Home » Білім және тұлға » КЕМЕЛ ҰСТАЗ

КЕМЕЛ ҰСТАЗ

Өзіңнің айырықша құрмет тұтып, жақсы көретін адамың туралы жақсы бір тілек, әдемі сөз айтудың өзі оңай бола бермейді. Қанша оқталып тырысқаныңмен, көңілден шығатындай ой кейде келмей кетеді. Былай қарасаң, көкіректе бәрі сайрап тұр. Бірақ жазуға келгенде неден  бастарын білмей дал боласың да қаласың. «Мен бұл тақырыпқа кітап жазбақ болып толғанғалы қашан!» деп, қара сөздің хас шебері Зейнолла Қабдолов ұстазы Мұхтар Әуезов туралы өзінің роман-эссесінде осындай жүрекжарды сөзбенен бастаған секілді,  біз де жүрек лүпілінен туындаған сезім мен айырықша ілтипатымызды бірден ақтара салмай, кібіртіктеп барып жазуға отырғанымыз бар. Мүмкін жазудағы жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес екендігін сезінгендіктен болар деп те ойлап қойдық.

Иә, бүгін тамаша әріптес-апайымыз, №59 мектеп-гимназиясының директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, математика пәні мұғалімі Нұрғасқаева Жанат Құдышқызы 65-ке толып отыр. Бар саналы ғұмырын ізгі іске арнап, жас ұрпақтың кемел келешегі үшін тер төккен ардагер ұстаздың білім саласына сіңірген еңбегі аз емес-ті. 40 жылдан астам өнімді еңбек етіп, қарапайым мұғалімдіктен директорлыққа дейінгі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған апайымыздың ұстаздық ғұмыр жолы бай, өнегеге толы десек әбден болады.

Алматы облысы Кеген ауданындағы Ұзынбұлақ деген ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерінің отбасында дүниеге келіп, ауыл мектебін үздік тәмамдаған әріптес-апайымыз  Абай атындағы қазақ педагогика институтының математика факультетіне түседі. Ақын Ғабиден Қожахметтің: «Сырын ашып беретін әр ұғымның, Ғажап сырды осыдан сен ұғындың» дегендей, математика дегеннің өзі кез-келгеннің қолына оңай ғана келіп қона салатын жеңіл пән емес-ті. Төзімділікті, ізденуді қажет ететін қиын сала. Тек мақсатына тастай берік, ұстанымынан тайқып кетпейтін жігерлі жандар ғана игере алады. Ал біздің кейіпкеріміз күрделі мамандықтың қыр-сырын терең меңгеріп қана қоймай, оқу ордасының әртүрлі іс-шаралары мен әлеуметтік жұмыстарына барынша атсалысып, үздік әрі белсенді студент екендігін сол кезде-ақ таныта білді. Педагог ретіндегі алғашқы қадамдарын жасап үлгерді. Оқу орнын бітіре сала ауыл мектебінде ұстаздық жолын бастап та кетеді. Комсомол ұйымын басқарады.

Негізінде дүниеде қиындық жоқ, тек осалдық бар дейді. Қандай тамаша ой. Өмірге әрдайым құштарлықпен қарау, ұсақталып кетпеуге тырысу, болмашыға таусылмау маңызды нәрселер. Өмірге деген махаббат, жұмысқа деген берілгендік тірліктің қандай қиындығы болмасын, абыроймен алып шығып жатады. Қазақ «Рахат іздесең бейнетіне, бақыт іздесең азабына шыда» деп бекер айтпаған ғой. Маңдай термен атқарылған адал еңбек қашан да өз жемісін беретіндігі анық. Кейіпкеріміз де осы адал еңбектің арқасында көп ұзамай  1977 жылы Бүкілодақтық Лениндік Комсомол Жастар Одағы ұйымының марапатына да ие болады.

Ұстаз дегенде әдеттегідей Алма Қыраубаева мен Рафика Нұртазинаны, ғалым-педагог Қанипа Бітібаеваны тілге тиек етіп жатамыз. Қастерлі мамандықтың қадір-қасиетін арттырған, беделін көтерген бұл ізгі жандар қазақ ұстазының образын қалыптастырды дейміз. Дегенмен де, даңқты ұстаздардың ізін жалғастыра, міндетіне барынша адал болған Жанат Құдышқызы сынды іскер жандардың да еңбегі аз болмағандығын айта кету керек. Тәуелсіздік, одан кейінгі уақытта да ұлтқа қызмет етудің шынайы үлгісін көрсете жүріп, мемлекеттігіміздің іргетасын нығайтуда бұл кісілер хал-қадарынша қызмет етті. Өздерінің биік болмысымен, тартымды тұлғасымен ел білімін арттыруға үлес қосты.

