Салғиева Майгүл Таніберліқызы
Сарина Маржанкуль Картаевна
Қарағанды облысы Шет ауданы Ақадыр кенті
«Балбөбек» бөбекжайы» КМҚК тәрбиешілері
Кіріктірілген оқу қызметі
Тақырыбы: «Ғарышқа саяхат»
Мақсаты: Балалардың білім беру салалары бойынша алған білімдерін қорытындылау.Балаларға зымыран, ғарыш айлағы , ғарышкерлер туралы мәлімет беру. Ойын элементтерін пайдалана отырып, балалардың сөздік қорын, ой – өрісін, тілін, сөйлеу мәдениетін дамыту, сандар, геометриялық пішіндер туралы білімдерін бекіту.Әр түрлі тапсырмаларды орындауда өзара жолдастық, достық қарым – қатынастарын кеңейте отырып, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Ғарышкерлер, мамандар, көліктер, жыл мезгілдері суреттері, геометриялық пішіндер,сандар, слайд ,ойыншықтар.
Әдіс — тәсілдер: Шаттық шеңбері, ғажайып сәт,ойындар, құрастыру, бояу, жапсыру,сергіту сәті, сұрақ- жауап, аудио, слайд көрсету,қорытындылау.
Қостілді компонент: ғарыш – космос, ғарышкер – космонавт, зымыран – ракета, жер – земля, күн – солнце.
Тәрбиеші: — Балалар, ең алдымен келген қонақтармен амандасып, бір- бірімізге жылы лебіздерімізді білдірейік.
Шаттық шеңбер: Армысың, шапағатты күніміз!
Армысың, мейірімді жеріміз!
Армысың, табиғат анамыз!
Әдеппен бас иер баламыз!
Тәрбиеші: — Балалар, бүгінгі біздің оқу қызметіміз ерекше болмақ, қане , алдымен үш топқа бөлініп алайық.
1 топ «Жұлдыздар»
2 топ «Алғырлар»
3 топ «Қырандар» болсын.
Ғажайып сәт: «Ақылды қонжық»
Тәрбиеші: — Балалар, бүгін бізге «Ақылды қонжық» қонаққа келіпті,ол сендердің жыл бойына не үйренгендеріңді, не білгендеріңді көргісі келеді.
Қане, өздеріміздің білімдерімізді көрсетейік.
- Балалар, айтыңдаршы, сендер ертегілерді жақсы көресіңдер ме?
Балалар: — Иә, біз ертегіні жақсы көреміз.
Тәрбиеші: — Олай болса,мен сендермен бір ойын ойнағым келіп тұр.
Ойынның аты «Бұл қай кейіпкер?» — деп, аталады.
Ойынның шарты: Мен сендерге ертегі кейіпкерлеріне байланысты сұрақтар қоямын, соған жауап берулерің керек. Әр топқа бір сұрақтан беріледі.
(әр топтың алдында үш түрлі ойыншықтар қойылған, дұрыс жауап болатындай бір ойыншықты көтеру керек)
1 сұрақ: «Бауырсақ» ертегісіндегі кейіпкерді тап?
1.Қарға 2. Қоян 3.Сиыр
2 сұрақ: « Шалқан» ертегісінде қай кейіпкер қатыспайды?
1.Қой 2.Әже 3.Ит
3 сұрақ: «Жеті лақ» ертегісіндегі жағымсыз кейіпкерді тап?
1.Ешкі 2.Лақ 3.Қасқыр
Тәрбиеші: — Өте тамаша,сендер ертегілерді жақсы біледі екенсіңдер.
- Балалар, алдымызда қандай мереке келе жатыр?
Балалар: — «Ғарышкерлер күні»
Тәрбиеші: — Иә, балалар, алдымызда «Ғарышкерлер күні» мерекесі келе жатыр. Ал осы аспан әлеміне ұшатын, оны зерттейтін адамдарды кім деп айтамыз?
Балалар: — Ғарышкер деп айтамыз.
Тәрбиеші: — Олай болса, экранға назар аударайық.
Слайд көрсету «Ғарышкерлер»
Тәрбиеші: — Балалар, біз де бүгін ғарыш әлеміне саяхат жасап қайтайық, ал ғарышқа бару үшін бізге не керек?
Балалар: — Ғарышқа бару үшін бізге зымыран керек.
Тәрбиеші: — Өте дұрыс, балалар, зымыран қандай көлік түріне жатады?
Балалар: — Зымыран – әуе көлігіне жатады.
Тәрбиеші: — Өте тамаша, ал сендер тағы да қандай көлік түрлерін білесіңдер?
Балалар: — Жер, әуе көлігі, суда жүретін көлік түрлері бар.(ойыншық көлік түрлерін көрсету, кеме, ұшақ, машина)
Тәрбиеші:— Балалар, ал осы көлікті жүргізетін адамдар қалай аталады?
