Home » Білім және тұлға » ҚОҢЫРАУСЫЗ МЕКТЕП

ҚОҢЫРАУСЫЗ МЕКТЕП

     Республикалық «Білім айнасы» ғылыми- танымдық газетінің «бір күн» жобасы аясында,  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің КММ №86 мектеп- гимназиясынада болдым. Мектеп 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап пайдалануға берілген. Ең қызығы, мектептің ерекшелігі қоңырау соғылмайды, бұл Финляндия мектептеріндегі «қоңыраусыз мектеп» тәжірибесінен алынған. Өз елінің тілін, тарихын, мәдениетін, салт- дәстүрін әлемнің кез-келген түкпірінде дәріптей алатын құзыретті тұлға қалыптастыруды өмірлік миссияларына айналдырып, ұлттық бағытта тәрбиелеу мен оқыту арқылы өз елін, жерін қорғай алатын, тілін құрметтеп, әрқашан қолдай алатын азаматтарды тәрбиелеу мектептің басты мақсаты. 2057 оқушы білім алып жатқан ошақта, 125 мұғалім жұмыс жасайды. Жоғары білімді- 108, арнаулы орта- 17, жоғарғы санатты- 41, бірінші- 19, екінші- 16, санаты жоқ- 49, «шебер педагог»- 7, «педагог- зерттеуші»- 18, «педагог- сарапшы»- 11, «педагог- модератор»- 6 мұғалім, оның ішінде 29 жас маман бар. Педагогика ғылымдарының докторы- 1, педагогика ғылымдарының кандидаты- 2, педагогика ғылымдарының магистрі- 11 маман.

Ұжымның алға қойған міндеттері- сабақтың өткізілу әдісімен, нашар үлгерімді және дарынды оқушылармен жүргізілетін жеке, ұжымдық жұмыстар арқылы оқушылардың білімін диагностика тұрғысынан алынған мұғалімнің қызметінің негізінде жүйелеумен, оқушы қабілетінің және табиғи ерекшеліктерінің дамуы барысында оқуға деген ынталарын арттыру.

Бүгінгі таңда білім беру мекемелерінің алдында өз бетінше іздене алатын, өзіне қажетті білімді өз еркімен ала алатын тұлға тәрбиелеу міндеті тұр. Ал оны жүзеге асыруда оқыту технологияларының алатын орны ерекше. «Ұлттың бәсекелестік қабілеті, бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады»,- деп Елбасымыз айтқандай, болашақтың бүгіннен де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана.

Беделі бес қарудай ел сүйсінген тұлғалар білім ошағында шәкіртінің ертеңі үшін елеңдеп, білім нәрін саналарына сусындатып жатса, қай мектептің абыройы бәсең болсын?! Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология және көптілді білім беру институты, қазақ тілі теориясы және әдістемелік кафедраның профессоры, п.ғ.д., ҚР Кіші Ғылым Академиясының вице-президенті, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, «Сатылай кешенді оқыту технологиясының авторы», Райымбек ауданының «Құрметті азаматы», Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, елінің елеулісі, халқының қалаулысына айналған Нұрша Алжамбайқызы бүгін де осы мектептің ұстазы. «Ұстаздан шәкірті озар»,- демекші, үшінші сыныптың оқушыларының өзі сатылай кешенді талдаудың жілігін шағып, майын ішкен. Әрине, бұның барлығы үлкен еңбек пен құнарлы білімді қажет етеді.

Сондай-ақ, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, түрлендіруші- реформатор Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан Республикасының «Тілдер күні» мерекесіне орай іс-шара өткен. Шара барысында «Сатылай кешенді оқыту» технологиясына негізделген «Нұрлы білім» ұлттық- интеллектуалдық, рухани- танымдық» клубының тұсаукесер рәсімі өтіп, мүшелікке мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар қабылданған. Атаулы күннің құрметті қонақтарының бірі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми, практикалық орталығы Бас директордың кеңесшісі, Қоғам қайраткері- Асанғазы Оразкүл Асанғазықызы болды.

