Home » Мақалалар » Функционалдық сауаттылық: «Кеше, бүгін, ертең» жобасы

Функционалдық сауаттылық: «Кеше, бүгін, ертең» жобасы

Нуртаева Сауле Зиятбековна,
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің бастауыш сынып мұғалімі 

       Қазіргі білім беру жүйесіне  тұлғаны функционалды сауатты тәрбиелеу – замана талабы. Бастауыш сатыдағы функционалды сауаттылықты қалыптастырудың алғышарттары  өз-өзіне есеп беруге үйрету болып табылады. Осы орайда, мен өз тәжірибеме қосқан «Кеше, бүгін, ертең» жобасын ұсынбақпын. Бұл жоба —  оқушыны өткенге есеп беруге, бүгінге нық қадам басуға, болашаққа жоспар құруға үйретеді.
«Кеше, бүгін, ертең» жобасы оқушының дамуына бағытталған, түрлі мақсатта құрылған кешенді бағдарламалардын құралған. Бұл жобаны жүйелі түрде сабақтарға ендіру қолға алынған, десе де әр оқушының тұлғалық дамуына қолдану әлдеқайда нәтижелі болар деген оймен, жүзеге асырып келе жатқан бір жұмыс түріне тоқталып өтейін. Ең алдымен, күнделік бастатуды мақсат тұттым. Ол оқушының әр қадамын ойлана басуына ықпал етеді. Оқушы “кеше”, “бүгін”, “ертең” деп, үш бағанға бөлінген күн тәртібіне сай өткен күнге есеп беріп, бүгінгі атқарған мәселелеріне тоқталуы, алдағы күніне жоспар құруы маңызды қадамдардың бірі екенін түсінеді. Күнделік өткен мен бүгін және болашақ ұғымдарын бала жастан біліп өсуіне көмектеседі.

Өткен кеше ұғымымен байланысты екені баршамызға белгілі. Өзінің әрекетіне кері шегініп есеп беру, жетістіктеріне талдау, кеткен олқылықтардың себебін анықтап, оны жою жолдарын болашақ жоспарға ендіру маңызды. Оқушы тек бір күнге емес, әр пән бойынша білім деңгейінің өсуіне өз бетінше сараптама жасауға дағыдыланады.  Күнделікке салынған «Білім ағашы» арқылы білім ағашындағы жеміс іспеттес орны мен деңгейін анықтап, өз-өзін демеп, қолдап отыратын деңгейге жетеді. Оқушы дамуына септігін тигізетін, әрекетін көңіл-күйді білдіретін әр түрлі суреттер, смайликтер және бояу түстерімен бағалайды.  «Бұрын мен білмеуші едім», «Енді мен білемін» деген сияқты ой-пікірлерін білдіреді. Қателігіне  ғана емес, дұрыс әрекетіне де  мән беру,  әрекет бар жерде қателік болатынын, кемшіліктерді болдырмаудың жолдарын немесе қалай жақсартуға болатынын ұғынып өседі әрі болашаққа бағытының дұрыс, бұрысын болжайды.                   Бұл  — керібайланыс жасаудың алғашқы қадамдары, рефлексия кілті. Атақты Билл Гейс: «Мұғалімдерге шынайы керібайланыс керек» деп айтпақшы, оқытушы үшін керібайланыс қаншалықты маңызды болса, оқушы үшін де маңызды болмақ. Шынайы керібайланысқа түсе алатын ұстаз ғана, керібайланыс қыр-сырын меңгерген тұлға қалыптастыра алады. Осы орайда, функционалдық сауаттылық пен  «Кеше, бүгін, ертең» жобасының арасында қандай байланыс бар деген сұрақ туындайды. Қазіргі таңда ұстаздар қауымы сабақ барысында керібайланыс жасауға бар күш-жігерін салуда, оның толыққанды баланың тұлғалық қабілетін танытуға атсалысуы үшін бастауыш сатыдан күнделікті қадамдарына, күн тәртібіне «Кеше, бүгін, ертең» жобасын енгізген дұрыс. Бұл жұмыс түрі  оқушының функционалды сауаттылық құзіреттерін қалыптастырады. Болашақта кез келген жерде ойы мен пікірін айта алатын, ана тілінде еркін сөйлейтін, әр іс-әрекетіне есеп бере алатын, қоғамдағы өзгерістерді қабылдай алатын әрі сыни баға бере алатын, жан-жақты, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасады. Бұл жобаны ендіруде әр мұғалім бала деңгейіне қарай арнайы жүйелі жоспар құру арқылы кезең-кезеңімен қадам жасауы тиіс. Жобаны іске асыруда ата-ана тарапынан да қолдау аса маңызды. Ата-ана, оқушы, ұстаз —  үш жақты бір бағытта жұмыстанғанда нәтиже берері сөзсіз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.