1991 жылы Алматы қаласындағы №137 орта мектебінде жұмыс істей жүріп, алғашқылардың бірі болып, республика ұстаздарына білім беру жүйесін дамытуға байланысты «Халықтық тәрбие тағылымын игерген, білімді, рухани бай, ел болашағын ойлайтын тұлға тәрбиелеу» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Бұл келелі басқосудың жөні бөлек-тін. Өйткені ол кезеңдерде жастарға ұлттық тәрбие беру өзекті мәселелердің бірі еді. Елімізде патриоттық сезімін арттыру жолында халықтық тәрбие көздерімен сусындата білім беру қажеттілігі туындаған-тын. Аталмыш мәселені жүзеге асыру үшін келешегіміздің рухани дамуын дұрыс жолға қоя білуіміз қажет болды. Туған халқымыздың орасан зор адамгершілігімен, ақыл-парасатымен, қонақжайлығымен, әділдігімен, өз мүддесін ел мүддесімен ұштастыруымен, көрегендігімен ерекшеленетін салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын, рухани-мәдени мұраларын сақтап, оны уақыт өткен сайын жаңғырта түсетін тұстарын кейінгі жас ұрпаққа ұғындыра, түсіндіре білім беруді негіздеу міндеті тұрды. Қазақтың сан ғасырлық асыл қасиеттерін білім беру үдерісіне ендіру арқылы білім алушының өзіндік дара қасиетін сақтап қалуға қадамдар жасалды. Аталмыш семинардың табысты өтуіне кейіпкеріміз өзінің зор үлесін қосып, ғалым, ұйымдастырушы, тәлімгер ретіндегі қабілет-қарымын көрсете білді. Жастардың ұлттық сана-сезімін оятудың өзіндік дара жолын ұсынды.

Рас, жауапкершілігі мол жұмыста еңбек етіп, ұстаздық жолында, тәлімгерлік міндетінде ылғи да алдыңғы сапта жүре беру оңай емес-ті. Қай салада болмасын, табысты еңбек етіп, қыруар іс тындыру үшін талант пен табандылық қажет. Ұзақ жолда шаршап шалдықпас үшін көп күш-қайрат пен ерік-жігер керек. Олай дейтініміз, мына күрделі заманда жас ұрпақтың санасын ұлттық құндылықтармен байытып қана қоймай, сертіне берік, еліне адал саналы жастарды қалыптастыруда, бағыт-бағдарын айқындап, кемел келешекке жетелеуде Жанат Құдышқызы секілді кәсіби ұстаздар мен білікті мамандардың атқарар міндеті салмақтырақ бола беретіндігі анық.

Жанат апайдың ұстаз ретіндегі өзгелерден ерекшелеп тұратын қырлары көп әрине. Еңбекқорлығы, ізденгіштігі өз алдына бір бөлек, ең алдымен менмұндалап тұратын жан дүниесінің кеңдігін, сөйлеу мәнері және сабақ түсіндірудегі шеберлігін ерекше атар едім. Оның дәрісіне қатысқан тыңдарман, оқушы алған әсерін көпке дейін ұмыта алмай жүреді. Сандардың құпияларын ашып, есептерді шешіп, заманауи әдістерді пайдаланып, оңтайлы жолмен түсіндіріп берудегі шеберлігі екінің бірінде бола бермейтін ерекшелік. Тіпті математика ауылынан алыс қарапайым тыңдарманның өзі бір-екі сабағынан кейін біраз дүниеге қанығып та қалады. Өйткені бұндай дәрістерді немқұрайлы тыңдау мүмкін емес. Оқушысын иландыра білу, ұйытып алу- терең ойдан, мол білімнен, биік парасаттан туатын нәрселер ғой. Апайдың осы қырларына тәнті болып жататындығымыз бар.

Тағы бір ерекше қасиеті елмен көп араласады. Адамның бойындағы жақсы сипатты, адамгершілікті, дарындылықты тани біледі. Әріптес-құрбыларымен әзілдескені өзіне жарасып-ақ тұрады. Қолынан келген көмегін беруге, қолдау көрсетуге асығып жатады. «Айналайын, Қанатжан!» деп, жағдайыңды сұрап, ақыл-кеңесін де беріп тұрады.

Адам жанының нәзік білгірі секілді оқушының бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін тәрбиеден іздейді. Кішіпейілділік, ұқыптылық, мінездегі ар, ұятты негізінен тәрбиеге байланыстырады. Баласы тәрбиелі болсын десе, ата-анасы алдымен өздері тәрбиелі болуы керек деп ескертіп отырады.

Асылында, ізгі жандардың бәрі шетінен кішіпейіл, қарапайым болады деуші еді. Өйткені қарапайымдылықта тереңдік, даналық бар. Олай дейтініміз, түсінбестік не ашуға бой алдырып келеңсіз жағдайлар туындай қалғанда бұл кісінің сабырға шақырудағы парасаттылығын айтпауға тағы болмайды. Қандай жағдай орын алмасын, нендей күйге түспейік, байсалды түрде жылы сөзбен шешіп, күрделі мәселенің өзін сәтімен аяқтап жібереді.

Иә, әрбір ұстаздың өзіндік ерекшелігі, болмыс-бітімі болатындығы анық. Ал нағыз ұлағатты ұстаздың, кемел жанның бейнесін біз Жанат Құдышқызы сынды жандардың болмысынан іздер едік. Шағын мақала көлемінде кейіпкеріміздің ұстаздық өнегесін, сан қырлы қасиеттерін толық айтып шығу мүмкін емес. Біз мүмкіндігінше кейіпкеріміздің ұстаздық өмірі мен еңбек жолындағы бізге белгілі кейбір тұстарына ғана тоқталдық. Ұлағат иесінің ұстаздық тағылымы мен тәлімі мол екендігін көрсетуге тырыстық. Педагогикалық тәжірибесі мен жалпы адами қасиеттері кейінгі жастардың кәдесіне асса екен, жұғысты болса екен дедік.

Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Құрмет грамоталарының иегері – Нұрғасқаева Жанат Құдышқызы бүгінде 65 жасқа толып отыр. Кемел жас. Толысқан шақ. Жеткен табысы, тындырған жұмыстары аз емес. Бірақ алар асуы әлі алда деп сенеміз. Құдай тек амандығын берсін. Кемел жасы құтты болсын.

Қанат Едігетегі,
Алматы қаласы №59 мектеп-гимназияның мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.