Home » Балабақша » «Қыз Жібектегі» коуч-сессия көңілден шықты

«Қыз Жібектегі» коуч-сессия көңілден шықты

Ағымдағы жылдың 15-ақпанында Астана қаласы әкімдігінің №89 «Қыз Жібек» балабақшасы МКҚК-де ««Lesson study»: теория мен тәжірибе» атты тақырыпта коуч – сессия өткізілді. Lesson Study-дің негізгі кезеңдерімен таныстыру және тәжірибе барысында іске асыруды мақсат еткен аталмыш шараға №54 «Нұр-Ай» балабақшасының басшысы Зариякүл Мұсабайқызы бастаған бірнеше балабақша меңгерушілері қатысты. Атап айтсақ, №57 «Салтанат» балабақшасының меңгерушісі Роза Мақсұтқызы, №80 «Ботақан» балабақшасының меңгерушісі Жанар Сейітқалиқызы, №7 «Аққанат» балабақшасының меңгерушісі Гүлмаржан Қуанышқызы және ата-аналар мен тәрбиеші, әдіскерлер, сондай-ақ, балабақша бүлдіршіндері айтулы шараның абыройлы өтуіне тілектес болды.
Коуч-сессиияның салтанатты ашылуында сөз алған №89 «Қыз Жібек» балабақшасы МКҚК меңгерушісі С.К. Атаканова шараның кезеңдеріне тоқтала келе, оның мақсат-міндетін, өскелең ұрпаққа берер пайдасы мен жаңашылдығын тілге тиек етті.
Шараның теориялық бөлімін балабақша әдіскері И.К. Шарипова мен қазақ тілі пәні мұғалімі Б.Т. Кыдырмоллаева өз дәрістерінде білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс болу керектігін айта келе, мектеп жасына дейінгі балалардың зияткерлік дамуына ықпал ететін факторларға терең тоқталды.
Сессияның тәжірибе бөлімінде жиналған қауым топтарда ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін тамашалады.
Еділова Данара Нұрайқызы тәрбиешілік ететін «Алақай» және Жаңабекова Динара Талғатқызы тәрбиешілік ететін «Ақбота» атты ортаңғы топтар мен «Нұрай» балабақшасының ересектер тобына тәрбиешілік ететін Құсайынова Дана Кенжетайқызы, сондай-ақ, Естемесова Қымбат Мұхамедәлиқызы тәрбиешілік ететін «Әсем-ай» мектепалды даярлық тобы берілген тапсырмаға білек сыбана кірісіп, сессияға тың серпін берді.
Жүздері қуаныштан бал-бұл жанған бөбектер мен жасөспірімдердің жанарынан таңданыс пен талпыныс анық байқалады. Сессияның сәнін кіргізген балақайлардың мың бұралған биі мен әуелеген әндеріне сүйсінген көпшілік оларға жарқын болашақ тіледі.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерді талдау және пікір алмасу бойынша да балабақша тәрбиешілерімен қоса қатысушылар белсене араласып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Тағылымы мол сессияға қатысқан балабақша меңгерушілері аталмыш шараның сапалы, өскелең ұрпаққа берер өнегесі мол деңгейде өткенін айта келе, атсалысқан балабақша қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіріп, келер күндеріне кемел болашақ тіледі.
Сабақ беру барысында табысты әдістер арқылы балалардың және тәрбиешілердің білім деңгейін көтеру және педагогикалық оқумен оқытуда бағалау тәсілдерін тәжірибеде іске асыруды мақсат еткен аталмыш коуч-сессия өз деңгейінде өте жоғары сапада өткізілді.
Айтулы шарадан бүлдіршіндерден бастап, балабақша қызметкерлеріне дейін өзіне қажетті ақпаратты саналарына сіңіріп, білім багажын тағы толықтырғандарының айқын куәсі болдық.
Мектеп жасына дейінгі балалардың интеллектуалдық және шығармашылық дамуына мүмкіндік беретін, мектепке дейінгі ұйымда дамытушылық ойындар мен инновациялық технологияларды қолдануды мақсат еткен аталмыш шараны ұйымдастырған балабақша ұжымын редакция тарапынан біз де құттықтаймыз!

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.