Home » Мақалалар » ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ҮНЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ҮНЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

Қазіргі таңда әлемнің қарқынды дамуы, жер бетіндегі адам санының көбеюі, адамзаттың тұтынушылық қабілетінің өсуі әсерінен, біздің өмірімізге ең қажетті азық — түлік, ауыз судың тапшылығы көп елдерде сезілуде. Бұл тапшылықтар экологиялық тепе-теңдікті бұзуға алып келеді. Еліміздегі экологиялық тұрақтылықты сақтау үшін әр оқушының бойында экологиялық сауаттылық, экологиялық білім мен мәдениет болу керек.

XXI ғасырды электр құрылғыларынсыз елестете алмаймыз. Біздің өмір сүруіміз үшін электр энергиясының алар орны ерекше. Күн сайын оған деген сұраныстың артуынан, тұтынушыларды электр энергиясымен толық қамтамасыз ету әлем елдерінің басты мәселесіне айналды. Кез-келген үлкен мәселені шешудің басты кезеңі оны шешуді өзіңнен бастау екендігі сөзсіз.

Энергия үнемдеу дегеніміз — ол отын-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға, үнемді жұмсауға және шаруашылық айналымға жаңартылатын энергия көздерін тартуға бағытталған құқықтық, ұйымдық, ғылыми, өндірістік, техникалық және экономикалық шараларды іске асыру арқылы энергияны үнемдеу.

Оқушылардың бойына экологиялық мәдениет пен энергия көздерін үнемдеу шаралары арқылы экономикалық, құқықтық білім негіздерін беру мақсатында Алматы қаласы Түрксіб ауданы №59 мектеп-гимназиясында орта буын болып саналатын 7-8 сыныптар арасында «Электр энергиясын үнемдеу жолдары» тақырыбында семинар өткізілді.

Семинарға дайындық жұмыстары семинар өткізуден 1 апта бұрын басталды. Семинарға дайындық «Энергия үнемдеу не үшін қажет?» деген сұрақты қоюмен басталды. Осы мәселені шешу үшін жоғарғы сынып оқушыларынан 7-8 сынып оқушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін экологиялық десант топтары ұйымдастырылды. 7-8 сынып оқушыларымен түсіндіру жұмыстары сәтті аяқталғаннан соң семинар жоспары жасалды.

7 «А», 7 «Ә»  сыныптарына «Энергия тұтыну –  үйді ұстауда ең шығынды бөлік», 7 «Б», 7 «В» сыныптарына «Электрсіз бір күн», 8 «А», 8 «Ә» сыныптарына «Электр энергиясын үнемдеудің қарапайым жолдары…», 8 «Б», 8 «В» сыныптарына «Болашақтың энергиясы» тақырыбында тапсырмалар берілді.

Мектепішілік «Электр энергиясын үнемдеу жолдары» тақырыбындағы семинар 10.09.2022 өтілді.

Семинарда жетекшіміз география пәнінің мұғалімі Арзикулова Г.Ә. сөз алып, электр энергиясын үнемдеу қазіргі кездің өзекті мәселесі болып тұрғанын айта отырып, оқушыларға сәттілік тіледі.

Семинарға әр сынып өте жоғары дайындықпен келген.

7-сыныптар өздеріне берілген тапсырмалар бойынша баяндама оқыды, үйдегі энергия шығынын көп қолданатын бөлме ас үй екендігін айта отырып, жұмыстарының нәтижесі ретінде оқушыларға:

  • Ешқашан жарықты өшіруді ұмытпауға;
  • Энергия үнемдейтін шамдарды және жабдықтарды қолдануға;
  • Жылу шығынын азайту үшін пәтерде есік пен терезені жақсылап бітеуге;
  • Жылу беру реттегішін орнатуға (шұрасы бар батарея) кеңес берді.

Қалған  7-сынып оқушылары «Электрсіз бір күн» тақырыбында дайындаған музыкалық көріністерін көрсету арқылы энергияның адам өмірінде алатын орнын, оның маңызын ашып көрсетті. Бұл көріністер оқушыларды ойлануға, электр энергиясын үнемдеу керектігін зерделеуге көп көмегін тигізді.

8-сынып оқушыларының семинарға аса дайындықпен келгенін олардың «Электр энергиясын үнемдеудің қарапайым жолдары» тақырыбындағы оқушыларға арналған жаднамасынан байқадық.

Жаднама №59 мектеп оқушыларына арналған. Жаднамада электр энергиясын үнемдеудің жолдары жазылған. Жаднамада оқушыларға экологиялық, экономикалық, денсаулықты сақтау, яғни медициналық тұрғыдан кеңестер берілген. Жаднама төмендегі ескертулерден басталған.

Есіңде болсын!!!!!

