Home » Мақалалар » Топпен жұмысты сапалы ұйымдастырудың инновациялық тәсілдері

Топпен жұмысты сапалы ұйымдастырудың инновациялық тәсілдері

Игембердиева Салтанат Берікқызы,
 ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің бастауыш сынып мұғалімі

Әр сабақ — өзіндік ерекшелігі бар ғажайып әлем.  Қазіргі сабақтар ұстаз шеберлігіне қарай түрліше өтуде. Сабақты өткізуші ұстаз барынша инновациялық әдістерді қолданып өткізері хақ. Соның ішінде топпен жұмыс жасау оқушының тек өздігімен ғана емес, ұжымдаса жұмыс жасауына, жүйрік ойлауы мен өзгелермен бірлесе әрекет жасауына септігін тигізеді. Топ ішінде әр оқушы өзіндік пікірін айтып, талқыға сала отырып, ортақ шешім қабылдайды. Шебер мұғалім топпен жұмысты көрсеткіш ретінде емес, шынайы  шығармашылықпен айналысатын орта ретінде қолдана  білетін қабілетке ие болуы керек. Бұл — әр топпен жұмыс белгілі бір тәртіппен, ережеге құрылатынын, нәтижеге бағытталатынының айғағы. Сабақтың өтілуі барысында топпен жұмысты қалай тиімді ұйымдастыруға болады?! Ең алдымен, қалай топқа бөлген тиімді? Тап қазір топқа бөлу барысында арнайы онлайн платформаларды пайдалану өте қызықты әрі тиімді. Ал топтың атауына келер болсақ, оқушыларға топ ішінен топ басшысын сайлап, жеребе ұсыну арқылы топ атауын қою оқушылардың көшбасшылық қабілетін арттырады. Жеребеде оқу мақсатына сәйкес берілген тақырыпқа қатысты атаулар ұсынылады. Мысалы, тақырыбымыз сөз табы болса, 1-топ “Заттар әлемі”, 2-топ “Сын айту әлемі”, 3-топ “Сандар әлемі” деп алуға болады. Топ атауларының өзі  оқушылардың тақырыпты жақсы меңгеріп алуына септігін тигізеді.

Нағыз жаңашыл ұстаз оқушылардың бір-бірімен тіл табысып, бірлесе жұмыс атқаруына баса назар аударуы  тиіс. Топпен жұмыс барысында жақын арадағы даму аймағы арқылы тапсырмаларды орындауда  әрбір оқушы сабаққа атсалысуға тырысады. Бұл ең алдымен, мұғалімнің дұрыс бағыттауы арқылы жүзеге асады. Топпен жұмыс барысында “Мозайка”, “Сөздерді тап”, “Қоқыс-күнделік”, “Диалог” сынды әдістерді қолдану оқушылардың сабаққа деген ынтасын, оқуға деген қызығушылығын арттырады. Топпен сапалы жұмыс жасауға машықтанады.

Топпен жұмыс  — оқушылардың тығыз байланыста, жақсы қарым-қатынаста, бір-бірінің ойын  тыңдап, ортақ шешімге келіп, ұйымдаса жұмыс жасауына негізделген белсенді әрекет түрі. Бұл оқыту түрімен жұмыс жасау арқылы оқушы әрбір көзқарас, әрбір пікірдің құнды екенін түсінуі тиіс. Оқушылар сабақ барысында  «Мен» дегеннен гөрі «Біз» деген тұжырымының анағұрлым құнды екендігін түсінеді. «Маған айтшы, мен ұмытып қаламын, маған көрсетші, менің есімде қалады, өзіме істетші, мен сонда түсінемін» деп,  Конфуций айтқандай, топпен жұмыс бірлесе атқаратын іс-әрекет жиынтығы болғандықтан, оқушы жадын қалыптастырып, жан-жақты дамуына ықпал етері сөзсіз.  Жаңаша білім берудегі ең белсенді жұмыс түрі болып саналатын топпен жұмыс жасау  оқушылардың топпен бірлесе ізденіс жасауына, өзара ынтымақтастықта әрекет етуіне негіз болып келеді. Осы бағыттағы жұмыстың сапалы болуы жолында барынша еңбектеніп келе жатқан барша ұстаздар қауымына шығармашылық шабыт тілеймін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.