Home » Балабақша » Ұлттық құндылықтар – рухани тәрбиенің түп қазығы!

Ұлттық құндылықтар – рухани тәрбиенің түп қазығы!

Сөзімді қазақтың оттілді ақын қызы Фариза Оңғарсынованың бір шумақ өлеңімен бастағанды жөн көрдім.
Бұл-әуелден таныс жай, таныс қайғы,
Көлгірсулер жанымды жаныштайды.
Ақиқатпен бетпе-бет келе алмайтын,
Жанның бәрі менен де алыстайды.
Ақынның бір сұқбатындағы сөзі « Жан дүниеңе қарсы қызмет ету-қылмыс. Ал қылмыс ерте ме, кеш пе жазасын алады» дегені бар.
Бұл менің де арманым….
Әр барған жерімнен жаныма жақын дүниені іздеп, содан ләззат алып, шабыттанып, шаттанып қайтқым келеді.
19 ақпан  сәрсенбінің сәтті күніне жоспарланған Нұр-Сұлтан қаласы, №70 «Құлыншақ» балабақшасындағы «Ұлттық құндылықтар –рухани тәрбиенің түп қазығы!» тақырыбындағы қалалық семинарға шақыру алдым. Өткен жылы «Ұлт жанды ұрпақ!» атауымен өткізген басқосуда алған әсерім ұжымның берекелі жұмысы санамнан өшкен емес!
Биыл да рухани азық іздеп келген білім ордасындағы басқосуды қазаққа танымал  айтыскер ақын Сара Тоқтамысқызы ашып берді. « Игі жақсылар, жақсының жақсы ісін әспеттеуге жиналған болар» деген тілегін суырып салып жеткізді…
Рухты жырларымен халқын сусындап жүрген ақынмен қазақтың тілі, ұлттық идеяның негізгі өзегі-ұлттық құндылықтарды ардақтап жүрген бірден-бір меңгеруші Жәудір Бақтиярқызының достығы тым жарасымды әрі сенімді.
Тілінің көркемдігі, шұрайлылығы, салтымыздың байлығы тамсандыратын қазақтай дара туған халықтың ұрпағын тәрбиелеп отырған таза қазақ тілді білім ордасының педагогтары жиналған қонақтарды  үш топқа бөліп оқу қызметтерін көруге шақырды.
Қазақтың Ұлттық тағамдарын «Ұлттық тағам-ырысың!» тақырыбындағы оқу қызметінде тәрбиеші Кабетенова Гүлнұр Мейрамбекқызы жеткізді. Құрт, жент, шұбат, ежегей, айран, қымыз, ілімшік, бұжы, қазы, қуырдақ, бауырсақ жайлы мәліметпен бөліскен балалар «Береке», «Молшылық», «Байлық» топтарына бөлініп қамырдан өз қолдарымен бауырсақ, жент, сүзбеден құрт жасады. Әр халықтың өзіне тән ұлттық тағамы болса, дәруменге бай қазақ дастарқанын көрсете алды.
«Қазақтың зергерлік бұйымдары» оқу қызметін тәрбиеші Берікбаева Салтанат Тұрысбекқызы «Балауса» тобының тәрбиеленушілерімен бірлесе көрсетті. Алқа, сақина, білезік, сырға заттарының суретін көрсете отырып әженің көрмесіне сыйға тартатын моншақтарды балалар өз қолдарымен жасады.
«Тарихтың тамыры –ою-өрнек» оқу қызметін Жамкенова  Ғазиза Нұриденқызы  «інжу-маржан» тобында көрсетті. Иитерактивті тақта арқылы өсімдік тектес оюлар, жануарларға байланысты, аспан әлеміне, геометриялық оюларға түсініктеме беріп, балалар құмыра, табақ, кеселерді қағаз қиындылары, түрлі тастар арқылы сәндеп ою түрлерін салды. Қошқар мүйіз оюымен сәнделген құмыра, ұсақ моншақтар арқылы қаз мойын оюы салынған табақ, киізден оюылған оюды таспен сәндеп кесеге жапсырған балалардың қолөнерлері қонақтардың көңілдерінен шықты.
Залдағы үлкен экран арқылы ақылы үйірмелердегі жұмыстарын тәрбиеші  Гүлнұр Исламқызы бейнетаспаға тікелей түсіріп  көрсетті. «Ұлттық көліктерді» робототехника жетекшісі Хазиахметова Жанна Бақытқызы, «Қазақтың ұлттық ойындарын» ЛФК жетекшісі Құсайнова Даметкен Боранбекқызы, ою түрлерін құм терапиясында Хазиахметова Жанна Бақытқызы, «Қазақ салт-дәстүрін балаларға ағылшын тілінде үйреткен» ағылшын пәні мұғалімі Айтбаева Айнұр Сейтмаханқызы, сенсорлық жетекшісі Даметкен Боранбекқызы «Киіз үй» тақырыбында шаңырақ, кереге, уық, есік, туырлық, үзік, бау-басқұр жайлы көрсетіп, киіз бейнесінде жасалған бөлмеде қазақ әні шырқалды.
Бір бірімен байланысып жатқан оқу қызметтерінің барлығы тек қазақтың ұлттық құндылықтарына бағытталған.
Серіктес №78 «Асыл», №77« Қошақан», №55 «Қарақат», №64 «Асыл бөбек», №29 «Аққайың», жекеменшік «Жанель», «Ару-ай» балабақшаларының педагогтарымен шеберлікті шыңдау сәті көрсетілді. Ақ кимешекпен ұлттық киімде шыққан тәрбиешілер Мәмбетәлі Манзура Тортайқызы мен Парманашова Ақшолпан Құрманбекқызы сөзжұмбақтар арқылы шыққан  ұлттық тағамдар «майсөк» пен «нарынның» жасалу жолын көрсетті. Ұмытылып бара жатқан тағамдарға анықтама беріліп, пайдасы жайлы айтылды. Зал ішіне жайылған жер үстелдегі ақ дастарқаннан шыққан  қазақтың ұлттық тағамдарының иісі бұрқырады…
