Home » Жаңалықтар » АҚТӨБЕЛІК ОҚУШЫЛАР БАСКЕТБОЛДАН РЕСПУБЛИКА ЧЕМПИОНДАРЫ АТАНДЫ

АҚТӨБЕЛІК ОҚУШЫЛАР БАСКЕТБОЛДАН РЕСПУБЛИКА ЧЕМПИОНДАРЫ АТАНДЫ

 Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен ІІ желілік баскетбол жарыстарының қорытынды кезеңі аяқталды. Жарысқа Зияткерлік мектептер арасындағы облыстық кезеңнің бірінші және екінші орындарының жеңімпаздары – 12 команда қатысты. Қыздар арасындағы абсолютті жеңімпаз Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы болды.

Спорттық сайысқа Назарбаев Зияткерлік мектебінің 100-ге жуық оқушысы қатысты. Ойындар өте тартысты өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар спортқа деген сүйіспеншілікті арттырады және командалық рухты нығайтады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және арнайы дипломдармен марапатталды.

– Аймақтық жарыстардан кейін біздің алдымызға үштікке ену, жеңімпаз атану және мектебімізге кубок әкелу міндеті қойылды. Әрине, жекпе-жек өте тартысты өтті. Оған үлкен психологиялық көзқарас қажет болды. Менің қыздарым бұған төтеп берді, тіпті барлық үмітті ақтады деуге болады. Олар финалда өте сауатты ойын көрсетті, – деп Ақтөбедегі Зияткерлік мектептің жаттықтырушысы Базаргүл Сырымова өз әсерлерімен бөлісті.

Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры барлығына жеңіске деген ерік-жігері үшін алғыс білдіріп, ерекше номинациялармен марапаттады. Оның ішінде «Үздік ойыншы» атанған ақтөбелік Медина Дюсембина да бар.

 

Айгерим Амангосова

Ақтөбе қ. НЗМ баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.