Home » Білім және тұлға » ЕҢБЕКТЕГІ ӘР МИНУТ- БІР НЕСІБЕ

ЕҢБЕКТЕГІ ӘР МИНУТ- БІР НЕСІБЕ

   “Баланың жақсысы- қызық, жаманы күйік”,- деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, еңбекке епті, білімге жақын, ізденпаз ұрпақ туса мерейің үстем болады екен. Жасынан ғылым қуып, жан – жақтылыққа құмар баланы, кімге де болсын құлақ түріп тыңдап, көзбен көрген қызық. Лайым, дәл осындай шәкірттер көп болса игі.

Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Талапкер ауылына қарасты, №3 орта мектеп директоры Сағынбала Хасенқызымен білім ошағының бүгінімен таныстым. 7- сынып оқушысы Карбаев Асылбектің ғылыми жұмысын көргенімде еріксіз таңқалдым. Балғынның ізденіске құштарлығы, ілім- білімге құмарлығы сүйсіндірді. Саламат Турсыновнаның жетекшілігімен 1-7 сыныптар аралығына ұйымдастырылған  “Зерде” республикалық байқауына қатысып, “қазақ тілі және әдебиеті” секциясы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Шәкәрім Құдайбердіұлының “Әділ- Мария” романының тілін зерттеп, ұсынған. Асылбек: “Шәкәрімнің прозалық шығармалары, оның ішінде қазақ халқының өткен дәуіріндегі хал-ахуалын танытатын романдарының бірі “Әділ-Мария”. Оның тілдік ерккшелігі жайлы зерттеулер көп кездесе бермейді. Романда көптеген көнерген сөздер кездеседі, соның мәнісін ашу, автордың жазу стилі мен шеберлігін ашу басты мақсатым болды”,- дейді. Көзделген мақсат, діттеген межеге дөп келді. Ғылыми жоба бір күндік мәтін емес, жылдар бойғы еңбек десек еш етпес. Дәл осы сәттен алысты көздеп, биікті аңсаған Асылбектің алар асуы көп болсын. Жеткен жетістік оқушының ғана емес, жетекшінің де жеңісі. Саламат апай осы мектепте 1988 жылдан бастап жұмыс атқарып келеді. Ұстаздарға арнап өзінің “әдістемелік тәсілдер мен әдістер” атты жинаған басып шығарып, педагогикалық тәжірибені жалпылау туралы облыстық куәлікпен және адал еңбегі үшін құрмет грамотасымен марапатталды.

Адам кез- келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рақмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады.

Диана НҰРБЕКҚЫЗЫ
BILIM AINASY
Нұр-Сұлтан қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.