Дана Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары ақынның қаламынан туған әнді шырқады. Олар осы арқылы артына өшпес мұра қалдырған Хәкімнің шығармашылығын насихаттауды мақсат етіп отыр. Ұлы ойшылдың сырлы да сазды лирикаға толы «Желсіз түнде жарық ай» әнін нақышына келтіре орындауда мектеп басшылығы мен ұжымдағы ер-азамат ұстаздар белсенділік танытқан.
— Эстафетаны қаламыздағы Абай атындағы қазақ сазды, Ф.Достоевский атындағы орыс драма, «Дариға — ай» жастар театрлары ұжымдарының бірлесе орындаған әуендерінен кейін қабыл алдық. Аталған театр үштігі ойшыл әндерін орындау бастамасын бүкіл қазақстандықтарға жолдапты. Біз Абай атамыздың әнін шырқау арқылы ақынға шығармашылығына деген құрметімізді білдіргіміз келді. Мақсатымыз – жастарға, шәкірттерімізге жол көрсету, ой салу.Өйткені, Абайдың туындылары – өміршең мұра. Келешекке де еркін жетеріне күмән жоқ, — дейді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.
Мектеп ұжымы өнер ордасы болмаса да, әнді жанды дауыста орындап шықты. Игі бастаманы Өскемен, Павлодар қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне жолдаған семейліктер челлендждің кең қолдау табарына сенімді.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі