Сембаева Тоты Сериккалиевна,
Алматы облысы Іле ауданы
№ 40 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
«Ұстаз болу, яғни жақсы оқытушы болу үшін, оқытатыныңды да сүюің керек» деп В. О. Ключевский айтқандай, әрбір ұстаз өз мамандығын сүйіп, әр жұмысына махаббатпен кірісуі, әр сабағына шабыттана дайындалуы керек. Күндей мейірім мен жүрек жылуы төгілген білім мен тәлім-тәрбиенің баланың оқуға деген қызығушылығын арттыратыны хақ. Осы орайда, оқушылардың өзара, бір-бірімен ынтымақтастықта, бірлікте, сыйластықта жұмыс жасауы аса маңызды, ал бұл жұмыс түрі бірден-бір мұғалім шеберлігін қажет ететіндігі белгілі. Оқушылардың жеке-дара, жұптаса немесе топтаса жұмыс жасауын дұрыс ұйымдастыру кәсіби шеберлікпен өлшенеді. Оқушылардың жұптаса жұмыс жасауын тиімді ұйымдастырудың өзіндік қадамдары бар. Сабақта жұппен жұмыс жасатудың, оқытудың қыр-сырын меңгеру мұғалім үшін аса маңызды. Бір партада отырған екі оқушыны жұп етіп, тапсырма бере салғаннан гөрі жұптарды іріктеу әрі олардың деңгейіне сай тапсырма ұсыну да мұғалім шеберлігін қажет етеді. Кейде мінез-құлқына қарай, кейде өзара қарым-қатынасының мықтылығына қарай, жұп құрап, тапсырма ұсыну тиімділігін танытып жатады. Екі адамнан құрылған жұп тақырыпқа сәйкес жұмыстана отырып, нәтижеге жетуге тырысады. Жұптық жұмыста екі оқушы да бірлесе белсене жұмыстанса, әрқайсысы өз міндетін дұрыс түсінсе, тез арада нәтижеге жететіні белгілі.
Мұғалім жұптық жұмысты оқу бағдарламасына сәйкес ұйымдастыруы қажет. Жұптық жұмысқа ортақ талқылап, орындайтын тапсырмалар ұсыну әрі орындалатын жұмысқа белгілі бір уақыт беру оушыларды тайм-менеджментті игеруіне ықпалын тигізеді. Уақытқа сай, берілген тапсырманы орындап болған соң белгі беру арқылы, мысалы, смайлик, не болмаса қол шапалақтаумен білдірудің өзі оқушыларды қызықтыра түседі. Қазақ тілі сабағында диалог құрастыруға, ауызша сұрақтарға жауап беруге, онлайн платформа арқылы берілген тапсырмаға жұппен жауап іздеуге бейімдеу әлдеқайда тиімді. Жұппен жұмыс іскерлікке, жылдамдыққа, бір-бірімен ақылдасуына, пікірін тыңдауға, ортақ шешім шығаруға үйретеді. Жұптық жұмыс барысында оқушылар арасында түрлі пікір айтылып, келіспеушілік, екі ұдай пікір туындаған жағдайда мұғалім бірден бағыт-бағдар беріп, бірлесе жұмыс жасауға бағыттайды. Мұғалім кейде деңгейі әртүрлі оқушыны жұп ету арқылы да оқушылардың өздігінен білім алуына септігін тигізе алады. Кейде тіпті сабақ барысындағы аяқ асты құрылатын жаңа жұптармен сапалы жұмыс жүргізудің өзі оқушылардың жаңа ортада өз ойын еркін айтуына ықпал ететіні белгілі. Мұғалім жұп құрайтын әр оқушының тапсырманы орындау жолын, оған берілген дескрипторды біліп отыруын қамтамасыз ету керек әрі жұптардың өзге жұптармен жарыса жұмыс жасауына мүмкіндік жасағаны дұрыс.
Жаңаша білім беруде оқушылардың тапсырманы орындауына ықпал ететін жұмыс түрлерінің бірі — жұппен жұмыстың сапалы ұйымдастырылуы оқушылардың тұлғалық қабілетін арттыруға зор әсерін тигізері анық. Ұстаз тарапынан берілген дұрыс бағыт-бағдар оқушылардың жұппен шынайы, шабыттана жұмыс жасауына негіз болары сөзсіз.