«Домбыра –қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмасаң да, қадірлей біл, Себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады. Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халқының жанын түсінбеу – тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да бола алмайды, жеміс те бермейді» деген батыр Бауыржан Момышұлы.
Келесі кезекті музыка жетекшілері Жүкенов Қанапия Мұратұлы мен Жолдасова Маржан Абайқызы алды. Домбыра, асатаяқ, адырна, жетіген, қобыз үндерін халық музыкасы арқылы тыңдатты.
12 кітаптан және сөйлейтін қаламнан тұратын «Даналық әліппесі» оқу-тәрбие кешенімен қалай жұмыс жасап жатқандарын көрсетті.  «Домбыра үні», «Бесік жыры», «Халық аңызы», «Билер сөзі», «Халық ертегілері», «Аталар сөзі», «Бабалар батасы» енген  оқу кешенін балабақшаға арнап алған Жәудір Бақтиярқызының ізденісіне, ұлттық құндылықтарымызға деген құрметіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бұл сөзімізді оқу-тәрбие кешенінің авторы Бейжан Құрманғалиқызы да қолдап, ұрпақ тәрбиесіне ұлттық тәрбие саласында жұмыс жасап, мәдени-рухани мұрағаттарымызды ұлықтай білген басшы мен ұжымға алғысын білдірді.
Семинар шымылдығы үрмелі аспаптармен  «Ата толғауы» күйін орындаған оркестрмен «Бәйшешек» тобының «Шаңырақ» биі, көпшілік қосыла орындаған «Ата мекен» әнімен жабылды.
Қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» дегені бар. Демек, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білетін ұрпақ көбейсін десек тәрбие бастауы болған балабақша меңгерушілері Жәудір Бақтиярқызының ұжымымен атқарған әр ісінен үлгі алса дейміз.
Бұл сөзімізді білім саласының қос ардагері Камила Шекербекқызы мен Роза Мақсұтқызы да қолдады.
«Жалпы әлемді аузыңа қарату үшін –рухани ерлік керек, жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін –рухани байлық» керек деген халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың рухани ерлік көрсететін шақтағы көшбасшы білім ордасының бірі де — №70 «Құлыншақ» балабақшасы.
Ұлттың қаны мен соғып тұрған жүрегі ұлттық құндылықтарымызды асқақтатуда қазақ қызы ретінде бастама көтеріп келе жатқан Жәудір Бақтиярқызына әріптестері №37 «Арман», №77 «Қошақан»,№53 «Мерей», №52 «Еркетай», №45 «Самұрық», №29 «Аққайың»,№85 «Мейіржан», №78 «Асыл»,№35 «Ертегі», №5 «Ақбота» балабақшаларының меңгерушілері Рәзия Елтайқызы, Назгүл Гадылханқызы, Малика Бакитқызы, Әмина Амантайқызы, Құбажай Шәріпбекқызы, Жанар Жағыппарқызы, Альбина Көмекқызы, Ақбөпе Тұрсынқожақызы, Ләззат Ғалымжанқызы, Жанат Жансұлтанқызы алғыстарын білдіріп, үйренерлері көп екенін жасырмады.
Өзінің табиғи болымысыңнан алыстап, біреуге еліктеу арқылы адам ешқашан бақыт тапқан емес, сол сияқты өзге ұлтқа еліктеу өзіңнің ұлттық сипатыңнан айырады. Бұл күнгі ешқандай бояусыз шынайы түрде жасалған дүние үшін балабақшаның тәжірибелі әдіскері Байболова Шекер Орынтайқызына, таза қазақ тіліндегі әдемі үні үшін жүргізуші Қалдыбаева Майра Түймебайқызына  алғысымызды білдіреміз.
Өткен жылы «халық шебері» сабағында ұлдарға қамшы өруді, қыздарға  құрақ құрауды, қыран құстың биялай мен тұмылдырығы жайлы айтылған ақпаратпен  жайлау суретін салдырған тәрбиешілердің биылғы жылы да сол ізден танбай ізденісті ұлттық құндылықтар жолына арнауын қалай мақтасақта артық етпейді.
Рухы мықты ұлты ғана ұлы ұлтқа айналады. Сіздердің ұлтымызға, тілімізге, құндылықтарымызға деген құрметтеріңіз «Ұлтжанды-ұрпақ тәрбиелеу!» жолындағы адал еңбектеріңіз.
Толқып жатқан өмір тербелісінде өзгенің ығына жұтылып кетпеудің жалғыз жолы ұлттық құндылықтарды ардақтай білу.  №70 «Құлыншақ» балабақшасының педагогтары ұлттық құндылықтарды жалау етіп көтерген, кеудесіне ұлтына деген өшпес алау оты бар, ұлт қорғаны болар ертеңгі елдің ұл-қыздарын тәрбиелеп отырған ел патриоттары. Мақсаты айқын, жұмысы ілгері ұжымға тек шығармашылық шабыт тілейміз. Әрқашан осы биіктен түспей көшбасынан көріне беріңіздер.

Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.