Home » Мақалалар » ҚАЗҰУ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНА МЕКТЕБІНЕ 5 ЖЫЛ

ҚАЗҰУ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНА МЕКТЕБІНЕ 5 ЖЫЛ

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жоғары медицина мектебінің (ЖММ) іргетасы 2018 жылы қаланды. Алғашқы 2018-2019 оқу жылында «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 52 студент оқуға қабылданды. Ал, қазіргі уақытта осы мамандық бойынша бакалавриат пен интернатураны қоса алғанда жергілікті және шет елдік 1045 студент біліп алып жатыр. Оның ішінде 26 елден келген 671 студент тәлім алуда, атап айтқанда, олар: Үндістан, Түркменстан, Ауғанстан, Пәкістан, Түркия, Ирак, Сирия Араб Республикасы, Оңтүстік Африка, Йемен, Қытай, Кения, Палестина, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Сомали, Судан, Иордания, Босния және Герцеговина, Египет, Ирландия, Италия, Катар, Сауд Арабиясы, Танзания.

ЖММ Халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес академиялық білім берудің барлық түрлері — бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша денсаулық сақтау саласының мамандарын даярлайды. Оқу қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Жоғары медицина мектебінің құрамына келесі кафедралар кіреді: іргелі медицина кафедрасы – меңгерушісі Сарсенова Лаззат Қадырғалиевна, клиникалық пәндер кафедрасы – меңгерушісі Курманова Гаухар Медеубаевна және стоматология кафедрасы – меңгерушісі Темірбаев Максут Абуович.

Жоғары Медицина мектебі бакалавират деңгейі бойынша 6В10103 Жалпы медицина, 6В10104 Стоматология, 6В10102 Фармация, 6В10101 Медбике ісі; магистратура бойынша 7М10117 Фармация, 7M10121 Медбике ісі және 8D10104 Фармация мамандығы бойынша докторантураға мамандар даярлайды. Сондай-ақ, студенттер бакалавриат деңгейінен кейін Жалпы медицина және Стоматология мамандықтарының интернатурасын жалғастыруға болады. Барлық мамандықтар мен білім беру деңгейлері бойынша Жалпы медицина мектебінде осы оқу жылында 3090 студент біліп алып жатыр. Оқуға жергілікті студенттер мемлекеттік грант негізінде және ақылы оқуға түсе алады, шет елдік студенттер үшін Болон үрдісі гранты тағайындалған және ақылы бөлімге оқуға қабылдана алады. Сонымен қатар, ЖММ-де әр түрлі ғылыми, мәдени және әлеуметтік шаралар ұйымдастырылады. Сондай шараның бірі — 1-курс студенттерінің «The white coat ceremony» деп аталатын ақ халат кию рәсімі, бұл шара университетте ерекше аталып өтеді. Биыл осы шара Жоғары медицина мектебінің 5 жылдығымен тұспа-түс келді. Осыған орай, еліміздің және Алматы қаласының медицина мекемелерінің басшылары, фармацевтикалық компания өкілдері, фармацевтикалық өндіріс саласының және денсаулық сақтау саласының мамандары арнайы шақырылды.

Олардың арасында елімізге танымал медицина ғылымдарының докторы, академик, ардагер нутрициолог, Қазақстан Тағамтану академиясының Президенті Төрегелді Шарманұлы Шарманов өз алғы сөзінде студенттерге ақ жол тілеп, батасын берді. Сонымен қатар, жиында академик В.Н. Локшин, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Н.Н. Айдосов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Б. Нусупова, Медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы, профессор Калматаева Жанна Амантаевна және Жоғары медицина мектебінің директоры, профессор Раушан Биномовна Исаева студенттерге ақ тілектерін білдірді.

Шара барысында үздік студенттер мен үздік оқытушылар бағалы сыйлықтарға және алғыс хаттарына ие болды. Шара студенттер ұйымы Quazar мен ЖММ оқытушыларының ұйымдастыруымен өткен концерттік шарамен жалғасын тапты. Жоғары медицина мектебінің алғашқы мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Медицина мен денсаулық сақтау саласының үздік мамандарын даярлауда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жоғары медицина мектебі үлкен шыңдарды бағындырып жатыр, әлі де алар асулары алда. Мамандар даярлауда профессор –оқытушылардың алар орны орасан зор. ЖММ профессор-оқытушылар құрамында «Болашақ» бағдарламасының түлектері, Президент стипендиясының иегерлері және ҒжЖБМ-ң ғылыми-зерттеу жобаларының мүшелері бар. Сол себептен, Жоғары медицина мектебінде білім алып жатқан студенттер болашақта үлкен жетістіктерді бағындырып, жоғары деңгейдегі маман болып шығатынына сөзсіз сенімдіміз. Осы орайда, барлық мектеп бітіруші түлектерді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Жоғары Медицина мектебіне оқуға шақырамыз!

Аканова Гулсара Жакашовна

Душимова Зауре Дмитриевна

Кашаганова Куляш Тугелбаевна

Іргелі медицина кафедрасы

Исмаилова Акмарал Газизовна

Аналитикалық, коллоидтық химия

және СЭТ кафедрасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.