Home » Білім және тұлға » Ұстаз мерейі — ел мерейі

Ұстаз мерейі — ел мерейі

Әлемде 40 мыңнан аса мамандық атаулысы бар. Солардың ішіндегі ең ардақтысы, жауапкершілігі жоғары ұстаздық қызмет. Мұғалім болу оңай, алайда ұстаз  болу кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық. «Ұлттың ұлағаты — мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты — оқу мен әдебиетте», — деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Ұстаз — осы білімге, мәдениет пен әдебиетке жетелейтін бірден бір тұлға. Ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің таланты, біліктілігі және жауапкершілігі, адами қасиеттері өте маңызды рөл ойнайды. Ұстазынан тәрбие мен білімді қатар ұстанған шәкірт дарынды болары анық. Ұрпақ тәрбиесі мен ұшан теңіз еңбекті қатар ұстап,  еңбек етіп, қазірде бейнетінің зейнетін көріп отырған  Қуанышбек Сүлейменұлы Қаражан ағамыз Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауданында дүниеге келген. 1965 жылы 11-кластық мектепті аяқтап, құрылыс мекемесіне жұмысшы болып орналасады. 1966-1968 жылдары Кеңес Армиясының қатарында болып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келеді. Әскерден соң, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетіне оқуға  түседі. Жай ғана студент болып қана қоймай, өзінің белсенділігімен көзге түсіп, факультет студенттері кәсіподағы ұйымының төрағасы болған. Оқу орнын үздік аяқтаған Қуанышбек Қаражан 1973-1982 жылы Қазақстан жоғары және орта оқу орындары минстрлігінің жолдамасымен В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының КОКП тарихы кафедрасының оқытушысы болады. Өзінің ғылым жолына деген қызығушылығының нәтижесінде 1979 жылы «Деятельность партийных организаций Казахстан по руководству строительством канала Иртыш-Караганда 1959-1975гг» деген тақырыпта кандидаттық дисстертацияны қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. 1982-1990 жылдар аралығында ҚазМУ-дың тарих факультетінің, кейіннен саяси партиялар тарихы кафедрасының доценті қызметін аса үлкен жауапкершілікпен атқарады. Еңбекке деген құштарлығы елеусіз  қалмады. Еңбегі еленіп, 1984 жылы университеттің Құрмет грамотасымен марапатталады.  Факультет істеріне белсене араласып, студенттермен тығыз әрі белсенді қарым-қатынасы ескеріліп,  тарих факультетінің деканы болып тағайындалады. Әр студентпен жеке жұмыс жасап, олардың үнін тыңдай білді.  «Ұстаз болу  — өз бақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» ұстанымын ұстанып, шәкірт жүрегінен жол тауып, сүйікті ұстаздардың қатарына қосылған жандардың қатарына қосылады. Еңбек жолын әрі қарай шыңдап, 1993 жылы тарих мамандығы бойынша профессор атағын алады. Өзіне жүктелген міндеттерді жоғары дәрежеде орындай білгені үшін 2001 жылы Университеттің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Өз ісінің маманы профессор Қуанышбек Сүлейменұлы ғылыми педагогикалық кадрлар даярлауға өзіндік үлесін қоса білген нағыз ұстаз.                            Қажырлы еңбегі әрқашан өз нәтижесін беруде. 7 ғылым кандидатын даярлай отыра, қанатын қағып ұшырған шәкірттері қазірде сыртқы істер, Білім беру және ғылым министрлігінде, ғылыми-зерттеу институттарында сонымен қатар жоғарғы оқу орындарында қызмет атқарып келеді.

Қуанышбек Сүлейменұлы сан салада еңбек жазды. Қазірде 90-нан аса ғылыми зерттеу жұмыстарын жасап, жоғары оқу орындарының студенттеріне оқулықтар, мақалалар мен түрлі оқу құралдарының авторы. 2 монография мен 16 ғылыми зерттеулер жазды. Бұның артында үлкен еңбек пен маңдай тердің жатқандығы анық.

Қуанышбек Сүлейменұлынан дәріс алу бақыты маған да бұйырды. Алдына келген студенттерді білім нәрімен сусындатып қана қоймай, тәлім мен тәрбиені қатар бере білді. Менің тұлға болып қалыптасып, өмірден өз орынымды табуда Қуанышбек ағайдың еңбегі орасан зор. Ер азаматтың бойында кездесетін батылдық, табандылық пен қажырлылық секілді қасиеттер Қуанышбек Сүлейменұлының бойынан дарыды.  4 жылдың ішінде білім мен тәрбиені қатар сіңіріп, өмірлік тәжірибеде қолданып жүрміз. Қолданып та келеміз.

Қуанышбек Сүлейменұлы жапырағын жайған бәйтеректей тамырын тереңге жайып, ұл-қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке, асыл ата. Өмір атты кеме өз ағынымен ағуда. Қуанышбек ұстазымның балдай тәтті немересі қазіргі күнде менің шәкіртім. Мына бір кереметті қараңызшы! Ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар!

Балаларының асқар таудай сүйеніші, немерелерінің абыздай ардақты атасы Қуанышбек Қаражан  Сүлейменұлы жеті асудың бел ортасы  75 жасқа толып отыр. Ұстазымды мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.  Деніне саулық, отбасына амандық, тәрбиелеп отырған ұл-қыздарының тек қана жақсылығын тамашалауды тілеймін.

 Бақтияр Үсенұлы Жарылқапов,
М.Мақатаев атындағы №140 гимназия
директорының оқу ісі орынбасары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.