Home » Мақалалар » Халықтық  педагогиканың  ұрпақ  тәрбиесіндегі  орны

Халықтық  педагогиканың  ұрпақ  тәрбиесіндегі  орны

Касенова Сандугаш Габбасовна
Астана қаласы
«Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Уақыт озған  сайын қоғам дамуы жеделдей түсетіні айқын. Қазір еліміз  өрлеу  үстінде. Ұрпақтарымыз білімді, болашағы  жарқын болу үшін  жас  ұрпаққа  сапалы білім, саналы  тәрбие беру – бүгіні  күннің басты талабы.

Мемлекеттік «Білім» бағдарламасында балалар мен  жастарды   тәрбиелеуде  ең  көкейтесті  мәселелері  ретінде  білім  мекемелерінде  оқушылардың  этнос-мәдени ерекшеліктерін ескере отырып  тәрбиелеу  айтылған. Сондықтан  қазіргі  таңда халық  педагогикасымен  ұштастыру  өте тиімді.

Халықтық  тәрбие тарихи  даму  процесіндегі тірі дене болып табылады. Халықтық  педагогиканың әлеуметтік бағыттылығы, әсіресе  көне  жазба  ескерткіштердегі  мақалдар  мен мәтелдер, ертегілер мен жырлар, бата, тілек секілді тәрбие  құралдарында толығырақ  бейнеленген.

Олардың  шығу  тегі мен тарихи дамуын генетикалық тұрғыдан қарастыру  халық педагогикасын  тереңірек түсінуге  мүмкіндік  береді. Халыққа  білім  беру  үшін ең алдымен  оның рухын  түсіну керек. Шығармашылық қуатты  халықтан, оның өмірінен, халықтық шығармашылықтан  және онда  көрініс берген  педагогикалық  тәжірибеден  жинақталған  көрнекті  тұлғалардың  бірі Ш.Уәлиханов.

Мұнымен өте ұқсас  ойларды  біз Қазтуған шығармаларынан да табамыз. Онда  насихат өсиет, ақыл айту, тілек секілді халықтық  тәрбиенің  құралдары  жиі  кездеседі. Тұлғаның  рухани байлығындағы бастау ақын пікірінше ол өз халқының  рухани  қазынасы. Бұл ақындар мен  жыраулар  үшін  де жетекші  қағида  болып  табылады. Олар халық  педагогикасын терең білген және ардақ тұтқан.

Халықтың  педагогикалық  даналығы  Абайдың бүкіл  қоғамдық  қызметі мен  идеялары  аумағын  қамтиды. Оның тәрбие  мақсаты  мен бағыттары  жайлы ойлары  халықтық, талаптары халықтық, көптеген  шығармаларының  мазмұны  халықтық.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының  аңыз әдебиет  үлгілерін  жинақтаған еңбегінде мынындай  қанатты  сөздер бар: «Адамның қара басында  үш  асыл қасиет  бар. Асылдығы бірінен-бірі өтеді. Бірі — көз, бірі — көңіл, бірі — ақыл». Әсемдікке  тәрбиелеуде  осы  жазушының  айтқанындай, әлемнің әсемдігін көзбен  көре  білуге, зерделі  болуға, ақылмен  ойлауға  жетелейтін  ұстаздар  қауымы  болғандықтан  мүмкіндігінше  өз қызметімізде  пайдалансақ нұр үстіне нұр болары анық. Себебі, ұлтты  ұлт  ететін  оның ана тілі, дәстүрі, мәдениеті. «Өткенін  білмеген  болашаққа жол  салып  жарытпайды» — дейді, дана  халқымыз. Ендеше  ата-бабамыздың бұрынғы  тіршілігін, тұрмыс тарихын бүгінгі  ұрпаққа  жеткізу, атадан балаға мирас  болып келе  жатқан  қол өнерін  зерттеп, біліп, үйреніп, шеберлігін үлгі  тұта  отырып халықтық  педагогикамен тәрбие жұмыстарын  жүргізу  біздің  парызымыз.

Қазақ  халқының пейіліне қарай  дархан   даласы бар, өрісте  төрт-түлік малы мен  көкөсті  жайлауы бар. Қазақ  баласы ақ  білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен  жан  алысып, жан  берісіп  қазақ  сахарасын  сақтап  келген  тәуелсіздікті  аңсап өткен  ата-баба ұрпағы  ақыры  дегеніне  жетті.

90-жылдары  тәуелсіз  мемлекетіміздің  қазақ  мектептерін  халықтық  педагогика құндылықтары негізінде құруға  теориялық  негіздер  жасалса, 2000 жылдан  бүгінгіге  дейін қазақ  мектептерінің  жұмысына қолайлы  жағдай туғызылған.

Халықтық  педагогика құндылықтарының ғылыми-педагогикалық негізге тірек болуына толығынан мүмкіндік туғызған зерттеуші Ж.Ж .Наурызбайдың «Ұлттық  мектептің  ұлы  мұраты» айдарымен жарық  көрген  еңбегі  бүгінгі  және  болашақтағы білім  беру  мекемелеріне  теориялық  негіз деуге болады.

Түрлі салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойындар т.б. халықтың  рухани сезімін, адамгершілік  қасиетін, мінез-құлығын  ғана  қалыптастырып  қоймай, дүниетанымын  кеңейтіп, әртүрлі  білімдер негізінен  мағлұмат береді. Бізге  келіп  жеткен салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың өзінен қазақ  халқының  асқан даналығы мен ғажап зердесі, адамгершілік көзқарасы айқын аңғарылады.

Қазақ  халқының  танымдық мұрасының  молдығы  кімді болса да  таң  қалдырмай  қоймайтыны анық. Терең танымды, қысқа қайырымды, аз ғана көркем  сөзбен айшықты ойды  білдіретін мақал-мәтелдеріміз  тіл байлығымыздың  інжу-маржаны. Олар  терең  философиялық  ойдың, ғасырлар  бойы жинақталған  тәжірибенің  сұрыпталған  тұжырымы, негізгі нәрі, қысқа  да  көркем бейнесі. Мысалы, халқымыз «ақты» қастерлеп, жоғары бағалаған. Үйге  жылан кіріп  кетсе, оның басына ақ  құйып шығаратын ырым болған. Жылан үйге екі мағынада кіреді деп білген. Бірі жамандыққа, бірі жақсылыққа Ақ құйып шығарса ешкімге тимей кетеді деп сенген. Бұл ырымның астарында тағы да бір сыр бар деп ойлаймын. Халқымыз «Таспен атқанды, аспен ат» деп ел бірлігі, татулығы үшін кешірімге шақырып алдына дұшпаны келсе де дастарқанын жайып қонақ етіп жіберген. Біздің  тәрбиеміз ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесінде халық педагогикасының алатын орны ерекше деп ойлаймын. Шәкірттерді салт-дәстүрге, өнерге, шеберлікке баулып, халқымыздың асыл қасиеттерін дәріптеуді өзім жөн деп білемін.

 

 Әдебиеттер тізімі:

  1. Ғ.Ақпанбек. «Қазақтардың дүниетанымы», Алматы, 1993
  2. С.Қалиев «Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі  көрінісі», Алматы,1987
  3. С.Ұзақбаева «Қазақтың халықтық педагогикасындағы эстетикалық тәрбиесі», Алматы,1993
  4. Т.Қоңыратбаева «Халық педагогикасы және оны оқу-тәрбие ісіне енудіру  жолдары», Алматы, 1995                                                  

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.