Орал қаласы мен аудандарда ұйымдастырылған секциялық отырыстарда ұстаздар жаңа оқу жылының жаңалықтарынан хабардар болып, өзара іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Біз Оралдағы №50 жалпы орта білім беретін мектепте өткен «Шығармашылыққа шектеу жоқ» педагогикалық инновациялар жәрмеңкесінің куәсі болдық. Мұғалімдердің жаңа идеялар мен жаңалықтар енгізуіне, жұмыс тәжірибелерімен өзара бөлісуіне қолдау көрсету, педагогикалық озат тәжірибе алмасу алаңын құру, әдістемелік жұмыстарды жандандыру мақсатындағы шараға шағын жинақты мектеп, дене шынықтыру және АӘД пәнінің мұғалімдері, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу, бастауыш сынып оқытушылары және кітапхана қызметкерлері – барлығы 300-ден астам адам қатысты.

Педагогикалық инновациялар жәрмеңкесінде алдымен сөз алған БҚО білім басқармасының мектепке дейінгі жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиева шараның мақсатына тоқталып, алдағы оқу жылының сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.

Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзинаның айтуынша, алдағы оқу жылында үш жаңа пән оқу бағдарламасына енгізіледі.

 

– Облыстық педагог қызметкерлердің биылғы тамыз кеңесі «Жаһандық құндылықтар және қазақстандық білім мен ғылымның сапасы» деген атаумен өтуде. Тамыз кеңесі аясындағы секциялық жұмыстар 5 тамыздан басталған болатын. Жұмысымыздың негізгі мақсаты – оқу жылы қарсаңында мұғалімдерге бағыт-бағдар нұсқау, ерекшеліктермен таныстыру, іс-тәжірибелерін ортаға салу. Биыл жаңартылған білім беру мазмұнының аясы кеңейе түспек. Сәйкесінше, 4, 9, 10-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. Нәтижесінде 1-10-сыныптар түгелдей жаңартылған білім мазмұнымен оқытылады. Олардың қатарын толықтыратын 10-сыныптарға үш жаңа пән енгізілуде. Бұрынғы «Алғашқы әскери дайындық» пәні енді «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» деп аталады. Бұрын курс ретінде оқытылған «Өмір қауіпсіздігінің негіздері» аталмыш пәннің аясында жүргізіледі және әскери робот техникасы негіздері үйретіледі. Ал «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» атты жаңа пән балалардың мамандықты дұрыс таңдауына, болашақта өз кәсібін ашуына ықпал ететін болады. Сонымен қатар «Графика және жобалау»  деген жаңа пән оқытылады. Осылайша жаңартылған білім беру мазмұнының негізгі мақсатын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады, – деді Аягөз Орынбайқызы.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«BILIM AINASY», БҚО

Назгүл ТҰРЫМТАЕВА, Шыңғырлау аудандық  орта жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

Біздің мектебімізде оқушылар екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Тамыз кеңесі аясындағы секциялық отырыста өз жобаларымызды қорғадық. Мен сол үлкен жобаның сабақта психологиялық ахуалды ұйымдастыру бөлімі бойынша іс-тәжірибемізді әріптестерімізбен бөлістім. Бұл – сабақтың маңызды бөлігі. Мұғалім балалармен жұмыстануда сабақтың ойдағыдай өтуіне назар аударуы тиіс.

Айзерек ЕДІЛОВА, №37 балабақшаның ағылшын тілі пәнінің оқытушысы:

Он жылдан бері білім саласында жұмыс жасаймын. Менің секциялық басқосуда көрсеткен жобам шет тілін ерте жастан үйренушілер арасында тілдік орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл жобаны жақында ғана қолға алсақ та, белгілі бір нәтижеге қол жеткізіп үлгердік. Сол тәжірибемді әріптестеріммен бөлісіп, ағылшын тілі пәнін мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге үйретуге болатынын жеткіздім. Өзім сабақ беретін 4-5 жастағы бүлдіршіндерге сабақты толықтай ағылшын тілінде жүргізуге болады. Тек әдістемені дұрыс таңдай білсе болғаны.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.