Менің «Айсын радиожурналистика» мектебінде білім алып жатқаныма жарты жылдай уақыт өтті. Оқушылар көпшілік алдында еркін сөйлеп, ораторлық шеберлік сағатынан тәлім алады. Шешендік сөз өнерін меңгеріп, мақала жазуды үйренеді. Камера алдында мәдениетті сөйлеуді қылыптастырып, радиода бағдарлама жүргізеді. Мектептің жанынан «Айсын балалар» радиосы іске қосылды. Оқушылар бағдарлама тізгіндеп, тәжірбие жинайды. Ашылғанына ұзақ уақыт өтпесе де, мектептің жетістіктері толағай теңіз. Білім алып жатқан оқушылардың барлығы жан-жақты, талантты. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, біздің әр жеткен жетістігіміз білікті мұғалімдердің арқасы деп білемін. Мектебімізде Т.Ахтанов атындағы драма театрының актрисасы Майгүл Мұзбаева, мектебіміздің директоры, радиожурналист, оратор Айсын Байтақова, телеарнада тәжірбиесі бар жүргізуші, сайт редакторы, журналист Гүлия Айтуғанова, өз ісінің білікті маманы Айман Ыбраева білім беруде. Оқушылар Ақтөбе өңірінен бөлек, республикалық деңгейдегі байқаулардан топ жарып, жүлделі оралады. Кітапханада ұйымдастырылатын мәдени шараларға белсене ат салысады. Қуанышты бөліссең, көбейеді. Осы орайда жағымды жаңалықпен бөліссем деймін. «Айсын» мектебі қыркүйектің 17-сі күні Қызылорда қаласында өткен «Жібек жолы» IV Республикалық байқауында «Үздік мектеп» атағымен марапатталды. Мәнерлеп оқу сайысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400-ге жуық оқушы бақ сынады. Оның ішінде Тараз, Түркістанна келгендер де болды. «Айсын» радиожурналистика мектебі дараланып, екі бас жүлде мен бірінші орынды иеленді. Нұрлыбекқызы Медина мен Болат Бейбарыс «Актерлік шеберлік» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алса, Есмағамбет Кәусар бірінші орын иеленіп, «Жібек жолы» V Республикалық байқауына қатысуға жолдама алды. Мектебіміздің ұстазы Айсын Байтақова «Үздік жетекші» ретінде танылды. Сондай-ақ күні кеше ғана Атырау қаласында өткен Халықаралық дарынды балаларға арналған «Самға әуен» өнер байқауында оқушылар үздік екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қалиева Еркеназ, Таңірбергенқызы Арайлым, Әлібекова Ботакөз, Бақыткелді Диляра, Кеңес Ару І орын алып, алдыңғы қатардан көрінсе, Аманғалиева Аяулым мен Тайырова Арайлым есімді өнерлі оқушылар ІІ орынды жеңіп алды. Талантты оқушылардың көркемдеп оқыған мәнерлеп оқуын тыңдармандар ұйып тыңдады. Мектебіміздің бағындырар белестері әлі де алда екендігіне сенімдімін. «Айсын» радиожурналистика мектебінің білім алушысы болғаныма қуаныштымын.
Альмира Келербаева
«Айсын радиожурналистика» мектебінің оқушысы