Home » Жаңалықтар » «Айбын» жиынында батысқазақстандықтар жеңіске жетті

«Айбын» жиынында батысқазақстандықтар жеңіске жетті

«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған «Жігер» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері Оралға жеңіспен оралды.

Биыл бесінші мәрте ҚР Қорғаныс министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған әскери-патриоттық жастар жиыны 17-22 маусым аралығында Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығының полигонында өтті. Туған жерлеріне 26 маусым күні жеңіспен оралған «жігерліктерді» Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиев қабылдап, жеңістерімен құттықтады.

Бұл команданың жетекшілері, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері Манарбек Әмірғалиев пен Марат Аққалиев те шәкірттерінің жетістіктеріне дән риза.

– Республикалық шараның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы, ҚР Қарулы күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, жастарға сәттілік тіледі. Әскери-патриоттық жиынға әр облыстың командалары, ҚР Қарулы күштерінің өңірлік қолбасшылықтарының клубтары, Қарулы күштердің мамандандырылған арнайы мектеп-интернаттарынан барлығы 38 команда қатысты. Биылғы кезең ерекше өтті, – деді команда жетекшісі, АӘД пәнінің мұғалімі Манарбек Орынғалиұлы.

Жиынға қатысушы командалар әскери қолданбалы спорттың сегіз түрінен өзара сайысқа түскен. Сонымен қатар жас патриоттар робототехника, «Айбын дауысы» кезеңдерінде өз өнерлерін ортаға салған. Ал конкурстық кезеңдерден тыс бес тас, асық ату, ләңгі секілді ұлттық ойындар, интеллектуалды сайыстар, «Эрудит» шарасы ұйымдастырылған. Жастардың жігерін жаныған, патриоттық сезімдерін арттырған, жолдастыққа тәрбиелеген «Айбын» әскери-патриоттық жиынында барлық кезеңдерден жүлделі орындар алған батысқазақстандық команда 41 ұпайды еншілеп, 1-орынға қол жеткізген.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», Орал

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.