Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ

ИМАКОВА ЛАУРА ОСПАНОВНА

Қазіргі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт талаптарына сай оқыту үдерісінің орталық тұлғасы білім алушы субъект, ал ол субъектінің алған білімінің түпкі нәтижесі құзыреттіліктер болып белгіленуі білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мақсаты негізге алынып отыр.

Жай сауаттылық — адамның оқу, түсіну, қысқа мәтіндерді құру және қарапайым арифметикалық әрекеттерді орындауы. Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым — қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым — қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым — қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығы дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Егер осы шарттар бастауыш сыныпта орындалғанда оқушының функционалдық сауаттылығы қалыптасады.

Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын аттыру үшін мұғалім шебер болуы керек. Ол баланы қалай оқыту, оның сабаққа деген ынтасын қалай ашуға болады деген сұрақтар төңірегінде жұмыс жасауы тиіс. Жалпы адам баласы есту, көру, ұстап көру, сезу және иіскеу арқылы есте сақтайды. Кейбір оқушылар жазбашаға, кейбірі ауызшаға қабілетті болып келеді. Интербелсенді оқыту барысында оқушылар өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз қөзқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді.

Қазақ тілін оқыту алдына үлкен міндеттер, оқушыларға түсіндірудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру қажеттілігі қазіргі таңда да қарастырылып келе жатқан мәселе. Демек, тіл ғылымының үздіксіз дамуының нәтижесінде, адам баласы ой-санасының, дүниетанымының өсуіне байланысты оқыту әдістемесі де қатар жетіліп байып отыр. Өйткені, озат мұғалімдер тәжірибелерінен толығып оның мазмұны мен жүйесі, құрылысы, кеңейіп, байып отырады. Қоғам ілгері дамыған сайын оқыту мазмұны да күнделікті жаңарып, жетіліп отырады.

Әдебиет арқылы оқушы бойында өмір туралы дұрыс талғам, түсінік қалыптастырамыз. Қазақ әдебиетіндегі көркем туындылар арқылы қалаған мамандықты игеріп, өмірден өз орнын табуларына, қалаулы азамат болып өсулеріне тигізетін әсері мол. Ұрпақ бойында ұлттық ұғымдарды сіңіру үшін, біз оқушыға өткен тарихымызды танытуымыз тиіс.

Пән мұғалімі оқушының назарын аудару үшін сабақ кезінде әртүрлі тақырыптық, пәнаралық, сыныпаралық байланыс орнатып, қызықты әңгімелерді сахналық көрініс ретінде өтуді ұйымдастыра білуі қажет. Сонымен қатар, түрлі көрнекілік құралдарын қолдану, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, ажырату, тақтаға жазу, айтқан ойды мысалдармен дәлелдеу, сөздікпен жұмыс, проблемалық мәселелерге жауап беру, нақтылы және жалпылама тапсырмалар беріп, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, оқушының бірін-бірі сынауы, өзіндік пікір білдіруі, баяндама жасауы, ғылыми зерттеу жазып қорғауы т.б. алуан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Осындай әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді. Орта буын оқушыларының арнайы ереже дәптерлері, альбомдар, сөздіктері, канспектілері, хронологиялық кестелері болуға тиіс. Сонымен бірге, шығармашылық дәптері бөлек болғаны дұрыс. Оған оқушы өздеріне ұнаған мақал-мәтелдерді, афоризмдерді, шешендік сөздерді де жазып алып жүруге баулу керек. Осы ретте, шығармашылыққа жақын кейбір оқушылар сол дәптерге қыса әңгіме, мақала, күнделік, пікір жазып үйренуіне мүмкіндік туады.

Мән беріп оқыту технологиясы (қатысымдық әдіс) функционалды сөйлеудің грамматикалық жағы мен лексикалық бірліктерді меңгертудің негізі болып табылады.Бұл әдіс бойынша оқушыларды сабақтың басынан бастап сөйлесім әрекетіне баулу,тілді үйретуді күнделікті өмірде жүзеге асыру,сабақты практикалық жағынан жан-жақты қамтамасыз ету ескеріліп отырады.Өйткені кез-келген тақырыптағы тілдесім үдерісі сөйлеу,жазу,оқу,тыңдау әрекеттері арқылы іске асады.Рөлдік ойын әдісі арқылы оқушылар тез тілдеседі,образға енеді,оқушы өзін танытады,достарының пікірімен санасады,дұрыс сөйлеу қабілетін жетілдіреді,жан-жақты білімін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сұрақ-жауап әдісін оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыту мақсатында оқытудың барлық кезеңдері мен түрлерінде жиі қолданамын

Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда – бүгінгі заман талабы. Осы ретте, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін дұрыс жүргізе білудің маңызы зор. Педагогтың шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастырып сабақ өтуі, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Жоғары деңгейде сабақ беретін оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін абыройдың үлкені, әрбір мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.