Ұлттық құндылықты насихаттап, бойында алаштың рухы, жүрегінде көк туы, ісі мен сөзі келісті жалынды жастарды тәрбиелеуді мақсат еткен ұжым елеулі еңбек етіп келеді.  Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботакөз Қосымбайқызы балалар әдебиетіне негізделген өлең, әңгіме, сахналық қойылымдары жинақталған «Ақ қардай, әппақ әлеммін» атты кітабының  тұсауын кесіп, бүлдіршіндеріне біліммен қатар, өнерге, өмірге, өлеңге деген махаббатарын жүректерінің түбіне ұялатып келеді. Осы орайда, филология ғылымдарының кандидаты Амантай Оспановтың бастамасымен екі айда бір мәрте жарық көретін «Мектеп тынысы» атты мектепшілік журналды ерекше атап өткім келеді. Мектеп- гимназиясының ұстаздары мен оқушыларына және ата- аналарына қазіргі технологиялар, педагогика- психологиялық, ғылыми- инновациялық ізденістерге арналған басылымның берері мол. Оқушалыр мен ұстаздардың өлең- жырлары мен әңгімелері, ата-аналардың жүрек жарды лебіздері, жалпы мектеп өмірі баяндалған. Бір сөзбен айтқанда, осы мектептің ғалымдары мен ұстаздарының алдындағы аса ірі міндет- шәкірттерді саналы да тәрбиелі, парасатты да білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеу. Мектеп- гимназиясында білім берудің түрлері мен әдістерін жаңартудың негізгі мақсаты- әрбір оқушының шығармашылық қабілетін барынша дамыту, рухани байлығын жетілдіру болып табылады.

«Ұстазы мықтының, ұстанымы мықты»,- дей келе, 12 оқушы қалалық ғылыми жобалар байқауынан, қалалық олимпиададан 18 оқушы жүлделі орындарды иеленіп, еншілері бос қайтпады. «Жарқын болашақ» атты республикалық байқауда оқушылар ІІ орынды қанжығаларына байлады. Республикалық Педагогикалық идеялар фестивалінде бір мұғалім жүлдемен оралды.

Құлақпен естігенше, көзбен көрген мың есе артық емес пе?! Жолым болып, «Ақын болсаң өз еркін, адам болу міндетің» атты мектеп ішіндегі шараға дөп түстім. Кеш қонағы ретінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігі президентінің орынбасары, «Едіге» оқу орталығы ЖШС директоры, «Қызыл Жусан» журналының құрылтайшысы , бас редакторы-Тілепбердиев Ерқожа Әлғожаұлы және Халықаралық Түркі академиясының менеджері, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ Журналистер одағы мен Жастар одағы Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисті, Алматы обылысы, Райымбек ауданының «Құрметті азаматы»- Кәдірбек Құныпияұлы арнайы шақырылған. Мектепшілік «Жас қалам» үйірмесінің оқушылары ақ қағаз бен қыл қаламды серік етіп Отан, ана, табиғат, өмір жайлы жазған өлеңдерімен тәнтті етті. Кеш қонақтары, танымал тұлғаларымыз да өз өлеңдерінен үзінді оқып, сүбелі сұхбат жүргізді. Ең жас ақын 3 «ғ» сынып оқушысы Аружан Бөлекбайдың жазған туындысына тамсанып, бүлдіршінге ақ батасын берді. Жігерлі жастардың рухты бейнесін көрген тұлғалар бір марқайып қалды.

 Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмас үшін, біз білімді, һәм күшті болуымыз керек»,- демекші, білімнің шығар биігі де, жетер мұраты да белгілі. Айжамал Қожайханқызы басқарып отырған мекеменің жетістігі, жетер белестері, алар асулары әлі аз болмайды деп білдім. Біз тоқталған деректер соның бірі ғана. Білімі мен біліктілігі, ақылы мен көрегендігі басым басшылары бар ел, қашан да алғыр болмақ. Мектеп ұжымы мен оқушыларына толағай табыс, адал еңбек, биік белес тіледім.

Диана НҰРБЕКҚЫЗЫ
BILIM AINASY
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.