Оралдағы «Дарын» қосымша білім орталығындағы жазғы лагерьдің кезекті ауысымына жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының және РФ Самара облысынан «Ақ жол» аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымының оқушылары демалуға келді.
Сонымен қатар Батыс Қазақстандағы орта жалпы білім беретін мектептердің 4-10-сынып оқушылары қатысуда. Бұл жолғы лагерь кезеңі «Үш тұғырлы тіл» тақырыбына арналыпты. БҚО білім басқармасының қолдауымен «Дарын» қосымша білім орталығы ұйымдастырған жазғы лагерьдің ашылу салтанатына облыстық Қазақстан халық Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен БҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Габдушев қатысты. Олар оқушыларға демалыс күндерін жақсы өткізулеріне, көптеген достар табуларына тілектестік білдірді. Түркістан облысының Арыс қаласының оқушылары мен Ресейден келген қаракөз қазақ балаларына Ақ Жайықтағы Орал шаһары – көне әрі тарихи қала, ал халқы қонақжай екені айтылды.
Салтанатты шарада топтарға бөлінген демалушылар өздерін таныстырып өтті. Бұдан әрі шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.
«Дарын» қосымша білім орталығының директоры Гүлсім Дүйсенғалиеваның айтуынша, мұнда оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру төрт ауысымға белгіленген. – Жазғы демалыста қосымша білім орталығына білімді де білікті ұл-қыздарды тарту көзделгендіктен, мұнда оқу-жаттығулары қоса жүргізіледі. Белгілі бір тақырып аясында өткізілетін әр маусымда 100-ден астам бала демалады. Осы маусымда облыс әкімдігінің қолдауымен Арыста болған төтенше жағдайға байланысты 6-12 жас аралығындағы елу баланы Оралда тегін демалуға алдырттық. Сонымен қатар
Ресейдің Самара облысындағы қазақ диаспорасы жанұяларының ұл-қыздары келді. Олардың бұл сапары Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы мен «Ақжол» атты қазақ диаспорасының ортасында жасалған арнайы келісімшарт аясында жүзеге асырылды, – деді Гүлсім Ғабдулғазизқызы.
Жетінші сынып оқушысы Мәриям Балғабай Оралға Арыс қаласынан келіпті. – Бізді алғашқы күннен қарсы алып алған ағай-апайларға, демалысты ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Үйімізге керемет көңіл күймен, жақсы тынығып қайтамыз деген ойдамын. Оралға бірінші рет келіп тұрмын. Лагерьге келгелі түрлі іс-шараларға қатысып, уақытымыз қызықты өтуде, – деді өзінің әсерімен бөліскен Мәриям.
Он күн «Дарын» орталығында демалатын оқушылар арнайы жасақталған бағдарлама аясында қаламыздағы тарихи, мәдени орындарға, спорттық нысандарға, театрларға, өндіріс орындарына саяхаттап, өз уақыттарын тиімді өткізетін болады.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», Орал