Home » Мақалалар » Мұқағали әлемі

Мұқағали әлемі

Нұр-Сұлтан қаласы
Мұқағали Мақатаев атындағы
№74 мектеп-гимназиясы
директорының бейіндік ісі орынбасары
Байтас Гүлшат Берікбайқызы

        Мұқағали Мақатаев қазақ халқының орны дара, шоқтығы биік ұлы ақындарының бірегейі. Өмірінің соңғы сәтіне дейін «халқым», «туған жерім», «елім» деп соққан жапырақ-жүрегінен нәр алып, жанымен сусындап, жарып шыққан жан жырларын:

елшісіндей шет елдің,

миссиямды аяқтамай,

қалай ғана кетермін.

Халық деген патшама,

немен жауап етермін!» деп халқына, туған жеріне арнаған ақынның есімін патшасы – халқы да есінен шығармақ емес.

«Жазылар естеліктер мен туралы» деп сонау еленбей жүрген кезінің өзінде-ақ өзінің болашағын болжап кеткен ақынның ақын, адам ғана емес, құбылыс екендігі өзі өмір сүрген кезеңнен алыстаған сайын дәлелденгендей.

Не деген көрегендік десеңізші?! Шын мәнінде, өз заманынан оза туған ұлы ақынның ғұмыры қысқа болса да, есімі, есімін өшпестей қылған жауһар жырлары мәңгілікке жол тартты.

«Уақыт өз ролімді маған да бөліп берген, соны дұрыстап ойнап шығу жолында мен де тырбанып бағамын, әрине» деп қымбат уақытының әрбір сәтін халқына «жанының шырылы – поэзия» арқылы жеткізген ақынның жырлары уақыт озған сайын бағасы артуда.

Халық құрметінің дәлелі – ақын атындағы көшелер, мұражайлар, мектептер, ескерткіштердің т.б. ашылуы екені белгілі.

2021 жылғы 23 қыркүйектегі «Нұр-Сұлтан қаласының білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №669 қаулысына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №74 мектеп-гимназиясына ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың есімінің берілуі  білім ордасына берілуі де халықтың ұлы ақынға деген тағзымы, ілтипаты, өлшеусіз махаббаты.

  Санаулы күндер ғана бұрын оқушылардың Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына қызығушылығын арттыру, парасатты, адами қасиеттері жоғары, жан-жақты дамыған, шабыты оянған тұлғаны қалыптастыру, ақынның шығармашылығын жан-жақты насихаттау, дәріптеу, кеңінен тарату мақсатында «Мұқағали әлемі» шығармашылық орталығының ашылуы – халық сүйіспеншілігінің бір дәлелі деп білемін. Бұл орталықтың  негізгі мақсаты – ғасыр ақыны Мұқағалидың жырлары  арқылы әрбір оқушыны Отанын сүюге, елін сүюге тәрбиелеу. Осы орталықта ақын есімін ұлықтап, өлеңдерімен сусындап, шығармашыл, оқуға құштар болашақ ұрпақтың тәрбиеленетіні сөзсіз.

Орталықтың ерекшелігі – заманауи технология мүмкіндіктерін пайдалану. Қосымшалары арқылы мұзбалақ ақынның жанды дауысын ести отырып, бейнесін де көруге де болады.

Ұстаздар, ата-аналар, оқушылар ақын өлеңдеріне сазгерлер жазған әндерін гаджет құрылғылары арқылы тыңдай алады.

Бұл орталықтың ашылу салтанаты да мектепке келген арнаулы қонақтарға да, мектеп ұстаздарына, оқушыларға ерекше әсер еткен естен кетпес оқиға болды. Әсіресе ақынның перзенті Жұлдыз Мұқағалиұлының, келіні Бақыткүлдің келуі – мектеп үшін зор құрмет пен мақтаныш болды. Алтын уақытын бөліп, болашағынан үлкен үміт күттіретін, ақын өлеңдерін жатқа оқып, жадында сақтап, жанындай сүйген бірнеше шәкірттермен «Дөңгелек үстел» басында өткізген сұхбатының өзі бізді теңдессіз шаттыққа бөледі.

Мұқағали Мақатаев атындағы қордың бұл орталыққа ұлы ақынның жырлар жинағын тарту етуі де тосын әрі қымбат сыйлық.

«Мұқағали әлемі» орталығы – ақынның рухани әлемін тереңірек тануға қызығушылық білдірген, шығармашылығын жан-жақты зерттеуге талаптанған жас зерттеуші оқушыларға, ұстаздар мен ата-аналарға есігін айқара ашып, Мұқағали Мақатаев өмірі мен шығармашылығына жол сілтеген шамшыраққа айналуда.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.