Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мектептерге бекітілген дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын жалға беру ережесінің қабылданғаны туралы хабарлайды. Жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың нысандарды жалға алу мүмкіндігі бар.
Жалға алу нысандары сабақтан тыс уақытта және демалыс кезінде келесі бағыттар бойынша сәйкес беріледі:
1) қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру (балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту, спорт саласындағы бейімділіктер мен қызығушылықтар);
2) дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізу.
Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт нысандарын жалдау туралы хабарландырулар www.gosreestr.kz сайтында орналастырылған. Бұл процедура тендерсіз жүзеге асырылады. Нысандарды жалға беруге ниетті үміткерлер осы сайтта Ережемен бекітілген үлгі бойынша өтінім береді.
Өтінішке келесі құжаттар қоса беріледі:
- мемлекеттік емес заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;
- жеке тұлғалар үшін – өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, рұқсаттардың мемлекеттік электрондық тізілімінен үзінді көшірме және өтініш беруші жіберген хабарламалар туралы ескерту хат (жеке кәсіпкер үшін).
Жалдау ақысын есептеу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 212 бұйрығымен реттеледі.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі