Home » Жаңалықтар » АБАЙ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

АБАЙ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

   Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған тағы бір ауқымды іс-шараның куәсі болдық. Қазақ мектеп-гимназиясына ұлы ақын Абайдың есімі беріліп, мектеп жанынан Абай орталығы ашылды. Қызылжар үшін бұл күтпеген жаңалық. Абай орталығының тұсаукесерін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың профессоры, Абылайтанушы, Абайтанушы көзі тірі шежіре Зарқын Сыздықұлы мен «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы» ҚММ директоры Роза Сәкенқызы кесті. Мектеп ұжымының ұйымдастыруымен «Абай орталығына» саяхат жасалды. Орталықта QR жүктемесі арқылы орнатылған ақылды картаның таныстырылымында Абай туралы әлемнің қай түкпірінде қандай жаңалық барын алуға болатынын көрдік. Сонымен қатар ақын шығармашылығы мен Абайтанушылардың көркем шығармаларынан қойылған көрмені тамашаладық. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің ұйымдастыруымен сахналық қойылым, Абай өлеңдерінің нақышына келтіріліп орындалуы, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін құм арқылы жаңа технологияның көмегімен сурет салу бәрі-бәрі Абайды сүйетін, Абайды оқитын жастардың қолымен жасалды. Тағы бір айта кететін дүние «Абайтану» пәні сабағында зерттеліп, жасаған оқушылардың әлем картасы жобасы. Бес нәрсеге асық болатын жастарды көрдік. Көкірек көздері ашық, жүректерінде шоқ, көздерінде от ойнаған оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, ақынның өлеңдері мен қарасөздерін қала қонақтарына жарыса оқыды. Орталықтың барлық жұмыстары таныстырылып болған соң, мектептің акт залында шағын концерт ұйымдастырылды. Орталықтың ашылуымен бірге қалалық білім бөлімінің мұрындық болуымен және бастауыш сынып мұғалімдерінің жетекшілігімен 1-4 сынып оқушылары арасында Абай шығармаларын жатқа оқу конкурсы ұйымдастырылды. Бұл байқауға Петропавл қаласының мектептерінен 80-нен артық оқушы 3 номинация бойынша бақ сынады.

Бұндай ауқымды іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз «Қазақ халқының маңдайына біткен асыл тұлғасы, ағартушы, философ, ақын Абай шығармаларын насихаттау. Абай шығармалары арқылы жастарды рухани-адамгершілікке, тазалыққа, пәктікке, шыншылдыққа, өтірік-өсек айтпауға тәрбиелеу. Абайдың қай шығармасын алмайық өлеңі болсын, қара сөздері болсын, аудармалары болсын, ақыл-нақылдан тұрады», дейді мектеп директоры Бұлбұл Ахмадиқызы. Мектебімізге Абай атын береді деген сыбыс шыққан күннен бастап үлкен ыждаһаттылықпен дайындалдық. Болашақта қала мектептері ғана емес, облыстық, аудандық мектептердің оқушыларының барлығы Абайды іздесе, Абайды зерттесе біздің орталыққа жүгінулеріне болады, дейді. Абайдың даналығынан дән іздеген жастарға профессор Зарқын Сыздықұлы өз батасын берді. «Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық, сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық», деген ақынның нақылын өздеріне өмірлік серік етіп, еңбектенетіне кәміл сендік. Мектеп басшылығы мен ұжымына бастаған істеріне сәттілік тілейміз!

Қазақстан журналистер одағының мүшесі
Жазира Көкбасқызы
«BILIM AINASY», СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.