Кабдирова Акерке Курманбековна
Риддер қаласы «Шаңырақ»
көпсалалы мектеп-гимназия
КММ Педагог-зерттеуші,
бастауыш сынып мұғалімі
Әлемдік деңгейдегі білім берудің қазіргі мақсаты оқытудың нәтижеге бағдарлануы, оқушының жеке тұлғасына бағытталуы, ал оқыту әдістерін тұлға аралық қарым-қатынастарға бейімдеу болып отыр. Демек, оқушы білімді дайын күйінде мұғалімнен алмай, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйену арқылы жаңалық ашуы, шығармашылық тапсырманы орындау кезінде әр түрлі өнімдер жасауы тиіс. Нәтижесінде оқушының дүниетанымы кеңейіп, өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасуы керек. Осы өлшемдер білім беру процесінің негізгі белгісі болып табылады.
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында: «Жаңа формация мұғалімі – рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген, білікті маман, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылған шығармашыл тұлға. Ол жоғарғы білімді, шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты.» — деген болатын.
Қазіргі уақытта ғылыми зерттеулер саласында, білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер мектептің алдында бала тұлғасын жан-жақты дамыту, баланы жоғары сапалы деңгейде тәрбиелеу міндеттерін қояды. Бұл міндеттерді шешу жаңартылған білім мазмұны арқылы жүзеге аспақ.
Білім мазмұнын жаңарту – білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін қайта қарастыру болып табылады.
Қазіргі мектептің басты мақсаты- әр оқушының қабілетін ашу, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны өмірге дайындау, заманауи білім, дағдылар мен қасиеттерді дамыту. Дәстүрлі репродуктивті оқыту бұл міндеттерді шеше алмайды. Оларды шешу үшін жаңа педагогикалық технологиялар, оқу процесін ұйымдастырудың тиімді формалары мен белсенді әдістері қажет.
Белсенді әдістерді қолдану арқылы мұғалім оқушыны ойлануға, практикалық іс-әрекет дағдыларын дамытуға мүмкіндік жасайды.
Соның бірі топтық жұмыстар болып табылады. Топтық жұмыс дидактикалық принципті жүзеге асырудың маңызды элементі болып табылады.
Топтық жұмыстар туралы көптеген зерттеулер жүргізілді. Ғалымдардың тұжырымы бойынша, топтық жұмыстар тұлғаның коммуникациялық қатынасқа түсуіне әрекет ететін педагогикалық процестің кщмпоненті, онда субъект-субъектілік даму жүзеге асады.
Топтық жұмыс – мұғалімдер оқушылардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын оятатын жаңа әдістердің бірі болып табылады. Сыныпта топтық жұмысты қолдану арқылы мұғалімдер оқушылардың білім алу сапасына үлкен ықпал ете алады. Ынтымақтастық әрекет арқылы оқушылардың қызығушылығы мен қарым-қатынастары дамиды.
Топтық жұмыс сипатына байланысты екіге бөлінеді. Бірыңғай топтық жұмыс және сараланған топтық жұмыс. Бірыңғай топтық жұмыс барысында барлық топ бірдей тапсырма орындайды, ал сараланған топтық жұмыс барысында берілген тақырып шеңберінде әр түрлі тапсырмалар орындайды.
Осылайша, топтық жұмыс барлық оқушыларды сабақта белсенді жұмыс жасуға қолайлы жағдай жасайды. Топта жұмысты ұйымдастыру кезінде әр оқушы өз пікірін айтады, ойлайды. Топтарда даулы пікірлер туындайды, әртүрлі шешімдер талқыланады. Топтық жұмыс формасы жаппай оқыту жағдайында жеке көзқарасты жүзеге асыруға, балалардың жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін анықтау үшін өзара әрекеттесуді ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні өте маңызды.
Топтық жұмыс әдісі баланың мектептегі алғашқы күндерінен бастап енгізілген. Бұл дүниетану, математика тағы басқа пәндер болуы мүмкін. Онда алғашқы кезеңдерде балаларға зерттелетін материалды талдау мен синтездеудің күрделі міндеттері қойылмайды. Балалар бір-бірін жақсы білмесе де, олардың қалауы бойынша 5-6 адамнан тұратын топтарға бөлу ұсынылады. Жұмысты әркім өз бетінше орындауға тапсырма беріледі, содан кейін сол жұмысты барлығы бірге орындайды. Табиғаттану сабығында «үй жануарлары» тақырыбы бойынша жұмыс жасағанда, әр бала үй жануарларын атайды, содан кейін барлық оқушылар бірге тексеріп, тізімін толықтырады.