Балалар: – Жүргізуші, ұшқыш, теңізші т.б.(маман иелерінің суретін көрсету)
Тәрбиеші: — Өте тамаша.Ал енді, балалар, Қырандар тобы геометриялық пішіндерден зымыран бейнесін құрастырсын, Жұлдыздар тобы ай менен жұлдыздарды бояп шықсын , ал Алғырлар тобы құрастырған зымыранды, бояған ай мен жұлдыздарды аспан әлемі бейнеленген қағазға жапсыру арқылы ғарыш әлеміне саяхат жасайық .
- Қырандар тобының балалары ,сендер зымыранды құрастыру кезінде
қандай пішіндерді пайдаландыңдар?
Балалар: — Үшбұрыш- төбесі,кеудесі- төртбұрыш, екі қанаты- көпбұрыш.
Тәрбиеші: — Өте тамаша, балалар, келесі тапсырмамызға кіріспес бұрын , бойымызды бір сергітіп алайық.
Сергіту сәті: Оңға, оңға түзу тұр,
Солға, солға түзу тұр.
Артқа қарай бір адым,
Алға қарай бір адым.
Жоғары- төмен қарайық,
Орнымызды табайық.
Тәрбиеші: — Біз құрастырылған зымыран арқылы ғарыш әлеміне де келіп қалдық, олай болса , назарларыңды экранға аударыңдаршы. Ол жерде аспан әлеміндегі ғаламшарлар көрінісі бейнеленген.
Слайд көрсету «Ғаламшарлар»
Қостілді компонент: ғарыш – космос, ғарышкер – космонавт,зымыран – ракета, жер – земля, күн – солнце.
Тәрбиеші: — Балалар, ғаламшарлардың бізге даярлаған құпия тапсырмалары бар , қане тапсырмаларды бірге орындайық.Әр топқа үш сұрақтан беріледі.
1.Күн: кемпірқосақта неше түс бар?(7)(түстер жайлы айту)
2.Меркурий: бағдаршамда неше көз бар?(3)(жолда жүру ережелеріне тоқталу)
3.Венера: қолғапта қанша саусақ бар?(5)(киім түрлеріне тоқталу)
4.Жер: бір жылда неше мезгіл бар?(4)(жыл мезгілдері жайлы айту)
5.Марс: Жұлдыздың неше бұрышы бар?(5)( геометриялық пішінге тоқталу)
6.Юпитер: адамда неше көз бар?(2)(дене мүшелері жайлы айту)
7.Сатурн: аспанда неше күн бар?(1)(табиғат құбылыстарына тоқталу)
- Уран: сиырдың неше мүйізі бар?(2)(үй жануарларына тоқталу)
9.Нептун: екі қоянның неше құлағы бар?(4)(дала жануарларына тоқталу)
Тәрбиеші: —Балалар, сендер ғаламшар тапсырмаларын жақсы орындадыңдар.
Ал енді, ортаға келіңдер, бір ойын ойнайық.
Ойын «Дұрыс және бұрыс»
Шарты: балалар тәулік мезгілінде айтылған сөйлемдер дұрыс болса, қол шапалақтайды, ал қате болса, бастарын шайқайды.
- Тәңертең күн шығып тұрады (дұрыс)
- Түнде біз ойнаймыз (бұрыс)
- Күндіз ай шығып тұрады (бұрыс)
- Тәңертең біз балабақшаға келеміз (дұрыс)
Тәрбиеші: — Ал енді , балалар, ғаламшардан қайтатын уақыт болған сияқты, ол үшін біз тура және кері санауымыз керек.Қане, кім санап береді екен?
Балалар: 1 – ден 5 – ке дейін тура және кері санайды.
Рефлексиялық – түзетушілік:
Тәрбиеші: — Ақылды қонжық, саған бүгінгі біздің балаларымыздың берген жауаптары ұнады ма?
Ақылды қонжық: — Иә,маған өте ұнады, балалардың барлығы білімді екен.
Енді мен қайтайын, сау болыңдар.
Балалар: — Сау бол, Ақылды қонжық.
Тәрбиеші: — Балалар,ал сендерге бүгінгі оқу қызметі ұнады ма?
Балалар: — Иә, ұнады.
Тәрбиеші: — Қандай мереке жайында айттық?
Балалар: — Ғарышкерлер күні.
Тәрбиеші: — Қазақстаннан алғаш ұшқан ғарышкер кім?
Балалар: — Тоқтар Әубәкіров
Тәрбиеші: — Қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: — Көктем
Тәрбиеші: — Көктемде табиғатта қандай өзгерістер болады?
Балалар: — Күн жылынып, құстар жылы жақтан келе бастайды, адамдар қалың киімдерін тастап, жұқа киінеді,жаңбыр жауады.
Тәрбиеші: — Өте тамаша, сендер барлық тапсырмаларды жақсы орындап шықтыңдар.Осыменен бүгінгі оқу қызметі аяқталды.