Home » Білім және тұлға » Туған жерім – Алматым

Туған жерім – Алматым

Әбдіманап Дана Қанатқызы,
Абай атындағы Ұлттық педагогикалық
университетінің студенті

 

Туған жерім – Алматым

Мені сенсіз елестету мүмкін бе?!
Сенімен бір көз жасым да, күлкім де.
Кіндік қаным тамған құтты мекенім,
Сенде өтуде  бойжеткен шақ бұл күнде.

 

Тағдырым бір  өзіңменен мекенім,
Сен дегенде шабыттанып кетемін…
Таңың — жұмақ, күнің — шекер, түнің — бал,
Сен тұрғанда шетелді  іздеп не етемін?!

Ақ Алматым — ақ анамсың аялар,
Мен ботаңмын құшағыңды саялар.
Көз ашқаннан сені көріп, сенде өскен,
Перзентіңнің бірімін ғой бағалар.

Бақ Алматым —  рухани ордамсың,
Аязында тіршіліктің қорғансың.
Ең алғашқы әріп танып оқыған,
Сезімге де өзің куә болғансың.

Еске түссе, қамсыз, ғажап бала күн,
Ботаника бағына көп барамын.
Қуанғанда, мұңайғанда сабырды,
Кіші Алматы өзенінен аламын.

Серпілісі керек кезде сананың,
Медеуімнен жанға рахат табамын.
Күдік жайлап, сенім, төзім іздесем,
Шымбұлақтың шыңдарына қарадым.

Сен аямай бергеннен соң барыңды,
Жыр туады түйдек-түйдек, арынды.
Туған жерім, бір сен үшін жалғанда,
Таңдау туса, аямас ем жанымды.

Верный десе, елеңдеймін әлі күн,
Ашылмаған сырларың көп әлі мың.
Сенен шыққан талай ғалым, даналар,
Келешекте шығар анық тағы мың.

Жібек жолы өтетұғын самсаған,
Жетісудің еркесі деп атаған.
Апорт алма Отаны — әз Алма-Ата,
70 жылдай өзің болдың астанам.

Бос қосатын күллі Алаш баласы,
Білім қуған жастардың сен панасы.
Татулықтың бақ бесігін тербеткен,
Жайнай берші, азат елдің қаласы.

Мың бояулы, сырлы қалам, жасай бер,
Дүйім елді ізгілікке бастай бер!
Туған жерім — Алматымды Жаратқан,
Жамандықтан, қасіреттен сақтай гөр!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.