Home » Мақалалар » МӘҢГІ ЕСТЕ ҚАЛАТЫН САПАР

МӘҢГІ ЕСТЕ ҚАЛАТЫН САПАР

 Абдулла Нұрхан,
Алматы қаласы
№59 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы

МӘҢГІ ЕСТЕ ҚАЛАТЫН САПАР

 

Халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекендердің бірі – Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай ауылы, Ұлы Абай жатқан жер десем, артық айтқандығым болмас. Әр қазақ баласы үшін Абай Құнанбайұлы-  ұлылық пен кемеңгерліктің символы, айырықша тұлға десек, соңғы қонысы, мәңгілік тұрағы- тәу етер жер, қасиетті мекен деп санауға болады.  Рухани әлеміміз үшін маңызы аса зор осы қасиетті жерге барып қайту менің бағыма бұйырып, өткен тамыз айында қазіргі Абай облысы, Абай ауданындағы Жидебайға, Ұлылар мекеніне барып қайтқан едік. «Абай оқулары» байқауының аудандық, қалалық кезеңдерінде жеңімпаз болып, Алматы мектептерінің алты оқушысы сол елді-мекенде өтетін «Абай оқуларының» республикалық кезеңіне сынға түсу үшін жолдама алғанбыз. Күндіз де, түнде де хәкім Абайдың теңдесі жоқ ұлы мұраларымен кеңірек танысып, өлеңдері мен қара сөздеріне тереңірек бойлап, жақұт жырлары мен ғибратқа толы сөздерін бойыма сіңіре дайындалған едім. Шынтуайтында, дана Абайдың әр шығармасы- ғұмырыңа жететін рухани азық, тіршілігіңе сәуле шашатын шамшырақ іспеттес қой. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров қандай дұрыс айтқан десеңізші… Біз дана ақынның өлең-жырларын білім үшін ғана емес, адам болу үшін де, имандылық пен адамгершілікке келу үшін де жиі жиі оқып, тоқып отыруымыз керек-ақ екен. Иә, бұл сапар мәңгі есте қалатындай үлкен сапар болды мен үшін. Семей шаһарынан Абай жеріне қадам басқаннан бастап айырықша әлемге енгендей күй кешкенімді де жасыра алмаймын. Абай жерінің табиғаты, жазық даласы, самал желі, толқындап ағып жатқан мөлдір бұлағы мен желмен жарыса ұшқан қырандарының бәрі де ұлы ақынның тұрмыс-тіршілігі мен «мыңмен жалғыз алысқан» өмірін суреттеп тұрғандай әсер етті. Қиялымдағы терең де тұңғиық Абайды сол сәтте басқа қырынан танып, сыр тарқасқандай сезімде болдымда. Осы жарыс шеңберінде Қазақстанның әр түкпір-түкпірінен келген оқушылардың да алған әсері, сөзбен жеткізе алмайтын сезімдерді бастан кешіргендеріне менің күмәнім жоқ. Менімен бірге сапарлас болған жандардың білімі, ойшыл Абайдың сөздерін тереңінен түсінуі, жанашырлық танытулары, әр оқушының ақынға, қазаққа деген махаббаты көрініп те, сезіліп те тұрғандай еді. «Абай оқулары» байқауының қорытынды кезеңінде бас жүлделерге ілікпей, Дарын орталығының арнайы марапатына ие болсақ та,  бұл сапар мен секілді көптеген талапты жастарды рухани байытып, кемелдікке жетуге ықпал етті. Халыққа пайдалы болуды, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстауды, өзіңді тани отырып һәм тіршіліктің түпкі мәнін тереңірек түсінуге көмектесті. «Бұл өмірдегі мақсат не?», «Тіршіліктің мәні неде?» деген күрмеуі қиын сан-сауалдарға жауап тапқандай болып, бағыт-бағдарымызға жөн сілтеді. Болашаққа қарай батыл қадамымызды басуға үлкен септігін тигізді. Асылында асыл сөз әдебиетке деген махаббатымды оятып, Абайды тануыма, поэзияның қайнар бұлағынан нәр алуыма мүмкіндік берген ұстаздарыма, әсіресе жетекшім, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ахметова Хабира Берікболқызына деген алғыс сезімім үлкен. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп қазақ айтпақшы, осындай ұлағатты жандардың ізін жалғап, мен де игі арман-мақсатыма жетсем бе деген тілегім бар. Ал ұлы Абай еліне жасаған сапарым менің жеке өмірімде аса зор мәнге ие болып, мәңгі есте қала береді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.