Home » Мақалалар » Сергіту сәтін тиімді қолданудың маңызы

Сергіту сәтін тиімді қолданудың маңызы

Алмагамбетова Жанар Аскаровна,
 ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің бастауыш сынып мұғалімі 

      Қазіргі білім беру жүйесінде инновациялық әдістерді қолданып, сабақ өткізуді мұғалімдер басты назарда ұстайтыны белгілі.  Түрлі әдістерді қолданып, сан түрлі мазмұндағы,  сапалы сабақтарды ұйымдастыруда мұғалім шеберлігі басты роль атқарады. Мұғалім қолданған түрлі әдістер оқу мақсатына қол жеткізуге себеп болары белгілі, бірақ тақырыпқа сай ойды шоғырландыруда, оқушының сабаққа қызығушылығын арттыруда сергіту сәтін ұйымдастырудың маңызы зор. Сергіту сәті баланың демалуына жағдай жасап қана қоймай, ой-қиялын дамытып, дүниетанымын кеңейтеді. Ол сабақ тақырыбымен,  оқу мақсатымен тікелей байланысты болуы шарт. “Өмірде ең өзекті жаңалықтардан да маңызды нәрсе бар: ол – соған мүмкіндік берген әдістерді білу” деген тамаша тәмсіл бар шығыс даналығында. Бұны білім беру жүйесі негізінде қарасақ,  жаңа ілімді игеру үшін оны меңгеруіне түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жағдай жасау маңыздырақ екенін түсінеміз. 45 минут сабақта сан түрлі әдіспен жұмыстанған оқушының зейіні 20-25 минут аралықты қамтиды, осы орайда ары қарай әрекет ету үшін сергіту сәтін пайдалану тиімді. Жоғарыда атап өткеніміздей, ол тақырыпқа сай болғаны маңызды. Мәселен, математика сабағында сергіте отырып, ойната отырып, ойлануға шақыратындай сергіту сәтін ұйымдастыруға болады. Дене қимылы жаттығуларын, би қимылдарын, электрондық және анимациялық сергітулерін, қол саусақтарына арналған сергітулерін, көзге арналған сергітулерді, шабыттандыру жаттығуларын пайдаланғанда оқушының іштей санап тұруын да қамтамасыз етіңіз, мұның есте сақтау қабілетін арттыруға  ықпалын тигізері сөзсіз. Қазақ тілі сабақтарындағы сергіту сәтін ұлттық құндылықтармен байланыстыра ұйымдастыру әлдеқайда нәтижелі болады. Мысалы, қоржындағы сұрақтар, сақина салу, асық ату, тоғызқұмалақ, т.с.с. басқа ұлттық ойындардан үзінді қолдану сабаққа деген қызығушылығын арттыра түседі. Дәстүрлі әндерден, халық әндерінен, күйлерден, ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінді оқыту, орындату, тыңдату жас жеткіншектерді шабыттандырары хақ.  Дүниетану, жаратылыстану сабақтарында “Кім жылдам?”, “Білгірлер бәйгесі”, “Тапқырлар әлемі”, “Айтарым бар”, “Суреттер сөйлейді”, “Сандар сөйлейді” айдарларымен шағын 2-3 минуттық танымдық ойындарға негізделген сергіту сәттерін ұйымдастырып, дер кезінде мадақтап отыру оқушыларды одан әрі қанаттандырады.

Сергіту сәті сабақтың қызықты өтуіне тікелей ықпал етуі тиіс, әрі ол тым ұзақ уақытты алмауы керек. Тым ұзақ уақытты алған сергіту сәтінің өзіндік маңызы жойылады, себебі сергіту сәтінен соң бала сабаққа жылдам әрі тез белсене араласып кетуі тиіс. Кейде оқушы сергіту сәті мен әдіс-тәсілдерді шатастырып жатады, мұны түсіндіру, әрі орынды қолдану —  мұғалім құзырында. Бұл — сергіту сәтін тиімді қолдану тікелей мұғалімнің шеберлігін қажет ететіндігінін дәлелі. Қыр-сыры мол ұстаздық жолда әр қадамымыз сәтті, шәкірттеріміз алғыр болғай!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.