  • ТКШ энергия шығынының елеулі бөлігі тұтынушылардың өздерінің тарапынан жылу және электр қуатын үнемдеуге қатысты немқұрайлы қатынастан жиі болады.
  • Үлкен қалаларда адамдар күн сайын жарық беретін аспаптарды өшіруге ерінеді немесе ұмытып кетеді.
  • Бір күнде килограммен емес, бекер жұмсалған ондаған тонна отын есептеледі.
  • Өкінішке орай, жарық және жылу үшін қорытындысында тек қана ақшамен емес, атмосфераға бөлінетін және климатқа ықпал ететін парниктік газдармен төлеу керек.
  • Босқа жұмыс істейтін жүз 75-ваттық шамдар бір сағаттың ішінде  табиғи ортаны жолай зиянды заттармен ластай отырып, көмір немесе мұнайдың бірнеше килограммын жейді.
  • Сол кезде әдеттегі жарық көздерін олардың энергия үнемдейтін аналогқа ауыстыру энергия ресурсын тұтынуды және тиісінше жарыққа 5-есе шығынды қысқартады. Егер тұрмыста энергия үнемдейтін мұздатқыш, телевизор, кір жуу машинасын және т.б. қолданса – әрбір пәтерде электр энергиясын тұтыну шығындарын екі есеге азайтуға болады.
  • Энергия үнемдейтін шамды энергетикалық монополистердің «пайда  табуына» жол бермеу үшін орнату қажет емес. Ресурстарды үнемдей отырып, біздер, ең алдымен  біздің елдің болашағы туралы, планета болашағы  және біздің болашағымыздың   қамын ойлаймыз. Одан соң оқушыларға кеңес беріледі. Мысалы үшін:

Есіңде болсын!!!!!

Теледидар

  • Әр үйде электр энергиясы заманауи плазма және LCD теледидарларына міндетті түрде жұмсалады. Сондай-ақ бұл тізімге компьютер мониторын да енгізсеңіз болады. Егер 17 дюймді кинескопты теледидарды қосулы қалдырсаңыз, 190 кВт/сағ электр энергиясының жұмсалатынын білесіз бе? Алайда, құрастырушылар теледидар моделіне үнемдеу режимін қосуды ұмытпаған. Егер осы режимде теледидар көрсеңіз, жылына 130–135 кВт/сағ энергияны үнемдей аласыз.

Компьютер

  • Заманауи компьютерлерде де арнайы электрэнергиясын үнемдеуге арналған режим бар. Егер ол автоматты түрде қосылмаса, режимді іске қосып қоюды ұмытпаңыз. Себебі ол әуелдегі режиммен салыстырғанда 50 %-ға дейін энергияны үнемдейді.

Шаңсорғыш

  • Электр энергиясын бұл құрал да үнемдей алады. Ол үшін шаң жинайтын мөшегін уақытылы тазартып, ауа тазартуға арналған фильтірін ауыстырып отыруды әдетке айналдырыңыз.

Ұялы телефон

  • Ұялы телефонның қуаттағышы розеткада қосулы қалса да, энергияны алатынын білесіз бе? Қуаттағыш розеткада қалған жағдайда 95 %-ға дейін мүмкін шамада энергия текке жұмсалады.

Электр плитасы

  • Егер ыдыс электр плитасының конфорогына сай болмаса, 10%-ға дейін электр энергиясы құрдан-құр жұмсалады. Мұның алдын алу үшін қазан, шәйнек, таба немесе электр плитасын бар ыдыстарыңызға сәйкестендіріп алу қажет. Сондай-ақ тамақ әзірлеу кезінде ыдыстың бетін қақпағымен жауып қою электр энергиясын 20%-ға дейін үнемдейтінін ескергеніңіз жөн.

Кір жуатын машина 

  • Кір жуатын машинаның себебінен екі жағдайда: жуылатын киімнің шамадан тыс көп болуы (10-15%-ға артық электр энергияны) және бакты толтырмай кір жуған уақытта (30%-ға артық электр энергияны) қалыпты жағдайдан көп мөлшерде жұмсайды.

Тоңазытқыш

  • Тоңазытқыш жылу бөлетін құрылғылардан қашық жерде, салқын орында тұруы тиіс. Егер ол 30 градусқа дейін жылы бөлмеде тұрса, электр энергиясы 100%-ға дейін артық жұмсалады.

Қалған 8 — сынып оқушылары ұйымдастыруымен «Болашақтың энергиясы» тақырыбында көрсетілім көрсетілді. Көрсетілімде біздің елімізде осы мәселені шешу жолында көптеген істер атқарылуда екендігі айтылды. Атап айтар болсақ, Астана қаласында «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өткізілген ЭКСПО — 2017 көрмесі көрсетілді. Бұл көрмедегі энергия өндірудің тиімді, арзан, табиғатқа зияны аз болатын тәсілдері мен технологияларын баяндады. Болашақтағы өркендеген Қазақстанның моделі жасалынды.

Семинар оқушылар үшін пайдалы, өте әсерлі өтті. Оқушылар осындай білімділік, практикалық семинарлардың көп өткендігін қалайтыны туралы пікірлерін айтып, ой бөлісті.

№59 мектеп-гимназияның оқушылары
Жетен Әйгерім мен Асқар Батырбек

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.