Home » Білім және тұлға » Оқу сауаттылығындағы басты нысаналар

Оқу сауаттылығындағы басты нысаналар

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша
ПҚ БАИ аға оқытушысы Айткенова Мөлдір Болатовна,
Теміртау қаласы №8 ЖББОМ мұғалімі Хурман Мерей

Отандық білім және ғылым жүйесінде бірқатар өзекті мәселелер бар. Соның бірі – оқу сауаттылығы мәселесі. Оқушылардың оқу сауаттылығы деңгейі әлемнің көптеген елдерінен артта қалғаны алаңдатады. ЭЫДҰ-ның халықаралық бағалау бағдарламасының (PIAAC) нәтижелері бойынша Қазақстан оқу сауаттылығы бойынша 34-орынды, математикалық сауаттылық бойынша (39 елдің ішінен) 33-орынды және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласындағы сауаттылық бойынша (36 елдің ішінен) 32-орынды иеленді. Бұл жағдай  білім беру жүйесін дамытуды, яғни педагогтердің кәсіби дамуын, жаңартылған білім беру мазмұнын сапалы беруді қажет етеді. Осыған байланысты жаңартылған білім беру мазмұнының бағдарламасы негізгі анықталған проблемаларды шешуге бағытталып, оқушылардың бойында ХХІ ғасыр дағдыларын  қалыптастыру міндеті тұр. Бұл дағдылар пән бойынша академиялық білімді, қазіргі заманда табысқа жету үшін талап етілетін сын тұрғысынан ойлау, мәселені шешу, қарым-қатынас жасау және бірлесіп әрекет ету сияқты негізгі дағдыларды, сауаттылық пен тәжірибені қамтиды. Ендеше ойымызды оқу сауаттылығы аясында өрбітейік.

Әлем ақпаратты жылдам әрі қысқа береді. Оқушылар әдетте 140 белгіден аспайтын шағын блоктарға сыйып тұратын ойлар мен хабарламаларды оқуға әдеттенген. Бір ақпаратты ұзақ уақыт бойы мұқият оқу оларды жалықтырады, наразылық тудырады. Сондықтан жоғарыда атаған мәселе оқу сауаттылығын дамытуда оқушылардың ерік-жігерін қалыптастырып, ынтаны дамыту үшін еңбектену қажет. Күрделі мәтінмен жұмыс істеу оңай міндет емес. Оқушылардың мәтінді қайталап оқуы күрделі мәтінмен жұмыс түрлері мен белсенді оқу әдістерін қолдануды қажет етеді. Оқытушы оқушылар жауап бере алмайтын сұрақтарды қоятын сәттер болады. Бұл оқытушы үшін үзіндіні оқу және жауапты іздеу барысында өзінің ойлау қабілетін модельдеу үшін жақсы мүмкіндік береді. Кей кезде оқушылардың реніш білдіретін немесе барынша күш жұмсайтын сәттері болады, соған қарамастан, оқытушы оқушылардың қате тұжырымдарын түзеудің орнына мәтінді пайдалана отырып, оларды дұрыс жауаптарды табуға жетелегені өте маңызды. Күрделі мәтінмен жұмыс істеу – бұл заманауи технологиялардың көпшілігіне тән. Күрделі мәтінді оқу, оның ішінде қайталап оқу – бұл оқушылардан шыдамдылықты талап ететін жұмыс түрі.

Мәтінді не күрделі етеді? Мәтіннің күрделілігіне ықпал ететін келесі факторларды назарға алайық.

Ол – идеялардың күрделілігі. Мәтіндегі ойлар оқушыға автордың ойын түсінуді қиындатады. Даму, жеке тәжірибе мен когнитивтік ойлау, оқушылардың алдыңғы білімдері мәтіндегі ойларды түсінуге әсер етеді.

Ол – шығарма композициясы. Шығарма композициясы түрлі әдіспен берілуі мүмкін. Ақпараттық мәтінде себеп және салдарды, шешімдерді салыстыру немесе шешу сияқты конструкциялар болуы мүмкін. Егер оқушылар мәтіндегі конструкцияны анықтай алмаса, бұл мәтін олар үшін күрделі болуы мүмкін.

Келесі күрделілік – мәтін лексикасында. Лексика мәтінді өздігінен түсіну үшін қиындатып, мәтінді күрделі етуі мүмкін. Баяндау мәтіндерінде автор әсерлі ету үшін түрлі сөздерді пайдаланады.

Келесісі – сөйлем құрылысы. Қысқа жазылған сөйлемдерді оқу оңай болады. Ал ұзақ, күрделі, құрмалас сөйлемдерді авторлар ақпараттық мәтіндерде күрделі ақпаратты беру үшін пайдаланады.

Соңғысы – интонация. Кез келген мәтіннің интонациясы айқын көрініп тұрмайды. Оқушылар автордың сөздерді таңдауын, қолдануын жете зерделеуі тиіс.

Мәтінге байланысты қойылатын сұрақтар да оқушыларды мәтінді терең талдауға ынталандыруы керек. Оқытушы оқушылардан өз қорытындыларын жасауды немесе мәтінде жоқ ақпарат немесе идеяларды анықтауды талап еткені дұрыс. Оқушылар бұл сұрақтарға жауап беруде тірек ойды мәтіннен анықтай алатынын түсінуі тиіс.

Оқу сауаттылығын дамыту оқушыларға білім беру бағдарламасын меңгерту барысында қамтамасыз етілуі керек. Яғни барлық пәндер бойынша логикалық бағытта жұмыстар жасалып, оқушылардың өз ойы мен жеке көзқарасын қалыптастыру, дамыту жоспарлануы қажет. Сонда ғана оқу сауаттылығымыздың нәтижесін өзге елдермен салыстырып, бәсекеге қабілетті болуға бетбұрыс жасаймыз.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.