Топтық жұмысты ұйымдастыру барысында мына мәселелер қарастырылады:
- проблемалық жағдай;
- дидактикалық материалдарды тарату;
- топта жұмысты жоспарлау;
- тапсырманы жеке орындау, нәтижелерді талқылау;
- топтың жалпы тапсырмасын талқылау (ескертулер, толықтырулар, нақтылаулар);
- топ жұмысының нәтижелері туралы хабарлама;
- топтардың жұмысы және қойылған міндеттерге қол жеткізу туралы жалпы қорытынды.
Оқушылардың топтардағы өзара әрекеттесуін әртүрлі жолдармен ұйымдастыруға болады. Мұғалім белгілі бір мақсатқа жету үшін топтық жұмысты ұйымдастырудың әртүрлі әдістерін қолданады.
Белсенді әдіс ретінде «миға шабуыл» әдісін қолдану арқылы оқушыларды топқа бөліп, проблемалы сұрақтар таратады, соны топ болып шешімін іздестіреді.
«Миға шабуыл» — әр қатысушы мәселені қалай шешуге болатындығы туралы мүмкіндігінше көп идеялар айтады, содан кейін олар осы әдістердің жарамдылығын талқылайды және топпен жауап дайындайды. Жаратылыстану бағытында жүргізілетін «Дүниетану» пәнінде топтық жұмыстарды қолдану арқылы оқушылардың ғылыми дүниетанымын дамытуға болады. Себебі, Дүниетану интеграциялық пән ретінде, биология, география, химия, экология сияқты пәндердің негізін үйретеді. Бастауыш сынып оқушысы ғылыми ұғымдармен таныса отырып, қоршаған ортаға деген өзіңдік көзқарасын қалыптастырады. «Кластер», «Ми шабуылы» сияқты белсенді әдістерді сабақ үрдісінде топтық жұмысты ұйымдастыруда қолдануға болады. Ол, оқушылардың логикалық ойлау дағдысын дамытады. Қазақ тілінде үй тапсырмасын тексеру барысында «Ақиқат, жалған» әдісін қолдануға болады. Топтағы оқушылардың алдында қызыл және жасыл түсті қиылған қағаздар беріледі. Мысалы, «Дыбыстар екіге бөлінеді, дауысты және дауыссыз; н-дауыссыз үнді дыбыс» — деп белгілі бір тұжырымды айтқан кезде оқушылар ақиқат болса жасыл түсті қағазды, жалған болса қызыл түсті қағазды көрсетуі керек. Бұл әдіс оқушыдан шапшаңдықты талап етеді. Топта оқушылар бір-бірімен жарысып, берілген тапсырманың мазмұнына сәйкес ақиқат және жалған екенін анықтайды.
Топтық жұмыс барысында оқушылардың төмендегі дағдылары қалыптасады:
· Коммуникациялық қарым -қатынас дағдысы;
· Өзін-өзі дамыту дағдысы;
· Мотивацияны жетілдіру дағдысы;
· Басқаларды қолдау дағдысы;
· Гуманистік бағыттылық дағдысы
Топтағы жұмыс материалдың көлемін және жұмыс тәртібін реттеуге мүмкіндік береді. Топтық жұмыс тақырыпты қайталау және бекіту кезінде қолдану тиімді. Топтық жұмыс формаларын Ана тілі, математика, табиғаттану сабақтарында қолдануға болады.
Топтық жұмыстың міндеттері:
- Танымдық іс-әрекетті жетілдіру;
- Өзіндік оқу іс-әрекетінің дағдыларын дамыту.
- Сыныптағы тұлғааралық қатынастарды жақсартуға ықпал ету.
Топтық оқыту дәстүрлі процесті ұйымдастыруға жаңалық болып табылады. Мұғалім мен оқушылардың арақатынасына маңызды ықпал етеді.
Шағын топтарда дербес жұмысты ұйымдастыру топтық іс-әрекетке мол мүмкіндік ашады, әрбір оқушы жалпы тапсырманың бір бөлігін орындайды, одан кейін топтың барлық мүшелері жұмыстың нәтижесін тыңдап бағалайды, сынып алдында сөйлеуге ұжымдық есеп даярлайды.
Топтық жұмыс түрлері сабақты қызықты, жанды етеді, балаларды оқу жұмысына саналы түрде қарауға тәрбиелейді, ақыл-ой белсенділігін арттырады, материалды бірнеше рет қайталауға мүмкіндік береді, мұғалімге бүкіл сыныптағы балалардың білімін, дағдыларын қалыптастыруға және үнемі бақылауға көмектеседі. Балаларда даму, оқыту және тәрбиелеу деңгейі артады.
Пайдаланған әдебиеттер
- Ильясова Д.С., М.К.Тасбулатова., Т.А.Оспанова. Бірінші сыныпта оқу үдерісін ұйымдастыру туралы әдістемелік ұсыныстар. А., 2017
- Әлімов А.Қ. Интербелсенді оқу әдістемесін мектепте қолдану» А., 2018
- Кобдикова Ж.У. Деңгейлеп саралап оқыту педагогикалық технологиясы -А., 2006.